Долларды ауыстыратын валюта
Долларды ауыстыратын валюта
141
оқылды

Ресей мен Түркия өзара есептесулерде доллардан бас тартуға уағдаласты. Осыған орай солтүстік көршінің сарап­шылары мен ақпарат құралдары «Қош бол, доллар!», «Аме­риканың ажалы» деген тақырыпта қатал мәлімдеме жа­сауда. Шынымен, доллардың заманы аяқталды ма?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан он жыл бұрын, 2009 жылғы ақ­панда «Российская газетада» жа­рияланған «Дағдарыс кілті» атты мақаласында әлемдік валю­таны ақаулы деп атап, оны «дефек­тал» деп атаған дұрыс екенін айт­қан болатын.

Көптеген елдің доллардан бас тар­туға деген құлшынысының ас­тарында әртүрлі себеп, саналуан мақсат-мұраттар жатыр. Ресей АҚШ валютасының рөлін төмен­дету арқылы оның санкциялары­ның күшін әлсіретпек. Халық­ара­лық есептесулерде доллар үстем бол­ғандықтан, ол сауда-саттығын жә­не әріптестік байланыстарын өрі­с­тете алмауда.

Ал Түркия осы арқылы жаһан­дық державаға қыр көр­сету­де. Өйткені Құрама Штаттар пре­зи­денті Дональд Трамп «түрік эко­но­микасын жермен-жексен ете­тінін» айтып, қорқытты. «Егер Түркия ме­нің тарапымнан шектен тыс деп та­нылар әлдебір нәрсе жасаса, Түр­кия экономикасын тып-типыл етіп, жер бетінен жойып жібере­мін!» – деп, 7 қазанда Трамп Twitter-де ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасады. Еске сала кетсек, осы­ның алдында америкалық көш­бас­шы АҚШ әскерлерін Си­рия­ның солтүстігінен әкету туралы шешім қабылдады. Ізінше түрік әскері Сирияның солтүс­ті­гін­де ірі әскери іс-қимылдар бас­тап, қазір күрд бекіністерін ұшақ­тар­мен және артиллериямен бом­ба­­лауда.

Тиісінше, Ресеймен сауда-сат­тықта доллардан арылуды Түркия қар­сы сес көрсету сыртында, өз эко­номикасын «тып-типыл» ету­ден сақтандырудың бір жолы ре­тін­де де қарастыруда. Ресейдің бі­рінші вице-премьері Антон Силуа­нов пен Түркияның қазы­нашылық және қаржы министрі Берат Албайрақ қол қойған келісім бойынша екі ел рубль мен лирадағы есептесулерді кеңейтеді, түрік банк­тері ресейлік «Мир» карта­ларын қабылдай бастайды және олар SWIFT-тің ресейлік баламасы СПФС-ке қосылады.

АҚШ санкциялар аясында Ресейді «байланыстың дүниежүзі­лік банкаралық қаржылық арна­лары қоғамынан» (SWIFT) шы­ғарып тастауды қарастыруда. Сон­дықтан Ресей 2014 жылы СПФС-ті құруға кірісті. Қазір оған негізі­нен қазынашылық, банктер, ком­паниялар секілді 400-дей ресейлік резидент кіреді. Олар енді бұл жүйе­сімен басқа елдерді қамтуға құлшынып отыр. Шетелдіктерден оған беларустің «Белгазпромбанк», сондай-ақ қазақстандық «Еуразия­лық банк» қана қосылған.

Ресей осының алдында, 2019 жыл­ғы маусымда ұлттық валю­та­ларда есептесу туралы Қытаймен де келісім бекітті. Алайда Ресей қар­жы министрінің орынбасары Алексей Моисеевтің мойын­дауын­ша, ол шарт үкіметаралық ме­мо­рандум сипатында ғана, тиісінше, нақты міндеттемелері де, межелері де жоқ.

Ресей Түркиямен арадағы қа­рым-қатынастарында бірден дол­лардан бас тарта алмайды. Ресей Қаржы министрлігінің ақпарына жүгінсек, түріктер елімен сауда есеп­тесулерінің рубль мен лирдағы үлесі 2018 жыл қорытындысында небәрі 22%-ды құраған. Ал екіжақ­ты алыс-берістегі АҚШ валюта­сының еншісі аса зор – 65%. Қал­ған 12,9%-дық есепайырысулар еу­рода жүреді.


Ресей 2019 жылдың мау­сы­мы­нан бастап, қару-жарақ келі­сімдерінде долларды пайда­ланудан бас тартты. Бірнеше жылдан бері ҰҚШҰ елдеріне, соның ішінде Қа­зақстанға қару-жарағы мен әс­кери техникасын тек рубльге са­тады. Елімізде рубльге деген сұра­ныс пен оның құнының өсуіне осы да өз әсерін тигізуде. Орыс мұ­найын төрткүл дүниеге тасымал­дау­шы «Роснефть» таяуда «қара алтын» экспортында негізгі валюта ретінде еуроны бекітті.

Доллардың күші мен ықпалын азайтуға Еуропалық одақ, Жапо­ния, Қытай, БАӘ, Иран, Мысыр жә­не басқа да мемлекеттер күш салу­да. Ұжымдық жігер үйірге бір өзі ғана иелік етуге ұмтылған тар­паң айғырдай астамсыған Амери­каны жуасытуға түрткі болуы ық­ти­мал.

Бірақ халықаралық сарап­шы­лардың пікірінше, жаһандық қаржылық жүйе жақын болашақта доллардан бас тарта ал­май­ды. Өйткені біріншіден, доллардан сырт айналғысы келетін Ресей мен Түр­кия сауда-саттығының көлемі сон­ша үлкен емес – 2018 жылы не­бәрі 25,6 млрд долларды құрады, бұл әлемдік ЖІӨ-нің айтуға тұрмас 2%-ын құрайды.

Екіншіден, әлемдік резервтік валюталар (ӘРВ) саны өте аз: олар­ға доллар, еуро, ағылшын фунты, жапон иенасы, швейцариялық франк, қытай юаны кіреді. ӘРВ-лар­дың ең қуаттысының жойылуы барлық елдердің экономикасы мен қаржы секторына соққы болады және жаһандық жүйені түбегейлі қай­та құрылуға мәжбүр етеді. Мұн­дай қауіп-қатерді ешбір тәуелсіз мемлекет қаламайды.

Үшіншіден, ӘРВ арасында дол­ларға азды-кем салмақты бәсе­келестік құра алатын еуроның ай­наласында тәуекелдер қаптап өріп жүр. Merrill Lynch болжамын­ша, келесі жаңа жаһандық дағ­дарыс­тың эпицентрі Еуропа бол­мақ. Осы қаржылық ұйым стратегі Томми Риккетстің айтуынша, дол­лар тапшылығының туындауы кесірінен, дамушы елдер валю­та­ларының құлдырауы аясында кейінгі кездері еуропалық қор ин­декстері де төмен нәтижелер көр­сетуде. Оның үстіне Еуропаның сыртқы қарызы өсуде және оның эко­номикасы дамушы елдерге тәуел­ді.

Үшіншіден, Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейінгі Еуропаны қалпына келтіру аясында қабыл­данған «Маршалл жоспарына» сәйкес, доллар алтынға байлан­баған. Демек АҚШ баспа станогын қосып, қанша көлемде доллар ба­самын десе де, ешкім оған қой де­мейді. Ал еуро болса, Еуропалық орталық банктің активтерімен қам­тамасыз етілген. Еуроаймаққа кі­ретін бірде-бір мемлекет бақы­лаусыз ақша шығарылымы-эмис­сиясын жасай алмайды. Ендеше бү­кіл әлем де әзірше Америка валю­тасын ары ысырып, еуромен есептесуге жаппай көше алмайды. Бәріне жетпейді.

Мына жалған дүниеде доллар да мәңгілік емес. Бір заманда ол да құрып, тарих еншісінде қалар. Ал әзірге халықаралық валюталық резервтердегі доллардың үлесі 2018 жыл қорытындысында 61,7% бол­ды. Сөйтіп, 1999 жылғы көрсет­кі­шіне дейін төмендегенімен, күні бү­гінге дейін басымдыққа ие. Еу­роның дүниежүзіндегі үлесі – 20,7%. Жапондық иенаның еншісі – 5,2%, ал қытайлық юань үлесі 2%-дай ғана.