Бұл жүйе сонда қай жүйе?
«Жаңашыл жүйе деп отырған үш звенолық модельдің ешқандай да жаңалық емес» деген пікірді заңгер Абзал Құспан айтып отыр. «Енді бәрі жақсы болып кетеді» деп бөркімді аспанға ата алмаймын. Өйткені қазіргі жүйе де дәл осындай. Бар-жоғы жақсы атау қойылды. Аты өзгергенімен, заты өзгермеді. Меніңше, қазір керісінше прокуратураның әсерін азайту керек деп есептеймін. Қылмыстық іс бойынша бұл органның керегі сөзсіз. Дегенмен бізде оның өкілеті шамадан тыс. Құқық қорғау органдарына қатысты үлкен реформа керегі анық. Әйтсе де, оның жемісін көру үшін алдыңғы кезекте адами фактор реттелуі керек. Яғни, бірінші күннен қадағалауына алып алатын «пәлеқор» полиция, іс жүзінде тек айыптау бағытында жұмыс істейтін прокуратура, тергеу органдарының ықпалынан шыға алмайтын «қорқақ» судьялар өзгермейінше бәрі бекер», – дейді заңгер. Ал Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бұл модельдің фильтр іспеттес болатынын айтады. «Қасым-Жомарт Кемелұлы еуропалық елдердің үлгісімен үш звенолық жүйе енгізу керегін айтқан. Осы орайда, Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия құрылды. Бұл модель полиция, прокурор, сот өкілеттерінің нақты шекарасын белгілейді. Мысалы, біріншісі қылмысты анықтап, ашып, дәлелдер жинайды да, істі прокурордың қарауына жолдайды. Олар болса, объективті баға беріп, дәлелді базаларды тексереді. Мүмкін, нақты сол бап бойынша қарайды. Сонымен бірге тергеуші судья бар. Ол тағы бір зерделеп шығады да, соңында үкімді сот шығарады. Бұл дегеніміз – азаматтардың құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін фильтр десек болады», – дейді прокурор. Бас прокуратураның деректеріне көз салсақ, 2019 жылы азаматтардың конституциялық құқығының бұзылғанын тіркеген 1 017 факт белгілі болыпты. Конституцияның 83-бабына 2017 жылы мынадай өзгеріс енгізілген еді. 1. Прокуратура мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңның сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттің мүддесiн қорғайды және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. 2. Республика прокуратурасы төменгі прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және республика Бас прокурорына бағындыра отырып, бірыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкілетін басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсіз жүзеге асырады және республика Президентіне ғана есеп береді. 3. Республиканың Бас прокурорын өз өкілеті мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстінде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттерді қоспағанда, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас прокурор өкілетінің мерзімі – бес жыл. 4. Республика прокуратурасының құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгіленеді. [caption id="attachment_76910" align="alignnone" width="759"] © инфографика: Рауғаш Омарова[/caption]Прокурор айыптаушы ғана емес
Бұл мәселеге қатысты адвокат Джохар Өтебековтің ұсынысы бар: «Біздің «кеңестік» модель сәтсіз жасалған. Азаматтарға да, полицияның өзіне де қолайсыздық көп тудырады. Дамыған елдерде біздің тергеуші сияқты заңгер-полицей жоқ. Барлық мәселені сотқа қатысатын кәсіби заңгер – прокурор шешуі керек. Ұсынысым: тергеуші функциясының кей бөлігін прокурорға берсе дұрыс болады. Сол кезде заңның сақталуын қадағалайтын қызметкер процеске әу бастан қатысады. Қылмыс квалификациясы мен айыптау актісін тергеушілер емес, прокурор даярлағаны жөн». Жаңа үш звенолық модельде ақтап алатын үкімдер көбеюі тиіс. Жазықсыз жала жабылып, жапа шегетіндер азаюы керек. Әрі полиция қызметкерлері, прокурорлар мен судьялар арасындағы заңсыз қарым-қатынастар мен байланыстар жібі үзілмесе тағы болмайды. Бас прокуратураның ақпараты бойынша, қылмыстық істердің 37 пайызы электронды форматта қаралады екен. Алдағы уақытта қылмыстық процесті түгелдей цифрландыру жоспарда бар деседі. Мұның арқасында манипуляция мен фальсификацияны барынша азайтуға болады. Сонымен бірге құжаттарды ауыстырып, ыңғайына қарай жасап алмас үшін іс өндірісі де түгелдей цифрландырылса игі. 1 қазаннан бастап сотқа дейінгі істермен айналысатын құқық қорғау органдары электронды форматқа көшті. Яғни, азаматтар құқығына қатысты негізгі процессуалдық шешім қабылдау тәсілі өзгерді. Ендігіде барлық процессуалдық шешім сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне салынады. Оны қадағалаушы прокурор мен процестің өзге де қатысушылары еркін көріп отырады. Бұл жерде прокурордың міндеті – заңның қатаң сақталуын қадағалау. Ешқандай заңсыз актілер болмауын бақылайды, бас-көз болады. Президент Әкімшілігі жанынан үш звенолық сот төрелігі жүйесін енгізумен айналысатын арнайы комиссия құрылады. Жаңа модельге Қазақстан 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауысады деп жоспарланып отыр.Жадыра АҚҚАЙЫР