Мектептегі жемқорлық

Мектептегі жемқорлық

Алдымен мұғалімдер күні бе­рілетін сыйақының жайын айтсақ. Жалпы, қалалы жерде Тәуелсіздік күні, Наурыз сияқты мерекеде ұстаздарға сыйақы үлестіретінін білеміз. Ал мұғалімдер күнінде ауыл мен аудан оқытушыларына сыйақы үлестіргені жайында дерек аз. Ұстаздардан сұра­ға­нымызда «осыған дейін сыйақы дегенді естімеппіз» деп жауап берді. Білім және ғылым минис­трлігінің бас­пасөз қызметінен ауыл мен аудан мұғалімдеріне ұстаздар күнінде сыйақы берілу-берілмеуі жайында сұрадық. Сонда олар «әкімдіктер сыйақы тағайындауға құқылы» деп жауап берді. 2016 жылы Алматы әкімдігі үнемделген қаржыдан мұғалімдер мен дәрігерлерге сыйақы берген. Сонда әлеуметтік желіде қызу талқы болып, басқа аймақ мұғалім­дері қалалы жерде осындай сый­ақы жиі бөлінетінін жарыса жаз­ған-ды. «Сыйақы беру әкімге бай­ланысты ма? Онда біздің әкім­дер неге үнсіз? Барлық мұғалім сый­ақыға лайықты» деген пікірдің өзі ұстаздардың әлі күнге заңнан хабарсыз екенін білдіреді. Себебі «Педагог мәртебесі тура­лы» заңның 9-бабы 4-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы орган­дар біржолғы сыйақы төлей отырып немесе онсыз, жергілікті ерекшелік белгілері мен құрметті атақтарды тағайындау және ынта­лан­дырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстанда белгіленген мерекелік күндерге орай педа­гог­терді көтермелеудің қосымша ша­ра­ларын белгілеуге құқылы. Сон­дай-ақ аталған заңның 8-бабы 6-тар­мағында да жергілікті атқа­рушы органның қосымша ынта­ландыру төлемдерін белгі­леуге құқылы екені көрсетілген. Демек, ұстаздар заң бойынша тиісті сыйа­қысын алуға міндетті.  

Курс оқып, мұғалім болғандар көп

Келесі мәселе жоғарыдағы оқиғаға ұқсас. Ауыл мен аудандарда басқа пәннен сабақ беретін оқы­тушылардың өзге пәнді игеріп жүргенін жазғанбыз. Шығыс Қазақ­стан облысындағы мұғалім «біздің мектепте бастауыш сынып мұғалімі инфор­матика пәнінен сабақ береді» деп отыр.
«Ал информатика мұғалімі ағыл­шын тілінен сабақ өтеді. Өйт­кені ағылшын тілінен сабақ берген маманға 8 сағат бөл­гендіктен, жұ­мыстан кетіп қалды. Мұға­лімге бұл жағдайға бейжай қарамай, тиісті орын­дарға хат жазуын өтін­дім. Ол «мұндай жерде жұмыс істей алмай­мын» деп үн-түн­сіз жұмыстан кетіп қалды. Ағылшын тілі сағатын алған информатиктің сырттай білім алып жүргенін естідім. Мұндай мұға­лім сапалы білім береді дегенге сенбей­мін. Одан қалса, курс оқи салып мұғалім болып кету белең алды. Бұл бізде ғана емес, біраз мек­тепте бар жағдай. Тиісінше, мектеп «бізде маман жетпейді» деп есеп бере сала­ды. Тек­серіс жүргіз­гендер сене қала­ды. Бірақ бала­ның білім алу құқығын ойлап жүрген ешкім жоқ», – дейді Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауда­нында тұра­тын мұға­лім. (Аты-жөнін көрсеткісі келген жоқ. – А.А.)
Иә, елімізде жоғары оқу ор­нында сырттай білім алу «қағаз жү­зінде» жойылған. Өйткені айна­ламыздағы екінің бірі Шым­кенттегі универ­ситеттерден мек­теп­­­ке дейін­­гі оқыту маман­дығында білім алып жүр. Сұрай қалсаң «Жұ­мыс табу оңай екен. Оқу ақысы да жоғары емес. Қалалы жерде мұндай маман­дыққа сұраныс көп дейді» деп жауап береді. Өзіміз де мектепте хи­мия пәнінен лаборант болып жұмыс істейтін адамның келесі жылы физика мұғалімі атан­ға­нын көргенде таңда­натын­быз. Ал атал­ғандар мұндай статусты қалай алады? Әрине, көк қағаздың күші көпке жетіп тұрға­нының белгісі. Мектептегі жемқорлық дегенде ауыз­бастырық еске түседі. Себебі мектепке тексеру келе қалса, ақша жинайтын кім – мұғалім. Гүл отыр­ғызу мен есік жөндеуге ақша беретін кім – мұғалім. Қала берді көр­некілік жасатып, мектепке бөлі­не­тін A4 қа­ғазды өз қалтасынан сатып алатын да – мұғалім. Кейіп­керіміз соңғысын депар­таментке хат жазып жүріп тоқ­татқан. Оның айтуынша, ұстаздарға мектептен А4 қағаз беріліп, прин­термен қамта­масыз етілуі керек.
«Осы мәселені көтеріп жүр­геніме біраз болған. Қарап тұр­саңыз, бір қорап А4 парақтың дауы дерсіз. Жоқ, бұл ауданнан мектептің әр мұғаліміне бөлінеді. Бірақ тиісті зат иесіне бұйырмайтыны бар. Соны даулап жүріп, биыл қолыма А4 қағазы тиді. Ал елімізде бұған да қолы жетпей отырған мұға­лімдер бар. Жаңағы мәселеге қайта орал­сақ, мектепте ата-аналардан комис­сияны күту үшін деп ақша жинау фактісі тіркелген-ді. Орын­басар мен сынып жетекшісі сөгіс алды. Сағат бөлу ісіне келгенде де ақша жинайды дегенді естимін. Бірақ менен ақша талап етпепті. Оқу саға­тының бір­лестікте қаралмай, тал­қыланбай бөліне салатыны тағы бар», – дейді Күршім ауданының мұғалімі.
 

Әр бәйгенің «құны» бар

Ұстаз атаулы жаңа дүниеге құмар, қай істі болмасын меңгеруге бейім тұлға. Олай дейтініміз – са­бақ­пен қатар байқауларға қаты­сады. Ал сол байқаудың айнала­сында қанша­ма сұрақ бар. Жалпы, аймақтарда пән олим­пиадасы, түрлі оқулар мен ғы­лыми жұмыс сайы­сының өзіндік «құны» бары белгілі. «Жыл мұғалімі» байқауына қатысып, ауыл мектебі атынан облыста бақ сынаған мұғалім кон­курстың қыр-сыры жайында айтып берді.
«Мұндай байқаулардың «став­касы» бар. Қанша жерден мықты екеніңді дәлелдесең де, құнын төлеуің қажет. Дәл «Шаншардың» әзіліндегі өзге елден атажұртқа кө­шіп келген Жүсіптің халін кешесің. Сайысқа келсек, аудандық «Жыл мұғалімі» сайы­сынан алаңсыз өт­тім. Сөйтіп, ролик түсіріп, дайын­дық­ты бастап кеттік. Әр сынға барынша дайындалдым. Облысқа баратын жол шы­ғыны, жатын орын, байқауға қа­жеттінің бә­ріне өз қалтамнан төледім. Жо­ғары санатты мұғалім болған­дықтан, оқушыларымның жетістігі мен талпы­нысыма қарап жеңіс тұғы­рынан көріне­тініме сен­дім. Алайда жеме-жемге келгенде жарыста көк қағаз сұрады. Бар­лығы ережеге сай келіп тұрғанын, бірақ келесі кезеңге өту үшін белгілі бір соманы төлеу керегін айтты. Абды­рап қалдым. Ар­тынша мұндай кө­лем­дегі ақша­ны бере алмай­тынымды айт­тым. Сөйттім де қатыс­қаны тура­лы сер­тифи­катты құшақ­тап ауы­лыма қайттым», – дейді Алматы облы­сында сабақ беретін Айша есімді мұғалім. Бұл дейміз-ау, жақында ғана өткен «Үздік педагог – 2020» бай­қауына белсенді мұға­лімдер қарсы шықты. Олар осындай байқау­дың өтетіні жайында республика мұға­лім­дерінің хабарсыз болғанына таң. Былтыр да байқау «жабық есік» режимінде өткен деседі. Мұғалімдер байқауға жіберген жұмыс­тарды ашық талқылауға түскенін қалайды. Әрі олар байқау алдында түсіндіру жұмыстары жүрме­гендіктен бейха­бар болған. Десе де «үздік сабақ жоспарын, сабақтың өзін YouTube-қа жүктесе, кіл мықтыдан шын мық­­­ты­ны айыра аламыз», – дейді бел­сенді мұғалімдер.
Жоғарыдағылар сіз бен біз біл­мейтін көп фактінің бірі. Оның сыртында әкім­діктің, директор мен орынбасарлардың қатысы бар қан­­­­шама іс бар. Бұған жақында ғана әлеу­меттік желіде жарияланған Жар­ма ауда­ны әкімдігінің мұғалім­дерден аудандық орталық ауруха­наға көмек көрсету бойын­ша сенбі­лікке шақырғаны дәлел бола алады. Бал­қаштағы білім бөлімінде пара алу фактісі бейнеленген видео «бір көрініп жоқ болды». Осыған қарап, ұстаздарға қоғам­дағы азғын­дықпен күресіп жүрген Дина Таң­сәрінің қозғалысындай бастама керек се­кіл­ді. Білім саласындағы былық айқын­далғанда ғана жүйелі жұмыс жүрері хақ.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ