217-бап – 217 іс
Ішкі істер министрлігінің тергеу өндірісінде жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің «Қаржы пирамидасын құру және басшылық ету» туралы 217-бабы бойынша 217 қылмыстық іс қаралып жатыр. Оның 95-і – биыл жаңадан тіркелгендер. Ал 117 іс сотқа жолданған. Өкінішке қарай, бұл салада өсу тенденциясы байқалады. Мәселе, былтыр 8 айда бұл көрсеткіштер 169-да 14 іс болыпты. Сотқа 20 іс жолданған. Бүгінде «қаржы пирамидасы» белгілері бар 18 ұйымға және әлеуметтік желілер мен WhatsАpp мессенджеріндегі 5 топқа қатысты тергеу жұмысы жалғасуда. Биыл жалпы саны 92 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, оның 51-і тұтқынға алынған, 3-і «үй қамағында», 16-сы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр, 18 күдіктіге іздеу жарияланған, 4 адам сотталған. Ал осы ат төбеліндей ұйымдастырушылардың санынан олардың құрбандарының саны мыңдаған есе көп.Олар 26 178 адам. «Пирамида перғауындары» өз салымшыларын 40 миллиард теңгеге тақырға отырғызып кетіпті. Мәселен, әуелде қаржы үштағанынан зардап шеккендер саны 1-2 мың адамнан, салым сомасы 1-2 млрд теңгеден аспай келсе, соңғы атағы дүркірей шыққан құр бір топтың өзі 17 мыңнан астам адамды 22 миллиард теңгеден астам қаржыға алдап кеткен. Олар – «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Выгодные заимы» компаниялары. Енді бүгінде бұл іс бойынша 51 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның 32-сі қамауға алынған болса, 3-еуі «үй қамағында», 10-ы қолхатпен бостандықта. 6 күдіктіге іздеу жарияланған болса, олардың екеуі бүгінде қолға түсті. «Қабылданған шаралардың нәтижесінде іздестіруде жүрген «Выгодный займ» ЖШС-нің Орал қаласындағы филиалының директоры, Әзербайжан азаматы Р.Ибрагимов Баку қаласында қолға түсті. Оны алдыру үшін халықаралық тапсырыс берілді. Мәскеу қаласында да «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің Нұр-Сұлтан қаласындағы директорының орынбасары С.Фролов ұсталып, тұтқынға алынды. Ол жаққа да экстрадициялық материал жолданды. Ал осыған дейін осы іс бойынша 3 күдіктіні Ұлттық ұланның арнайы ұшағымен Ресей, Қырғыз Республикасы және Молдовадан алдырған болатынбыз. Мұндай жедел шара бізде бұрын тарихта болмаған. Күдіктілердің қылмыстық әрекетін жүзеге асыру кезінде тапқан мүліктеріне арест қойылды. Олар – 169 пәтер, 1 572 автомашина мен техника, 10 жер үй, 6 жер телімі, 5 паркинг, 1 көпфункционалды (дәмхана-бильярд) кешен, «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-нің есепшотындағы 1,5 млн теңге. Одан бөлек, қолма-қол 70 миллион теңге алынды. Бұл мүліктердің орташа нарықтық жиынтық сомасы 2 млрд теңгеден асады», – дейді ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.Осы іс бойынша биыл Түркияда қолға түсіп, маусым айында экстрадицияланған директордың бірі Н.Танбашев бұл пирамиданы ұйымдастырған Ж.Есіркепов екенін айтады. Бүгінде ол тұтқында отыр. 2018 жылы Ақтөбе қаласында ол «Выгодный займ» ЖШС-ін құрып, қарыз берумен және автомашиналарды жоғары бағамен бөліп төлеуге қабылдаумен айналысқан. Оның арты осындай үлкен афераға айналған. Сондай-ақ Ж.Есіркепов Түркия Республикасының Солтүстік Кипр аралынан жылжымайтын мүлік сатып алып, оны Танбашевтің атына рәсімдеп қойыпты. Бұл елмен дипломатиялық өзара қарым-қатынастың жоқтығына байланысты қазір осы мүлікті біздің мемлекеттің атына рәсімдеп, қайта сату мәселесі қарастырылуда екен.
«Қаржы пирамидаларынан» зардап шеккендер ішкі істер органдарына бірден жүгіне қоймайды. Қылмыстық істің созылып кетуінің бір себебі – осы. Сондықтан да азаматтардан жергілікті жердегі құрылымдық бөлімшелерге немесе тікелей біздің департаментке хабарласуын сұраймыз. Бұл келтірілген шығынды нақты анықтау үшін керек. Ал екінші себебі – ұйымдастырушылары шетелдерге қашып кететіні. Оларды анықтап, ұстауға уақыт қажет», – дейді Санжар Әскенұлы.
Қылмыс құралы – сенім
Күрделілігі мен ауқымы жағынан Қазақстандағы «қаржы пирамидаларының» ішінде Questra World компаниясын атап өтуге болады. Өйткені мұнда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен. Оны ұйымдастырушылар – ресейлік ағайынды Кравцов, Ф.Джураев, О.Клейнард, испаниялық (Еуропа) Виера Рубало Антонино және Кабо-Верде Республикасынан (Африка) Гилаберт Батиста Хосе Мануэльдер. 2016-2017 жылдары елімізде «инвестициялық портфель құрамыз» деген желеумен жұмыс жүргізген олар 1 000-нан астам адамның 1 миллиард теңгеден астам ақшасын қалтасына басып әкетіпті. Бұған дейін бұл топтың Қазақстандағы 4 өкілі орта есеппен 8 жылға сотталған. Бүгінде биыл тамыз айында қолға түсіп, Белоруссиядан Ұлттық ұланның арнайы бортымен алдырылған Ольга Клейнардтың үстінен қаржы пирамидасынан (ҚК 217-бабы) бөлек, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру (ҚК 264-бабы) бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде. Questra World компаниясынан зардап шеккендердің бірі Әсел есімді келіншек бұл ұйымға бас-аяғы екі-үш айдың ішінде 22 мың 680 еуросын салып жіберіпті. Осылайша, ол 2017 жылдың мамыр-шілде аралығында сол кездегі бағамен 8 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылып қалған. Салым шарты бойынша компания ақшаны тек қана еуро түрінде қабылдаған. Бұл олардың халықаралық салиқалы инвестициялық компания екеніне рең бере түскенге ұқсайды.«Мені онда қайынапам алып келді. 10 000 € жинағым барын білетін. Әуелі соны, бір-екі аптадан соң «Каспий банктен» 7 миллион 200 мың теңге несие алып, оны 12 000 еуроға айналдырып салдым. Ешқандай да келісімшарт толтырып, қол қойған жоқпыз. «Бізде бәрі электронды түрде» деп, маған өздерінің веб-сайтынан жеке кабинет ашып берді. Салғам ақшам сонда көрініп тұрды. Тіпті, айтқандарындай бір-екі аптада 30-40%-ға көбейе бастады. Әйтеуір, қатты алданып қалдым ғой. Жан-жақтан жарнамалары қатты жүрді. Өзім сияқты талай адамдар салым салу үшін кезекте тұрды. Бір жағы «осы адамдардың барлығы бірдей ақымақ емес болар» дегендей, ғылыми тілмен айтқанда, «синдром толпы» құбылысы да өз әсерін берген сияқты. Осының барлығын ойлап басым қатып қатты. Өз ақшамнан айырылғаннан бөлек, несиені төлеу міндеттемесінен мені ешкім босатқан жоқ қой?!» – дейді кейіпкеріміз.Әселдің өзі қаржы саласының қызметкері. Экономикалық сауаты аз деп айтуға келмейді. Бірақ «пирамида перғауындарының» құрбанына айналып отыр. Неге? Бәлкім, бұл миллиардтаған ақшаларды қалтаға басқан алаяқтардың сол уақыттағы трендтерді қолайлы пайдалана алған асқан кәсіби шеберлігі болар? Компаниялардың қаржылық ашықтығына тыйым салатын коммерциялық құпиялылықтың көлеңкесі ме? Әлде, әлеуметтік бәсекелестікте оңай олжа іздеген капитал иелерінің ашкөздігі болар? Қазақстандықтардың халықаралық қаржы құралдарын игеруге деген ынтасы мен тәжірибесіздігі де бар шығар? Бұл сұрақтарға жауап іздегендер көп.
«Бүгінде бұл істің бірінші кезеңі аяқталды. Questra World-тың қазақстандағы өкілдерін соттатуға қол жеткіздік. Олар – төрт адам. Бірі енді түрмеде о дүниелік болып кетті. Бірақ бәрібір ақшамызды қайтып беріп жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да ең болмағанда қылмыскерлердің жазасыз қалмағанын қалаймыз. Мен өз қолыммен ақша берген адамдар бұл істе әлі куә ретінде жүр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Олар да бұл жүйеде істеді, алаяқтық арам пиғылдың орындаушылары болды. Сондықтан да тергеуде анықталғандай Questra World компаниясының 400 агенті де жауапкершілікке тартылуы тиіс», – дейді Әсел. Әсел мен оның заңгер-кеңесшісі Гүлжән Күзердің де жанын осы сұрақ жегідей жейді. «Қаржылық алаяқтыққа келгенде Қазақстан заңнамасы солқылдақ. Өйткені «пирамида» сипаты болса да, Ішкі істер министрлігі жәбірленушілерден арыз түспей, ол мекемеге ешқандай да тексеру бастай алмайды. Қаржымен жұмыс істеген күннің өзінде де «желілік маркетингке» лицензия алуға, қаржы ұйымы ретінде тіркелуге міндет қойылмаған. Ашықтан-ашық жұмысын жүргізіп жатқан кезінде оларға аудит жүргізу қарастырылмаған. Мемлекеттің қалақұраушы кешенді өнеркәсібін қаржыландыратын мүйізі қарағайдай Ұлттық банктің өзі базалық ставкаларын сан мың рет есептеп барып белгілегенде, құмда ізі, суда саны жоқ компаниялардың жылына 300% үстеме табысты аспаннан алып ұсынуы ешқандай да заңнамамен реттелмейді. Біз осының бәрін сотта көтеріп отырмыз», – дейді ол. Заң өкілінің мұншалықты шырмауы көп сұрақтарға жауап іздейтіндей жөні бар. Өйткені өзінің қызы да дәл осы компанияға 36 мың доллар салым салып, алаяқтар құрған аранға түсіп отыр.
Ендеше не істемек керек?
Ең бірінші кезекте азаматтарға қаржылық сауаттылық жетіспейді. Табыс пайдасы адам сенгісіз тым биік қаржылық ұсыныстан бірден бас тарту қажет. Қазақстан заңнамасына да тиісті өзгеріс енгізу мәселесі пісіп-жетілген секілді. Өйткені «желілік маркетинг принципі» бар компаниялар жұмыстарын ашықтан-ашық жарнамалайды. Соған тыйым салу керек. Ал бүгінде жалпы саны 26 мыңнан асып отырған зардап шегушілердің ортақ бір ұйым құрып, бастамашыл топтары ел арасында абай болуға шақырып, насихат жұмыстарын жүргізсе, «қаржылық пирамиданың» сипаты бар жұмыс істеп тұрған ұйымдардың үстінен тиісті орындарға арыз жазса, құба-құп болар ма еді? Иә, сұрақ көп, жауап аз. Бірақ бір нәрсе анық. Құлқын мен құрдым – егіз! Құлқынның құлы болған салымшылар қаражатынан, ұйымдастырушылары бостандығынан айырылмақ. Қылмыстық кодекстің 217-бабында 5-7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оған алаяқтық туралы 190-баптың 5-10 жылын қосыңыз. Бүгінгі таңда 92 адам осы баптар бойынша жауапкершілікке тартылған. Ал қашып жүргендердің түбі ұсталары анық.Нұрлан ҚОСАЙ