Қордай қақтығысы: тергеу амалдарының нәтижесі қайда?
Қордай қақтығысы: тергеу амалдарының нәтижесі қайда?
194
оқылды
Ұсталғандардың біреуі Ұлан Атам­баев  шекара қызметінің аға сержанты болғандықтан, сот Алматы гарнизонының әскери сотында өткенін айта кеткен жөн. Ал сот үкімі бойынша  Абзал Нұрахановқа Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» және 188-бабына сәйкес «ұрлық жасады» деген айып тағылып, ол 8 жылға бас бостандығынан айырыл­ды.  Бақытбек Ибрагимовты  «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деп 7 жыл­ға соттады. Нұраханов пен Ибра­гимов жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Бұдан бөлек, Мырзағали Дүйсен­баев «аса ірі көлемде ұрлық жасады» деген айыппен 5 жылға сотталса, «Жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп айыпталған Рүстем Бежібаев 5 жыл­ға, Ерлан Бұралқынов 3 жыл 20 күнге, Ұлан Атамбаев пен Алмат Тілеуғалиев 3 жылға темір тор­ға то­ғытылды. Олар жазасын қауіп­сіздігі орташа  абақтыда  өтейді. Осылайша, 7 азаматқа сот үкімі шық­ты. Судья Дихан Әлиасқаров күдіктілердің кесімін айтқан кезде, сот шешімімен келіспей залды басына көтергендер болды. Мәселен, Алмат Тілеуғалиев  3 жылға сотталғанын естігенде бұған дейін өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткенін айтып, «енді қарнымды жарып тастаймын» деп қорқытты. «Сәуірде өз-өзіме қол жұм­­сағанмын. Себебі заңсыз айып та­ғылды. Заңсыз соттап жатыр. Әділ үкім шығарсын деп тілеймін. Тағы да өзіме қол жұмсаймын. Бұлай өмір сүргенше өлгенім артық» деп «ауыр жазаға кесіліп» жатқанын жеткізді. Сотталушы  Мырзағали Дүйсен­баев отбасының жалғыз  асыраушысы екенін, Қордайға біл­мес­тіктен бар­ғанын айтып, көз жа­сын төкті. «Үйде бала-шағамды бағатын жалғыз өзім. Келіншегім ауырады. Қызым да жүрек ақауымен тіркеуде тұр. Мыналар ешқандай жеңілдік қарап жатқан жоқ. Мен таксист  болып барғанмын. Ұрлық жайында білмедім. Соны біле тұра,  6 жылға сот­тап жіберді»  деп соттың кешірімді болуын сұрады. Ал сотталғандардың жақындары сот отырысына қатыстырылмай, үкімді журналистердің аузынан ес­тіді. Олар да сот үкімімен ке­ліс­пей­тіндерін, апелляцияға бере­тіндерін айтты. «Сот үкімімен келіспейміз. Ба­ламның қылмыс жасағаны, біреуді ұрып-соққаны немесе ұрлық жа­са­ғаны тергеуде дәлелденген жоқ. Со­ған қарамастан, бас бостандығынан айырып отыр. Олай болса, Қордайға барғандардың бәрін соттай бер­сін», – дейді сотталушы Ұлан Атамбаевтың әкесі Сәрсен Атамбаев. Қордайлықтар сотталған жеті аза­маттың есімін қарап шығып, олар­дың арасынан ауыл азаматтарын  кезіктірмегендерін айтады. Демек, бұл Қордай қақтығысына сыртқы күштер әсер етті дегенді тағы бір айғақтап тұрғандай. Десе де, ұлтаралық ки­кілжіңнен кейін Ішкі істер ми­нистрлігі 120-дан аса іс бойынша тер­геу жүріп жатқанын мәлімдеді.  Оның 11-і адам өліміне қатысты. Алай­да жаппай тәртіпсіздіктен ке­йін күдікке іліккендер мен қа­мау­ға алынғандардың нақты саны ай­тылмады. Сондықтан тер­геу амал­дарынан кейін жазаға тар­ты­латындардың арасында ауыл аза­мат­тары да болуы мүмкіндігін ешкім жоққа шығара алмайды. Айтпақшы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай қақтығысына қатысы бар делінген күдіктілердің ата-аналарымен кездесу кезінде тергеу амалдарының материалдары тараптарға таныстырылуы керегін айтқан еді. «Біз болған қайғылы оқиға 11 адамның өліміне әкеліп соқтыр­ғанын, 200-ге жуық адам жарақат алғанын, азаматтарымыздың мүлкі зардап шеккенін ұмытпауымыз ке­рек. Сіздердің барлық өтініштеріңіз қаралады, ұсталғандармен кездесу мен телефон арқылы сөйлесу  ұйым­дастырылады. Құқық қорғау ор­гандары тергеу жұмыстарын аяқтады, ол материалдармен тараптар таныс­тырылуы керек. Заңды бұзған және олардың кінәсі дәлелденген адам­дардың бәрі жазалануы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Барлығы заң бойынша болуы керек» деген бо­латын облыс әкімі. Алайда қор­дайлықтар сот үкімімен тек әлеу­меттік желілердегі ақпараттан та­нысқанын айтады. Демек, Қордай қақтығысына қатысты құпиялылық әлі де қатаң сақталуда деуге негіз бар секілді.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы