«Біздің бөлімше қызметкерлерінің күшімен, Алмалы аудандық полиция басқармасындағы әріптестеріміздің көмегімен бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 1986 жылы туған азамат ұсталды. Ол қала аумағында автокөлік айналарын ұрлаумен айналысқан және белгілі болғандай, оларды Car Cityсауда үйінде сататын орны бар сатушыға өткізіп отырған. Жедел іс-шаралар барысында ұрланған заттарды сатып алушы – 1985 жылы туған Т. есімді азамат ұсталды. Бүгінгі таңда 6 элиталық көліктен, негізінен Toyota Land Cruiser 200 маркалы жол талғамайтын көліктерден айна ұрлығына «қылмыстық дуэттің» қатысы бар екені анықталды. Сатып алушы ұрланған мүлікті өз жұмыс орнында сататын болып шықты. Айғақты заттар алынды және қылмыстық істің материалдарына қоса тіркелді», – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Еркін Іңкәров.Екі күдікті де қамауға алынды. Ұрының әрекеті Қылмыстық кодекстің 188-бабы «біреудің мүлкін ұрлау», қылмыстың тағы бір сыбайласы Қылмыстық кодекстің 196-бабы «ұрланған затты сату» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алып шаһарда жыл басынан бері айна ұрлығы 2,3 есе азайған. Қапталдағы айналарды ұрлаумен айналысқан 17 адам ұсталды, ұрланған тауардың тағы 41 сатып алушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар ұрланған мүлікті сатып алу мен сатудың 161 фактісі бойынша өз кінәсін мойындаған.
Отандық компания ұрылардан қорғану үшін автокөлік айналарына лазермен VIN-код салуды қолға алған болатын. Бұл – автокөлік айналарын таңбалау. Әрбір айнаға автокөліктің VIN-коды енгізіледі. VIN-код (Vehicle identification number) – 17 белгіден тұратын көлік құралының сәйкестендіру нөмірі. Онда өндіруші туралы, автокөліктің сипаттамасы және шыққан жылы жайында ақпарат жазылады. Ойып жазылған код жолды көруге кедергі келтірмейді және айнаның сыртқы кескінін бұзбайды.
Құқық қорғау органдары қызметкерлері карантин кезінде қалада қылмыс біраз төмендегенін айтады. Байқағандарыңыздай, бұл соңғы жылдары талайды сан соқтырған автокөлік айнасын ұрлауға да қатысты. Бір айта кетерлігі, Алматы полицейлері автобөлшектер сататын базаға жиі рейд жасап тұрады. Осындай рейд барысында талай рет ұрланған автобөлшектерді сату дерегі тіркелгенін айта кету керек. Әсіресе автокөлік айналары мен аккумуляторы қолды болған.Автокөлік айнасын ұрлауға қатысты көпшіліктің жадында қалған ең елеулі оқиға – еліміздің мақтанышы, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қарақшылар қолынан қаза табуы. Арада 1 жылға жетпейтін уақыт өткенде тап осындай айна ұрлығына қатысты оқиға Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің де басынан өтті. Абырой болғанда қылмыскерлердің спортшының автоәйнегін ұрлау сәті видеоға түсіп қалып, қылмыс көп ұзамай әшкереленді. Сол кезде Дмитрий Баландин: «Toyota Land Cruiser машинасын айдаймын, оны Олимпиададан кейін сыйлаған. Бір айнасы шамамен 400 мың теңге тұрады. Біз Денис Тенді өлтірген жерге жақын отырғанбыз. Адамдар әлі де айна ұрлайды, ашуың келеді. Халық өзгермейді» деп қынжылыс білдірген. Спортшы достарымен кафеде түскі ас ішіп, кейін далаға шыққанда айнасын шешіп алып кеткенін байқап, полицияға шағымданған. Оқиға қаланың қақ ортасында Құрманғазы, Абылай хан және Бәйсейітова көшелерінің қиылысында болған. Көпшіліктің назарындағы жерде, оның үстіне тапа тал түсте оқиғаның қайталануы нені білдіреді? Бұл әбден кәнігі болған қылмыскерлердің ештеңеден қорықпайтынының және тайынбайтынының айғағы емес пе?Мән беріп қарағандар автокөлік ұрлығымен айналысушылар анау-мынау емес, өте қымбат көліктердің айнасына көз тігетінін байқаған болар. Өйткені мұндай көліктердің айнасын да қомақты қаржыға өткізіп, бірден оңай олжаға кенеледі. Отандық компания ұрылардан қорғану үшін автокөлік айналарына лазермен VIN-код салуды қолға алған болатын. Бұл – автокөлік айналарын таңбалау. Әрбір айнаға автокөліктің VIN-коды енгізіледі. VIN-код (Vehicle identification number) – 17 белгіден тұратын көлік құралының сәйкестендіру нөмірі. Онда өндіруші туралы, автокөліктің сипаттамасы және шыққан жылы жайында ақпарат жазылады. Ойып жазылған код жолды көруге кедергі келтірмейді және айнаның сыртқы кескінін бұзбайды. Есесіне, қаскүнемдер айнадағы кодты көріп, райынан қайтады. Мұндай бөлшекті өткізе алмайды. Сатып алушылар оның ұрланған зат екенін бірден сезеді және оны иесі тауып алатынын біледі. VIN-кодты кәсіби операторлар заманауи құрылғыны пайдалана отырып, бар болғаны 5-10 минутта салып береді. Ұрылардан сақтанудың тағы бір кең таралған және қолжетімді түрі – айнаға көлік нөмірін жазып қою. Айна бетінде көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі жазылса, оны сату мүмкін емес. Бұл – идентификация. Тек өз көлігіңізге арналған нөмір жазылған айна ұрланған жағдайда жарамсыз болып қалады. Сондықтан кәнігі ұрылар мұндай айналарға жоламайтыны анық. Ұрылар көбіне қараусыз қалған көліктер мен қарапайым қорғаныс құралдары жоқ автомобильдерді жиі тонайды. Сол себепті көлікті бейнебақылау орнатылған орындарда немесе ақылы тұрақтарға қойған жөн. «Сақтықта қорлық жоқ» деген осындайда айтылса керек. Әйтпесе, көлденең табыс көзіне айналған автокөлік айнасын ұрлау әзірге тыйылмай тұр.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ