Курс оқып, мұғалім болғандар көп
Келесі мәселе жоғарыдағы оқиғаға ұқсас. Ауыл мен аудандарда басқа пәннен сабақ беретін оқытушылардың өзге пәнді игеріп жүргенін жазғанбыз. Шығыс Қазақстан облысындағы мұғалім «біздің мектепте бастауыш сынып мұғалімі информатика пәнінен сабақ береді» деп отыр.«Ал информатика мұғалімі ағылшын тілінен сабақ өтеді. Өйткені ағылшын тілінен сабақ берген маманға 8 сағат бөлгендіктен, жұмыстан кетіп қалды. Мұғалімге бұл жағдайға бейжай қарамай, тиісті орындарға хат жазуын өтіндім. Ол «мұндай жерде жұмыс істей алмаймын» деп үн-түнсіз жұмыстан кетіп қалды. Ағылшын тілі сағатын алған информатиктің сырттай білім алып жүргенін естідім. Мұндай мұғалім сапалы білім береді дегенге сенбеймін. Одан қалса, курс оқи салып мұғалім болып кету белең алды. Бұл бізде ғана емес, біраз мектепте бар жағдай. Тиісінше, мектеп «бізде маман жетпейді» деп есеп бере салады. Тексеріс жүргізгендер сене қалады. Бірақ баланың білім алу құқығын ойлап жүрген ешкім жоқ», – дейді Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында тұратын мұғалім. (Аты-жөнін көрсеткісі келген жоқ. – А.А.)Иә, елімізде жоғары оқу орнында сырттай білім алу «қағаз жүзінде» жойылған. Өйткені айналамыздағы екінің бірі Шымкенттегі университеттерден мектепке дейінгі оқыту мамандығында білім алып жүр. Сұрай қалсаң «Жұмыс табу оңай екен. Оқу ақысы да жоғары емес. Қалалы жерде мұндай мамандыққа сұраныс көп дейді» деп жауап береді. Өзіміз де мектепте химия пәнінен лаборант болып жұмыс істейтін адамның келесі жылы физика мұғалімі атанғанын көргенде таңданатынбыз. Ал аталғандар мұндай статусты қалай алады? Әрине, көк қағаздың күші көпке жетіп тұрғанының белгісі. Мектептегі жемқорлық дегенде ауызбастырық еске түседі. Себебі мектепке тексеру келе қалса, ақша жинайтын кім – мұғалім. Гүл отырғызу мен есік жөндеуге ақша беретін кім – мұғалім. Қала берді көрнекілік жасатып, мектепке бөлінетін A4 қағазды өз қалтасынан сатып алатын да – мұғалім. Кейіпкеріміз соңғысын департаментке хат жазып жүріп тоқтатқан. Оның айтуынша, ұстаздарға мектептен А4 қағаз беріліп, принтермен қамтамасыз етілуі керек.
«Осы мәселені көтеріп жүргеніме біраз болған. Қарап тұрсаңыз, бір қорап А4 парақтың дауы дерсіз. Жоқ, бұл ауданнан мектептің әр мұғаліміне бөлінеді. Бірақ тиісті зат иесіне бұйырмайтыны бар. Соны даулап жүріп, биыл қолыма А4 қағазы тиді. Ал елімізде бұған да қолы жетпей отырған мұғалімдер бар. Жаңағы мәселеге қайта оралсақ, мектепте ата-аналардан комиссияны күту үшін деп ақша жинау фактісі тіркелген-ді. Орынбасар мен сынып жетекшісі сөгіс алды. Сағат бөлу ісіне келгенде де ақша жинайды дегенді естимін. Бірақ менен ақша талап етпепті. Оқу сағатының бірлестікте қаралмай, талқыланбай бөліне салатыны тағы бар», – дейді Күршім ауданының мұғалімі.
Әр бәйгенің «құны» бар
Ұстаз атаулы жаңа дүниеге құмар, қай істі болмасын меңгеруге бейім тұлға. Олай дейтініміз – сабақпен қатар байқауларға қатысады. Ал сол байқаудың айналасында қаншама сұрақ бар. Жалпы, аймақтарда пән олимпиадасы, түрлі оқулар мен ғылыми жұмыс сайысының өзіндік «құны» бары белгілі. «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, ауыл мектебі атынан облыста бақ сынаған мұғалім конкурстың қыр-сыры жайында айтып берді.«Мұндай байқаулардың «ставкасы» бар. Қанша жерден мықты екеніңді дәлелдесең де, құнын төлеуің қажет. Дәл «Шаншардың» әзіліндегі өзге елден атажұртқа көшіп келген Жүсіптің халін кешесің. Сайысқа келсек, аудандық «Жыл мұғалімі» сайысынан алаңсыз өттім. Сөйтіп, ролик түсіріп, дайындықты бастап кеттік. Әр сынға барынша дайындалдым. Облысқа баратын жол шығыны, жатын орын, байқауға қажеттінің бәріне өз қалтамнан төледім. Жоғары санатты мұғалім болғандықтан, оқушыларымның жетістігі мен талпынысыма қарап жеңіс тұғырынан көрінетініме сендім. Алайда жеме-жемге келгенде жарыста көк қағаз сұрады. Барлығы ережеге сай келіп тұрғанын, бірақ келесі кезеңге өту үшін белгілі бір соманы төлеу керегін айтты. Абдырап қалдым. Артынша мұндай көлемдегі ақшаны бере алмайтынымды айттым. Сөйттім де қатысқаны туралы сертификатты құшақтап ауылыма қайттым», – дейді Алматы облысында сабақ беретін Айша есімді мұғалім. Бұл дейміз-ау, жақында ғана өткен «Үздік педагог – 2020» байқауына белсенді мұғалімдер қарсы шықты. Олар осындай байқаудың өтетіні жайында республика мұғалімдерінің хабарсыз болғанына таң. Былтыр да байқау «жабық есік» режимінде өткен деседі. Мұғалімдер байқауға жіберген жұмыстарды ашық талқылауға түскенін қалайды. Әрі олар байқау алдында түсіндіру жұмыстары жүрмегендіктен бейхабар болған. Десе де «үздік сабақ жоспарын, сабақтың өзін YouTube-қа жүктесе, кіл мықтыдан шын мықтыны айыра аламыз», – дейді белсенді мұғалімдер.Жоғарыдағылар сіз бен біз білмейтін көп фактінің бірі. Оның сыртында әкімдіктің, директор мен орынбасарлардың қатысы бар қаншама іс бар. Бұған жақында ғана әлеуметтік желіде жарияланған Жарма ауданы әкімдігінің мұғалімдерден аудандық орталық ауруханаға көмек көрсету бойынша сенбілікке шақырғаны дәлел бола алады. Балқаштағы білім бөлімінде пара алу фактісі бейнеленген видео «бір көрініп жоқ болды». Осыған қарап, ұстаздарға қоғамдағы азғындықпен күресіп жүрген Дина Таңсәрінің қозғалысындай бастама керек секілді. Білім саласындағы былық айқындалғанда ғана жүйелі жұмыс жүрері хақ.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ