Таулы Қарабақ соғысы тағы тұтанды
Таулы Қарабақ соғысы тағы тұтанды
585
оқылды
Тарихи шегініс. Таулы Қарабақ – КСРО тарағанға дейін Әзербайжан құрамында автономиялы облыс болып келген жер. Алайда халқының басым бөлігі армяндар еді. 1989 жылғы санақ бойынша, армяндар 76%, әзербайжандар 21%-ды құраған. Қазір тек армяндар тұрады. Қос тарап та «жер менікі» деп түрлі тарихи дәлелдер келтіреді. Қара­бақ атауы әзербайжан тілінен шыққаны мәлім. Ал армяндар оны Арцах деп атайды. Бұл аймақты IV ғасырларда армян тайпалары мекендеген. Кейін парсы патшаларының қарамағына өткен. Кавказ Албания пат­шалығы да иелік еткен. Ал татар-моңғол шапқыншылығы басталған соң өңірде түркі тайпалары басшылық орнатқан. Осы кезден бастап  Қарабақта мұсылмандардың билігі жүреді. 1502-1722 жылдар аралығында Се­фе­видтер патшалығы әмірін жүргізді. Бұл патшалықта исламның шииттік бағытын ұстанды. Ал 1747-1822 жылдары Қарабақ хандығы өмір сүрді, оның басшылары мұ­сыл­мандар болатын. Кейін Ресей импе­риясының құрамына кіріп, жұтылып кетті. Ресейде билік басына большевиктер келген соң (1918-1920 жж.) қос ұлт арасында аталған өңірге қатысты соғыс жүрді. Бірақ 1930 жылдары Таулы Қарабақ Әзербайжан құрамында қалды. Тек 1980 жылдардың соңын­да қайта құру кезеңі басталғанда Қарабақтағы армяндар Бакуге бағынудан бас тартты. Ал КСРО тараған кезде 1992-1994 жылдары жүрген қарулы күрес нәтижесінде Таулы Қарабақ тәуелсіз, мойындалмаған республикаға айналды. Алайда де-факто Армения бақылауына көшті. Қайта тұтанған соғыс. Соңғы қақтығыс 27 қыркүйек күні басталды. Оқ атуды қай ел бастағаны белгісіз, екі жақ та біз қорғану­дамыз деп мәлімдеді. Армения жаппай, Әзербайжан жартылай моби­лизация жариялады. Қақтығыс нүктелері негізінен Әзербайжан мен Таулы Қарабақ шекарасы бойында жүріп жатыр. Дегенмен жағдайды бағалауға екі елдің ақпараттық пропагандасы кедергі. Себебі олар таратқан деректердің рас-өтірігін анықтау қиын. Бір-бірінің ақпарын жоққа шығарып келеді. Мәселен, Армения Түркияның F-16 жойғыш ұшағы армян армиясына қарасты СУ-25 ұшағын жойғанын хабарлап, Ан­караның соғысқа тікелей араласып отыр­ғанын жария еткісі келді. Дегенмен Баку мен Анкара бұл жалған мәлімет екенін жет­кізді. Бұдан бөлек, қос тарап та қар­сыласының біраз танк, броне­техникасын жойғанын жариялап жатыр. Оларды да тексеру қиын. Өз кезегінде 1 қазан күні Армения қарсыласының 1 тікұшағын жойғанын жеткізді. Іле-шала Әзербайжан «ақпарат жалған, бүкіл әуе техникамыз дін аман» деп мойындамады. Екі ел де өзінің мерейі үстем екенін дә­лел­деу үшін дроннан түсірілген видео­ларды дәлел ретінде таратуда. Әсіресе, Әзер­­байжан Түркияның «Байрактар» әскери дронының шабуылын жиі жария­лайды. Бір видеода әскери жүк көліктерінің колон­насын бомбаласа, басқа видеода 122 мм Д-20 гаубицаларының көзін жой­ғанын паш етті. Соңғы мәліметтерге қа­расақ, Бакудың біраз жетістігі бар сияқты. Әзер­байжан әскері Кавказдағы биік шыңдардың бірі Муровдагты (3 340 м), бірнеше елді ме­кен­дерді басып алған. Жақында олар Арме­нияның 2,3 мың сар­базын, 130-ға жуық әс­кери техника­сы­ның көзін жойға­нын мәлімдеді. Өз кезе­гінде Армения Әзер­байжанның 790 әскерін жойып, 137 танкісін ойрандағанын жет­кізді. Жоғарыда айт­қанымыздай, қос тарап та ақпараттық про­паганданы үдет­кен соң бұл деректердің ақ-қарасын анық­тау қиын. Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды. Бұл жолы Әзербайжанның қимы­лы ширақ, шабуылы қуатты. Себеп аз емес. Осыған дейін армиясын күшейтті. Түркия­ның қолдауына ие болды. Жазда Түркиямен бірге әскери жаттығулар өткізген. Енді үйренгенін практикада қолдануда. Өйткені 27 қыркүйектен бері Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Бакуды толық қолдайтынын ресми мәлімдеді. Біршама әскери техника жібергені де жасырын емес. Әзербайжан тек түрік техникасын ғана емес, Израиль өнімдерін де белсенді қолдануда. Олардың қатарында SkyStriker, Harpy шабуылдаушы дрондар бар. Ол Армения әскери күштерінің құрамындағы ресейлік техникаға қарсы қолданылуда. Tayli Karabax1 Геосаяси тәуекел. Жалпы, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев үшін Армениямен кез келген қақтығыс геосаяси сынақ деуге болады. Себебі Армения территориясында Ресейдің 102-әскери базасы орналасқан. Ондағы ресейлік сарбаздар Ереванды қорғауға әп-сәтте қосылып кетуі мүмкін. Сәйкесінше, Әзербайжан Ресейді де өзіне қарсылас етіп алу мүмкіндігі жоғары. Оған қоса, Армения мен Ресей ҰҚШҰ ұйымы аясында одақтас. Яғни, Мәскеу осы негізде-ақ Ереванға қорған бола алады. Бұдан бөлек, осы жолы Ресеймен ара­қатынасы күрделі болып тұрған Түркияның дрондарымен қақтығыс барысында ресейлік әскери тех­никаны жоюы да Мәс­кеуге ұнай қоймасы анық. Бұл қақтығыста тыныш жатса да, әлі ұстанымын көрсетпеген тағы бар фактор бар. Ол – Иран. Армения мен Әзербайжан да парсы елімен шекаралас. 27 қыркүйектен бері атылған бірнеше снаряд Иран терри­ториясына түсіп кетіп жатты. Тегеран осыған орай қос тарапқа «оқтарыңа ие болыңдар» деген мәндегі ресми ескерту жасады. Бір қарағанда, шииттік Иран шиизмге біртабан жақын Әзербайжанды (65-85%) қолдауы тиіс сияқты. Оған қоса, Иран халқының 16 па­йызы – әзер­бай­жандар. Бірақ бауырым деп қолдап кететін парсылар жоқ. 29 қыр­күйекте Иран территориясынан Арменияға  атта­нып бара жатқан жүк көліктер колон­насын жергілікті әзер­байжандар өртеп жіберген. Олар көлік­терде армяндарға ар­налған қару бар деп ойлаған. Алайда Иран­ның Сыртқы істер министрі бұл мәліметті жоққа шы­ғарды. Жүк көліктерінде шын мәнінде не болғаны әзірге белгісіз. Бұл жолғы әзербайжан-армян қақты­ғысының тағы бір ерекшелігі бар. Ол – жалдамалы күштер. Батыс медиасы Түркия Сириядағы соғыста тәжірибе жиған жал­дамалы сарбаздарды Әзербайжан күш­теріне көмектесуге алып келді деп жазды. Өз ке­зегінде Түркия «Армения жалдамалы күрд­тердің күшіне жүгінді» деп айыптап отыр. Ал түріктер күрд халқымен ХХ ғасыр­дан бері күресіп келе жатқаны мәлім. Сөз соңы. Жер дауы, дін дауы оңай шешілетін күрмеу емес. Әдетте, қос тарап та соңғы демі қалғанша күресіп, қантөгіс бірнеше жылға, декадаларға ұласады. Таулы Қарабақ кикілжіңі де осы тұжырымды дәлелдеп келеді. Алайда жақында Арме­нияның премьер-министрі Н.Пашинян Таулы Қарабақ «құқығы кең автономиялық облыс» мәртебесінде Әзербайжан құра­мына оралса, соғыс өртін мәңгілікке өшіруге болар еді деген пікір айтты. Кім біледі, бұл да бір шешім шығар, алайда оған Армения парламенті, халқы, түптеп кел­генде Таулы Қарабақ жұрты келісе ме?  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА