Сәулет өнерін сөз еткенде ең әуелі ойға архитекторлар түседі. Біз айтып отырған ұлттық нақыштағы ғимараттардың бой көтеруі тікелей осы сала мамандарына қатысты. Өз сөзіміз болмасын, бірінші кезекте жалпылама бір сұраққа жауап іздегенді жөн көрдік – «Ұлттық нақыштағы қаламыз бар ма?». Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Сәулет кафедрасының оқытушысы Есболат Дүйсебай елімізде мұндай қалалар атымен жоқ екенін жеткізді.
– Архитектура ғимаратты сала беру емес. Ол мәдениет бүтін бір елді, ұлтты жер жүзіне таныта алады. Ұлттық нақыштағы қала жоқ сияқты деп емес, жоқ деп айту керек. Ал ол кімнің кінәсі? Сіз бен біздей бүтін интеллигенцияның кінәсі. Ненің әсерінен екені белгісіз, өзіндік таным мен көзқарас қалыптаспады. Қала тұрғызудың өзі түптеп келгенде ұлттың санасына қатысты, – дейді.Елорданы салу кезінде әртүрлі стильдер мен дәстүрлер араластырылып, заманымыздың озық деп саналатын сәулетшілерінің жұмысы ұсынылған болатын. Қаланың бас жоспарын көрнекті жапон сәулетшісі Кисе Курокава әзірлеген, ал Бейбітшілік және келісім сарайы мен «Хан шатырдың» жобалары ағылшын Норманн Фостерге тиесілі болса, Қазақстан киноконцерт залы италиялық Манфреди Николеттидің сызбасымен салынған. Содан да болар, қаланың кез келген жерінен түрлі стильдегі әлемдік мәдениеттің бөлшегін немесе тұтастай көшірмесін ұшырастырамыз. Англиядағы әйгілі қызыл телефон будкалары, Эйфель мұнарасының кішірек үлгісі, осылайша тізе беруге болады. Кәдімгі тұрғын үйлердің өзі аты аңызға айналған шетелдік нысандардың үлгісімен салынған. Қаладан шықпай-ақ қаншама елді аралап тастағандай күй кешесіз. Мысалы, Лондон, Француз, Италия кварталын алайық, әлі салынып жатқандары қаншама?
Көшірмеден көз ашпадық
Стильден бөлек, белгілі бір нысандардың ұқсатып та, қаз-қалпында да ала салған көшірме нұсқалары көп. Қабанбай батыр даңғылының бойындағы алыстан менмұндалап көрінетін «Триумф» тұрғын үй кешенінің сәл үлкендеу түрі Мәскеуде бар. Затымен қоса аты да ұқсас: біздікі «Триумф» болса, олардікі «Триумф палас» деп аталады. ҚазМұнайГаз ғимараты мен Дубайдағы The Palm Jumeira, Багам аралдарындағы Atlantis қонақүйлерінен ұқсастық табатындар да көп. [caption id="attachment_76583" align="alignnone" width="930"] Мәскеудегі «Триумф» тұрғын үй кешені[/caption] Қаланың қақ ортасындағы Бейжің сарайы, Абу Даби плаза, Римдегі Колизейге ұқсас Қазақ ұлттық өнер университеті, Опера және балет театры, одан бөлек Гизадағы пирамидалардың үлгісіндегі «Бейбітшілік және келісім сарайы», Париждегі аты аңызға айналған «Жеңіс аркасы» да Мәңгілік ел даңғылының бойында тұр. EXPO-2017 көрмесінің бас ғимараты – Қазақстанның ұлттық павильонының эскиздік, ізін ала бекітілген нұсқасы пайда болған сәттен бастап-ақ көрменің символы плагиат екені, яғни әлемге әйгілі сәулетшілер бізге бөтен идеяны ұсынғаны туралы ақпарат қарша бораған. Сөйтіп, «Нұр Әлемді» 2008 жылы ұсынылған атақты футурист-сәулетші Джеймс Лоудың жобасымен салыстырды. Оның революциялық «Техносферасы» Дубайда Технопарк ауданында тұр.Ұлттық нақыштың анықтамасы жоқ
Жалпылама ұлттық нақыш жайында сөз қозғағанмен, оның өзі нақты дәйегі жоқ, буалдыр дүние іспетті. Қазақ ұлтының көшпенді халық болғанын алға тартып, қала болмағанын айтатындар да көп. Ал Елтаңба авторы, архитектор Жандарбек Мәлібеков болса, қазақ архитектурасы Кеңес заманынан бері ізденіске түспей, тұралап қалғанын айтады.– «Ұлттық нақыштағы қала жоқ» деген пікірге толық қосыламын. Кеңес заманынан бері қазақ сәулетшілері айтарлықтай ізденіске түскен жоқ. Ұлттық сәулет өнері десек, олар кесене ғимаратынан әрі аспады. Қазіргі қалалардың бір ғана архитектуралық үлгісі бар. Ол – Кеңес дәуірінен қалған қарабайыр үлгі.Демек, біз айтқан ұлттық нақыш әлі қалыптасып үлгермеген екен. Тарихқа үңілсек, қазақ даласында ғимараттың түрі өте көп. Сақ дәуірі, Ислам дәуірі мен Алтын Орда кезеңінде олардың сыртқы кейпі өзгеріп отырған. Дегенмен бұған қатысты этнологтар не айтады?
Соңғы жылдары салынып жатқан үйлердің бәрі тек Батыс дүниесіне еліктеуден туған. Архитекторлар жаңашылдыққа бет алып, ежелгі үлгілерді сынап көруден қорқатын секілді. Айналып келгенде бұл – сананың жемісі. Түркістан қаласын ұлттық нақыштағы қала деп тағы айта алмаймыз. Шығыс әлемінің үлгісі басым. Соңында зерттеуге мәжбүр боламыз, – дейді тарихшы-этнолог Батырхан Жұмабаев.Қорыта айтқанда, архитектурадағы ұлттық бояу бізде әлі күнге дейін қалыптаспаған. Болған күннің өзінде еліктеуден туған түсініксіз элементтермен тамырласқан. Мұны біз ғана емес, сарапшы мамандар да, қарапайым халық та айтып жүр. Сәулет өнері – ел мәдениетінің іргетасы іспеттес құндылық болса, оның ұлт болмысымен біте қайнасып жатуы заңдылық емес пе?
Мадияр ТӨЛЕУ