Ресей мен Түркия өзара есептесулерде доллардан бас тартуға уағдаласты. Осыған орай солтүстік көршінің сарапшылары мен ақпарат құралдары «Қош бол, доллар!», «Американың ажалы» деген тақырыпта қатал мәлімдеме жасауда. Шынымен, доллардың заманы аяқталды ма?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан он жыл бұрын, 2009 жылғы ақпанда «Российская газетада» жарияланған «Дағдарыс кілті» атты мақаласында әлемдік валютаны ақаулы деп атап, оны «дефектал» деп атаған дұрыс екенін айтқан болатын.
Көптеген елдің доллардан бас тартуға деген құлшынысының астарында әртүрлі себеп, саналуан мақсат-мұраттар жатыр. Ресей АҚШ валютасының рөлін төмендету арқылы оның санкцияларының күшін әлсіретпек. Халықаралық есептесулерде доллар үстем болғандықтан, ол сауда-саттығын және әріптестік байланыстарын өрістете алмауда.
Ал Түркия осы арқылы жаһандық державаға қыр көрсетуде. Өйткені Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп «түрік экономикасын жермен-жексен ететінін» айтып, қорқытты. «Егер Түркия менің тарапымнан шектен тыс деп танылар әлдебір нәрсе жасаса, Түркия экономикасын тып-типыл етіп, жер бетінен жойып жіберемін!» – деп, 7 қазанда Трамп Twitter-де ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасады. Еске сала кетсек, осының алдында америкалық көшбасшы АҚШ әскерлерін Сирияның солтүстігінен әкету туралы шешім қабылдады. Ізінше түрік әскері Сирияның солтүстігінде ірі әскери іс-қимылдар бастап, қазір күрд бекіністерін ұшақтармен және артиллериямен бомбалауда.
Тиісінше, Ресеймен сауда-саттықта доллардан арылуды Түркия қарсы сес көрсету сыртында, өз экономикасын «тып-типыл» етуден сақтандырудың бір жолы ретінде де қарастыруда. Ресейдің бірінші вице-премьері Антон Силуанов пен Түркияның қазынашылық және қаржы министрі Берат Албайрақ қол қойған келісім бойынша екі ел рубль мен лирадағы есептесулерді кеңейтеді, түрік банктері ресейлік «Мир» карталарын қабылдай бастайды және олар SWIFT-тің ресейлік баламасы СПФС-ке қосылады.
АҚШ санкциялар аясында Ресейді «байланыстың дүниежүзілік банкаралық қаржылық арналары қоғамынан» (SWIFT) шығарып тастауды қарастыруда. Сондықтан Ресей 2014 жылы СПФС-ті құруға кірісті. Қазір оған негізінен қазынашылық, банктер, компаниялар секілді 400-дей ресейлік резидент кіреді. Олар енді бұл жүйесімен басқа елдерді қамтуға құлшынып отыр. Шетелдіктерден оған беларустің «Белгазпромбанк», сондай-ақ қазақстандық «Еуразиялық банк» қана қосылған.
Ресей осының алдында, 2019 жылғы маусымда ұлттық валюталарда есептесу туралы Қытаймен де келісім бекітті. Алайда Ресей қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеевтің мойындауынша, ол шарт үкіметаралық меморандум сипатында ғана, тиісінше, нақты міндеттемелері де, межелері де жоқ.
Ресей Түркиямен арадағы қарым-қатынастарында бірден доллардан бас тарта алмайды. Ресей Қаржы министрлігінің ақпарына жүгінсек, түріктер елімен сауда есептесулерінің рубль мен лирдағы үлесі 2018 жыл қорытындысында небәрі 22%-ды құраған. Ал екіжақты алыс-берістегі АҚШ валютасының еншісі аса зор – 65%. Қалған 12,9%-дық есепайырысулар еурода жүреді.
Ресей 2019 жылдың маусымынан бастап, қару-жарақ келісімдерінде долларды пайдаланудан бас тартты. Бірнеше жылдан бері ҰҚШҰ елдеріне, соның ішінде Қазақстанға қару-жарағы мен әскери техникасын тек рубльге сатады. Елімізде рубльге деген сұраныс пен оның құнының өсуіне осы да өз әсерін тигізуде. Орыс мұнайын төрткүл дүниеге тасымалдаушы «Роснефть» таяуда «қара алтын» экспортында негізгі валюта ретінде еуроны бекітті.
Доллардың күші мен ықпалын азайтуға Еуропалық одақ, Жапония, Қытай, БАӘ, Иран, Мысыр және басқа да мемлекеттер күш салуда. Ұжымдық жігер үйірге бір өзі ғана иелік етуге ұмтылған тарпаң айғырдай астамсыған Американы жуасытуға түрткі болуы ықтимал.
Бірақ халықаралық сарапшылардың пікірінше, жаһандық қаржылық жүйе жақын болашақта доллардан бас тарта алмайды. Өйткені біріншіден, доллардан сырт айналғысы келетін Ресей мен Түркия сауда-саттығының көлемі сонша үлкен емес – 2018 жылы небәрі 25,6 млрд долларды құрады, бұл әлемдік ЖІӨ-нің айтуға тұрмас 2%-ын құрайды.
Екіншіден, әлемдік резервтік валюталар (ӘРВ) саны өте аз: оларға доллар, еуро, ағылшын фунты, жапон иенасы, швейцариялық франк, қытай юаны кіреді. ӘРВ-лардың ең қуаттысының жойылуы барлық елдердің экономикасы мен қаржы секторына соққы болады және жаһандық жүйені түбегейлі қайта құрылуға мәжбүр етеді. Мұндай қауіп-қатерді ешбір тәуелсіз мемлекет қаламайды.
Үшіншіден, ӘРВ арасында долларға азды-кем салмақты бәсекелестік құра алатын еуроның айналасында тәуекелдер қаптап өріп жүр. Merrill Lynch болжамынша, келесі жаңа жаһандық дағдарыстың эпицентрі Еуропа болмақ. Осы қаржылық ұйым стратегі Томми Риккетстің айтуынша, доллар тапшылығының туындауы кесірінен, дамушы елдер валюталарының құлдырауы аясында кейінгі кездері еуропалық қор индекстері де төмен нәтижелер көрсетуде. Оның үстіне Еуропаның сыртқы қарызы өсуде және оның экономикасы дамушы елдерге тәуелді.
Үшіншіден, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропаны қалпына келтіру аясында қабылданған «Маршалл жоспарына» сәйкес, доллар алтынға байланбаған. Демек АҚШ баспа станогын қосып, қанша көлемде доллар басамын десе де, ешкім оған қой демейді. Ал еуро болса, Еуропалық орталық банктің активтерімен қамтамасыз етілген. Еуроаймаққа кіретін бірде-бір мемлекет бақылаусыз ақша шығарылымы-эмиссиясын жасай алмайды. Ендеше бүкіл әлем де әзірше Америка валютасын ары ысырып, еуромен есептесуге жаппай көше алмайды. Бәріне жетпейді.
Мына жалған дүниеде доллар да мәңгілік емес. Бір заманда ол да құрып, тарих еншісінде қалар. Ал әзірге халықаралық валюталық резервтердегі доллардың үлесі 2018 жыл қорытындысында 61,7% болды. Сөйтіп, 1999 жылғы көрсеткішіне дейін төмендегенімен, күні бүгінге дейін басымдыққа ие. Еуроның дүниежүзіндегі үлесі – 20,7%. Жапондық иенаның еншісі – 5,2%, ал қытайлық юань үлесі 2%-дай ғана.