Көлік айнасын ұрлау көлденең табыс көзі ме?
Көлік айнасын ұрлау көлденең табыс көзі ме?
«Біздің бөлімше қызмет­керлерінің күшімен, Алма­лы аудандық полиция басқармасын­дағы әріптестеріміздің көмегімен бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 1986 жылы туған азамат ұсталды. Ол қала аумағында автокөлік ай­наларын ұрлаумен айналысқан және белгілі болғандай, оларды Car Cityсауда үйінде сататын ор­ны бар сатушыға өткізіп отыр­ған. Жедел іс-шаралар барысында ұрланған заттарды сатып алушы – 1985 жылы туған Т. есімді азамат  ұсталды. Бүгінгі таңда 6 элиталық көліктен, негізінен Toyota Land Cruiser 200  маркалы жол талғамайтын көліктерден айна ұрлығына «қылмыстық дуэттің» қатысы бар екені анықталды. Сатып алушы ұрланған мүлікті өз жұмыс орнында сататын бо­лып шықты. Айғақты заттар алын­ды және қылмыстық іс­т­ің материалдарына қоса тір­келді», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция бас­қар­масының бастығы, по­лиция полковнигі Еркін Іңкәров.
Екі күдікті де қамауға алынды. Ұрының әрекеті Қылмыстық кодекстің 188-бабы  «біреудің мүлкін ұрлау», қылмыстың тағы бір сыбайласы Қылмыстық ко­декстің 196-бабы  «ұрланған зат­ты сату» бойынша қылмыстық жауап­кершілікке тартылды. Алып шаһарда жыл басынан бері айна ұрлығы 2,3 есе азай­ған. Қапталдағы айналарды ұр­лаумен айналысқан 17 адам ұсталды, ұрланған тауардың тағы 41 сатып алушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар ұрланған мүлікті сатып алу мен сатудың 161 фактісі бойынша өз кінәсін мойындаған.  

Отандық компания ұрылар­дан қорғану үшін автокөлік айналарына лазермен VIN-код салуды қолға алған болатын. Бұл – автокөлік айналарын таңбалау. Әрбір айнаға автокөліктің VIN-коды енгізіледі. VIN-код (Vehicle identification number) – 17 бел­гіден тұратын көлік құралының сәйкестендіру нөмірі. Онда өн­діруші туралы, автокөліктің сипаттамасы және шыққан жылы жайында ақпарат жазылады. Ойып жазылған код жолды кө­руге кедергі келтірмейді және айнаның сыртқы кескінін бұз­байды.

  Құқық қорғау органдары қыз­меткерлері карантин кезінде қа­лада қылмыс біраз төмендегенін айтады. Байқағандарыңыздай, бұл соңғы жылдары талайды сан соқтырған автокөлік айнасын ұрлауға да қатысты. Бір айта ке­терлігі, Алматы полицейлері автобөлшектер сататын базаға жиі рейд жасап тұрады. Осындай рейд барысында талай рет ұр­ланған автобөлшектерді сату дерегі тіркелгенін айта кету керек. Әсіресе  автокөлік айналары мен аккумуляторы қолды болған.
Автокөлік айнасын ұрлау­ға қатысты көпшіліктің жадын­да қалған ең елеулі оқиға – елі­міз­дің мақтанышы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қа­рақшылар қолынан қаза табуы. Арада 1 жылға жетпейтін уа­қыт өткенде тап осындай айна ұрлығына қатысты оқиға Олим­пиада чемпионы Дмитрий Балан­диннің де басынан өтті. Абырой болғанда  қылмыскерлердің спорт­шының автоәйнегін ұр­лау сәті видеоға түсіп қалып, қыл­мыс көп ұзамай әшкереленді. Сол кезде Дмитрий Баландин: «Toyota Land Cruiser машинасын айдаймын, оны Олимпиададан кейін сыйлаған. Бір айнасы шамамен 400 мың теңге тұрады. Біз Денис Тенді өлтірген жерге жақын отырғанбыз. Адамдар әлі де айна ұрлайды, ашуың келеді. Халық өзгермейді» деп қынжылыс білдірген. Спортшы достарымен кафеде түскі ас ішіп, кейін далаға шық­қанда айнасын шешіп алып кет­кенін байқап, полицияға ша­ғымданған. Оқиға қаланың қақ ортасында  Құрманғазы, Абылай хан және Бәйсейітова көшелерінің қиылысында болған. Көпшіліктің назарындағы жер­де, оның үстіне тапа тал түс­те оқиғаның қайталануы нені білдіреді? Бұл әбден кәнігі болған қылмыскерлердің ештеңеден қорықпайтынының және тайын­байтынының айғағы емес пе?
Мән беріп қарағандар авто­көлік ұрлығымен айналысушылар анау-мынау емес, өте қымбат көліктердің айнасына көз тіге­тінін байқаған болар. Өйткені мұндай көліктердің айнасын да қомақты қаржыға өткізіп, бірден оңай олжаға кенеледі. Отандық компания ұрылар­дан қорғану үшін автокөлік айналарына лазермен VIN-код салуды қолға алған болатын. Бұл – автокөлік айналарын таңбалау. Әрбір айнаға автокөліктің VIN-коды енгізіледі. VIN-код (Vehicle identification number) – 17 бел­гіден тұратын көлік құралының сәйкестендіру нөмірі. Онда өн­діруші туралы, автокөліктің сипаттамасы және шыққан жылы жайында ақпарат жазылады. Ойып жазылған код жолды кө­руге кедергі келтірмейді және айнаның сыртқы кескінін бұз­байды. Есесіне, қаскүнемдер айнадағы кодты көріп, райынан қайтады. Мұндай бөлшекті өт­кізе алмайды. Сатып алушылар оның ұрланған зат екенін бірден сезеді және оны иесі тауып ала­тынын біледі. VIN-кодты кә­сіби операторлар заманауи құ­рылғыны пайдалана отырып, бар болғаны 5-10 минутта салып береді. Ұрылардан сақтанудың тағы бір кең таралған және қолжетім­ді түрі – айнаға көлік нө­мірін жазып қою. Айна бетінде көлік­тің мемлекеттік тіркеу нө­мірі жазылса, оны сату мүмкін емес. Бұл – идентификация. Тек өз кө­лігіңізге арналған нөмір жазыл­ған айна ұрланған жағдайда жа­рамсыз болып қалады. Сон­дық­тан кәнігі ұрылар мұндай айналарға жоламайтыны анық. Ұрылар көбіне қараусыз қалған көліктер мен қарапайым қорғаныс құралдары жоқ авто­мобильдерді жиі тонайды. Сол себепті көлікті бейнебақылау орна­тылған орындарда немесе ақы­лы тұрақтарға қойған жөн. «Сақ­тықта қорлық жоқ» деген осын­дайда айтылса керек. Әйт­песе, көлденең табыс көзіне ай­нал­ған автокөлік айнасын ұр­лау әзірге тыйылмай тұр.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ