Еліміздегі ең үздік ауыл әкімдері белгілі болды
Еліміздегі ең үздік ауыл әкімдері белгілі болды
139
оқылды
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл басшылары осыған дейін облыстық, одан соң республикалық дәрежеде бақ сынасқан еді. Нәтижесінде еліміздің ең үздік әкімдерінің есімі белгілі болды. Байқаудың мақсаты — елдің ауылдық елді мекендеріндегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды, оның ішінде қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымдарын ынталандыру, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендерді дамытуға елеулі үлес қосатын үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу. Конкурс екі кезеңнен тұрды. Алдымен облыстық деңгейде өткен іріктеуден суырылып әр аймақтың үздігі анықталды. Кейін түгел облыстың абыройын арқалап, республикалық байқауға жолдама алды. Конкурстың бірінші кезеңінде агенттіктің аумақтық департаменттері облыстардың әкімдіктерімен конкурс әдістемесіне сәйкес жұмыс жүргізді. Облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп арнайы сауалнама әзірленді, ол бойынша тұрғындардың пікірі ескерілді және үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтауы бойынша қорытынды берілді. Бұдан басқа, әкімдердің халықпен тиімді және кері байланысты жолға қою жөніндегі қызметі бағаланды, осы бағытта қол жеткізілген нәтижелер зерделенді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәселелерді уақытылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық диалог» форматтарында тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіледі. Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында, ауыл әкімдіктерінің көптеген ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған. Ауыл әкімінің тұрғындармен ашық қарым-қатынасы және өзекті мәселелер бойынша уақытылы шешім қабылдау нәтижесінде халықтың әлеуметтік мәселелері шешіледі. Президент өзінің 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті биліктің тұрғындарға қолжетімді болуын атап өткен болатын. Сондай-ақ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бағалау рәсімдерінің міндетті талаптарының бірі облыс әкімдіктерінің сайтында орналастырылған 16 критерий бойынша онлайн-дауыс беру түрінде өткен әкімдердің жұмысына халықтың қанағаттануын өлшеу болды. Үміткерлер ауылдық округті дамытуға, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған жобалық жұмыс, сондай-ақ «Мен неге «үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын» тақырыбында эссе дайындады. Ең жоғары балл жинаған кандидатпен республикалық комиссия жеке онлайн әңгімелесу өткізді, оның құрамына Президент Әкімшілігінің, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің  қызметкерлері, Сенат пен Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері кірді. Комиссия мүшелері олардың эсселерін, жазудағы креативті тәсілдерін оң бағалады, сондай-ақ жеңімпаздардың жобалық жұмыстары басқа қатысушылардың жұмыстарымен салыстырғанда үздік болды. Күллі Қазақстан бойынша үздік әкім аталымын Алматы облысы Іле ауданының Боралдай кенті әкімі Данияр Қоңырбаев иеленді.  Ол дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинап, 1 жүлделі орынға ие болды және өз аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жобасын сәтті қорғап шықты. Екінші орынды Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Аққайыр мен Ақмола облысы Целиноград ауданы Мәншүк ауылдық округінің әкімі Ғани Исаев бөлісті. Үздік үштікті тұйықтағандар: Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Жалаулы ауылдық окрігінің әкімі Азамат Медетов және ШҚО Жарма ауданы Шалабай ауылдық окрігінің әкімі Жанар Есембаева. Сондай-ақ, «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» номинациясы Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы Абай ауылдық окрігінің әкімі Мұратбек Арыстамбековке, «Халыққа ашық әкім» номинациясы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральный ауылдық округінің әкімі Самат Мейрмановқа, «Үздік іскер-шаруа әкім»  номинациясы Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиевке табысталды.   Республикалық конкурстардың жеңімпаздары мен қатысушылары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Анар Жаилғанованың атынан  грамоталармен, дипломдармен және алғыс хаттарымен марапатталды.

Айша ЕРСҰЛТАН