Елімізде егін орағы жұмыстары аяқталып қалды. Ресми мәліметке сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында жиын-терім жұмыстары – 65%-ға, Ақмола облысы – 87,9%, Қостанай облысында 80%-ға орындалған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 7 қазандағы мәліметі бойынша, 14 084,5 мың гектар алқаптың астығы орылды.
Алайда астық түсімі мәз емес, өнім өткен жылмен салыстырғанда 17,4%-ға аз. Оған басты себеп – республикамыздың астықты өңірлерінде биыл қуаңшылық болып, егістік жерлер аптап ыстыққа ұрынды. Орташа өнімділік 11,9 келі/га-ға құрайды, бұл былтырғы көрсеткіштен 14,1 келі/га-ға төмен. Былтыр астықтың көлемі 20,3 млн тонна болса, биыл шамамен 17 млн тонна жиналады деп күтіліп отыр. Жалпы, соңғы алты жылдағы астық өндірісіндегі төмен көрсеткіш биыл тіркелгенін айта кету керек. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ішкі қажеттілік 100% қамтамасыз етіледі деп сендірді. Ведомство басшысының айтуынша, ішкі нарықта астық жеткілікті. Қазірдің өзінде 14 млн тонна астық бастырылған. Жоспарға сәйкес, еліміз 2019-2020 жылы 7 миллион тонна бидай мен ұн экспорттайды.
Қазақстан – астық экспорты бойынша Орталық Азияда көш басында тұрған мемлекет. Астық алқабының көлемі мен егістік шаруашылығы әлеуеті жөнінен республикамыз аймақтағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуші рөлге ие болған. Оңтүстігімізде жатқан бидайға тәуелді бауырлас елдерден бөлек, бүгінде еліміздің бидайын АҚШ, Нидерланды, Бельгия, Корея, Испания, Түркия, Вьетнам, Қытай мемлекеттері тұрақты тұтынып келеді. Одан бөлек, Беларусь пен Ресей, Украина да ішінара біздің астықты алып тұрады. Әсіресе, Қытай соңғы жылдары Қазақстаннан бидай импорты көлемін арттырып келеді. Мәселен, биыл еліміз Қытайға жарты миллион тонна астық экспорттауды жоспарлап отыр. Естеріңізде болса, үш жыл бұрын (2016) шығыстағы көршінің нарығына 300 мың тонна жеткізсек, былтыр ол 600 мың тоннаға өскен. Астық экспорты жөнінен аймақта Қазақстанға бәсекелес болатын ел – Ресей мен Украина. Дегенмен бізге қарағанда тұрғын саны анағұрлым артық бұл мемлекеттер үшін ең алдымен ішкі нарығын жабу мәселесі бар. 2018 жылы Ресей Қытайға 1,5 млн тоннадан астам астық экспорттаған. Әйтсе де, қытай нарығы үшін бұл өте аз өнім. Қытайдың астық тұтыну көрсеткіші 390 млн тоннаға жуық. Бұл тұрғыда сатып алушыны алыстан іздемейміз. Яғни, экспорттық бағыт айқын, нарыққа жол салынған.
Десек те, астық шаруашылығының өзіне тән ішкі мәселе көп. Соның бірі – техниканың тозуы. АШМ мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта республикада ауылшаруашылық техникалары паркінің ескіруі – шамамен 80%. Мамандардың есептеуінше, техника мен саладағы технологияның тозуы салдарынан Қазақстанда 95 млрд теңге жөндеу жұмыстары мен жанар-жағармайды артық жұмсауға, яғни шығынға әкеледі екен. Сондай-ақ комбайн-трактордың санын салыстыра қозғасақ, 1 мың гектар егістік алқабына Германияда 65 трактор, 11 комбайннан келсе, бізде бұл көрсеткіш мың гектарға 6 трактор, 3 комбайннан айналады. Бұл тұрғыда дамыған мемлекеттер көрсеткішінен көп артта қалғанымыз көзге көрініп тұр. Техникалық жабдығы сай, жаңарған технологияның арқасында ол елдер әр гектардан 50-60 центнерден өнім алса, біздің қол жеткізіп отырған көрсеткішіміз жартысына да жетпейді. Себебі түсінікті де. Астық экспорты жағынан алдыңғы орындағы Қазақстан үшін ендігі шешуі керек мәселе – техникалық паркін жаңарту.
Биыл астық шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін қиындық тудырған тағы бір мәселе – дизель отынының бағасы. Былтыр литрі 128 теңге болған солярканың құны биыл 170 теңгеге шықты. Әсіресе, жиын-терім кезінде дизель отынын саудалаушылар өздеріне ыңғайлы баға қалыптастыруды әдетке айналдырып алатыны жасырын емес. Бұл да астық өндірісіндегі өнімнің өзіндік құнын қымбатқа түсіріп отыр.