Таулы Қарабақ аймағындағы жағдай шиеленісіп барады
Таулы Қарабақ аймағындағы жағдай шиеленісіп барады
334
оқылды
Таулы Қарабақ аймағындағы жағдай шиеленісіп барады. Әзірбайжан мен Армения қорғаныс ведмостволары жанжал аймағында әскери іс-қимылдың жалғасып жатқандығын мәлімдеді. 27 қыркүйекте басталған Қарабақ жанжалы аймағындағы ахуал тараптар түйісетін барлық желіде күрделі болып тұр. Әзірбайжан мен Армения қорғаныс ведомстволарының мәліметтеріне қарағанда, жанжал аймағында артиллерия, сауытты техника, атыс қарулары қолданылып жатыр.
«Түні бойы ахуал біршама тұрақты әрі шиеленісті болды. Жекелеген учаскелерде артиллерия және атыс қаруларын қолдану жалғасты. Қазіргі уақытта майданның барлық бағытында соғыс іс-қимылдары қайта жанданды», - делінген 2 қазан күні Армения үкіметі жанындағы бірыңғай ақпараттық орталық таратқан ақпаратта. «Түнде және 2 қазан күні таңертең соғыс іс-қимылдары майданның түрлі бағыттарында жалғасты», - деп хабарлады өз кезегінде ӘЗЕРТАДЖ Әзірбайжан Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Күні кеше ғана ЕҚЫҰ-ның Минск тобына кіретін Ресей, АҚШ және Франция елдерінің президенттері тараптарды шұғыл түрде соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырған болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі де 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіретіндігін мәлімдеген еді.
«Бізге достас Әзірбайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз. Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз», - делінген ҚР СІМ мәлімдемесінде.