COVID-19 құрбандарының саны қанша миллион?
COVID-19 құрбандарының саны  қанша миллион?
145
оқылды
Бірден айта кетелік, бұл сандар бәрібір нақты емес. Ресми статистикаға мемле­кеттердің басым көпшілігі КВИ диагнозы расталған және негізінен ауруханада өлген адамдарды ғана қосады. Сырқаттар тек ПТР-тест және басқа да зерттеу жүргізу нәтижесінде анықталады. Алайда тестілеу жүйесі және диагностика азаматтардың барлығына бірдей қолжетімді емес әрі жетпейді. Нәтижесінде, барлығы қанша адамның КВИ-ге шалдыққанын және оның қаншасы мерт болғанын бірде-бір ел тап басып айта алмайды. Johns Hopkins University дерегінше, 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жер ғаламшарында 7 миллиард 815 мил­лион 571 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Сонымен бірге биыл (1 қазанға дейін) әлемде 44 миллион 277 мыңнан астам адам көз жұмды. Оның қаншасының өмірден өтуіне коронавирус түрткі болғаны белгісіз. Мысалы, Ресейде ресми статистикаға сенсек, бүгінде жалпы саны 1 миллион 185 мың 231 адам коронавирус кеселіне душар болды, соның ішінде 20 891 адам қайтыс болды. Бірақ сарапшылар сырқаттар саны бір емес, бірнеше миллион екеніне назар аудартады.
«Миллион науқас деген дерек шындық ауылынан алыс жатыр. Бұл жаңсақтықтың себебі әртүрлі: Ресей үлкен, республи­калары мен облыстары әртүрлі дамуда, кейбірінің жағдайы індет жұқтыру жағ­дайын тегіс тіркеуге мүмкіндік бермейді, ал енді бірінде індеттің таралу ауқымы қасақана жасырылады», – дейді биология ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Алексей Куприянов.
Ресми статистикаға симптомсыз сыр­қаттарды қоса есептеген Лондон импе­риялық колледжі (ICL), Денсаулық көр­сеткіштері және бағалау институты (IHME) және Youyang Gu зерттеу ұйымы Ресейде коронавируспен шамамен 5-7 миллиондай адам ауырған деген байламға келді. Тиісінше, 1 миллиондық межеден солтүстік көрші қыркүйекте емес, мамыр-маусым аралығында өткен. Ресейлік белгілі демограф А.Ракша қаза тапқандардың саны да екі еседен артық екенін жеткізді.
«Менің ойымша, Ресейде COVID-19 індетінен шамамен 40 мың адам өлді. Ал шекті өлім-жітім, яғни коронавирус ин­фек­циясы анықталған, алайда басқа дерті­нен дүние салған адамдарды қос­қанда, пандемия басталғалы бұл көрсеткіш шамамен 55-60 мың адамға жетті», – дейді Алексей Ракша.
Сарапшылардың мәліметінше, тест-жүйелердің ерекшелігі және кемшілігі кесірінен коронавирус сырқаттарының үлкен бір бөлігі статистикаға қосылмады: ауру дамуының кейінгі сатыларында тіпті вирустың барына қарамастан, тест теріс нәтиже көрсетуі мүмкін. Бұл кезде дерт өкпенің төменгі бөлімдеріне терең кіріп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда науқастың өкпесі қабынғанын байқаған дәрігерлер сырқаттарға «ауруханадан тыс пневмония» деген диагноз қояды. ПТР-тест оң нәтиже бермегесін, коронавирус деп жаза ал­май­ды. Осы құбылыс ТМД көлемінде жазда ушығып кетті. Нәтижесінде, шілде айында Қырғыз Республикасы, бертінде Қазақстан КВИ симптомдары бар пнев­монияны COVID-19 статистикасына қосу­ға мәжбүр болды. Осындай пневмония Башқұрт­станда, Кубаньда, Санкт-Петер­борда өрші­геніне қарамастан, Ресей әлі күнге қоспай отыр. РФ денсаулық сақтау ми­нистрлігі тіпті ПТР-тест растаған, бірақ ауыр сырқаты жоқ (симптомсыз) адам­дарды да КВИ мәліметтеріне қосуға тыйым салды. Осылайша, көрші өз көр­сет­кішін қолдан көркейтуде. BBC зерттеу жүргізе келе, әлемде COVID-19 нақты цифры қазіргі ресми деректен 60%-ға жоғары деген тұжы­рымға келді.
«Нақты қанша адамның КВИ індеті­нен опат болғанын енді анықтау мүмкін емес. Бір қарағанда, «мұндай есепте қалай жаңылуға болады?» деп таңғалуыңыз мүмкін. Дегенмен бәрі сонша оңай емес», – дейді Колумбия университетінің профессоры Джон Муттер. Пандемия шырқау шегіне жеткенде бүкіл әлемдегі медициналық ұйымдар мен дәрігерлер өлгендерді санауға емес, көзі тірілерді аман сақтап қалуға күш салды. Ауруханадан орын таппай, үйінде өлгендер туралы хабарлар Қазақстанда да айтылды. Испа­ния, Италия қалаларында сырқаттардың аурухананың күту залында үзіліп кеткенін ақпарат құралдары көрсетті.
Коронавирус құрбандары толыққанды есептелмегенін басқа да зерттеулер паш етеді. Мысалы, Financial Times талдауынша «коронавирусы жоқ» адамдардың өлім-жітімі биыл 2015-2019 жылдармен салыс­тырғанда Англия мен Уэльсте – 37%, Испанияда – 51%, Бельгияда 60% жоғары болып шыққан. Өйткені ауруханалар COVID-19 науқастарынан басқаны қабыл­дамаған шақта адамдар жүрек-қан тамыр­лары аурулары, онкология, ЖИТС, тубер­кулез және басқа да қауіпті дерттер сал­дарынан көбірек өлуі ықтимал. Егер басқа заман болғанда бұл азаматтардың тірі қалуға мүмкіндігі болар ма еді...  

Айхан ШӘРІП