Дәрігер қателігі демекші, осыдан біраз уақыт бұрын «Ал давай» тобының әншісі Шоқан Маратұлы Instagram парақшасында: «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстен науқастың денсаулығына жеңіл және орташа зиян келтірген медициналық қателік үшін қылмыстық жазаны алып тастады. Бұл зиян келтірілген немесе науқастың өліміне әкеп соқтырған жағдайларда қылмыстық іс қозғау процедурасын қиындатады» деп жазды. «Фактчек kz.» сайты Шоқан Маратұлының сөзін жоққа шығарып, жалған екенін айтады. Кодексті біз де бір шолып шықтық. Қарасақ, Денсаулық туралы жаңа кодекс Қылмыстық кодекстегі «Медициналық қылмыстық құқықбұзушылықтар» деген 12 тараумен, атап айтқанда «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» деген 317-бап ешқайда кетпепті. Әрі Шоқан Маратұлы айтқандай, бұған дейінгі заңда да, жаңа кодексте де «Дәрігер қателігі» туралы арнайы бап болған жоқ. 317-бап бойынша өз кәсіби міндеттерін тиісінше орындамай, кез келген науқастың денсаулығына зиян келтірген медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілік деңгейінде жауап беретін-ді.
ҚАТЕЛІК ЖІБЕРУДЕН ЕШКІМ САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерді қателік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта қарауды тапсырғаны белгілі. Дәрігердің жауапкершілігі әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы тиіс деген пікір білдірген еді. Бұған өткен жылы дәрігер қатесінен көз жұмды деген «Күдебаев ісінің» қатысы болуы мүмкін. Егер науқас медициналық қателіктен қайтыс болған жағдайда не істеген абзал? Ақтағанымыз дұрыс па, әлде соттаған жөн бе?Президент қоғамдық кеңесте: «Себебі бүгінде тергеу кезінде дәрігердің өз міндетін қаншалықты немқұрайды орындағанын анықтау қиын. Соған қарамастан, біраз маман қылмыстық жазаға тартылып отыр. Сондай-ақ клиникалық зерттеулерді өткізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жазаны қолдану мәселесін де қайта қарау қажет. Әйтпесе, бүгінде медицина мамандары жазадан қорқып, ғылымға бармайды. Бірақ бұл өзгерістер дәрігерлердің адам өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін азайтпайды. Жауапкершілік дамыған мемлекеттегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық сипатта болуы керек» деген еді. Дәрігер қауым «әлемде дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауапкершілік жоқ, себебі қателік жіберуден ешкім сақтандырылмағанын» айтады. Мәселен, Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, акушер-гинеколог Вячеслав Локшин: «Кез келген операцияны ең тәжірибелі дәрігерге сеніп тапсырады. Операцияда науқас қайтыс болды деп тәжірибелі дәрігерлерді жауапқа тарта берсек, адамдарды кім емдейді? Жұмысына салғырт қарайтын, пара алатын дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын, ал медициналық қателік үшін дәрігерді әкімшілік жауапкершілікке тарту керек, себебі дамыған елдерде солай», – дейді.
ДӘРІГЕРДІ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖАЗАЛАУ КЕРЕК?
Экс-сенатор Серік Бектұрғанов: «Медициналық қателіктерге» байланысты туындайтын жағдай бар. Дәрігер қателігін қылмыстық жауапкершілікке тарту – жауаптылықты қажет етеді. ДСҰ-ның мәліметіне сүйенсек, әлемде әрбір оныншы науқас осындай жағдайға душар болады екен. Бұл медицинада дәрігерлік қателік деп аталады. АҚШ-та жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкологиядан кейінгі өлімнің үшінші себебі ретінде медициналық қателіктер аталады. Одан кейін ғана жол-көлік оқиғасы мен түрлі жарақаттар себеп болатынын жасырмайды. Қазақстандағы жағдайдың қандай екенін анық біле бермейміз. Дәрігерлік қателік үшін жауапкершіліктің болуы керек екені түсінікті, бірақ біз дәрігерге қандай жаза және оны қандай жағдайда жазалау керек екенін нақты шешуіміз керек. Дәрігерлік қателікті атап-атап жазған дұрыс. Бізде мұндай нақтылық әлі жоқ. Сақтандыру төлемі, өтемақы, қателіктер үшін айыппұл төлеу жүйесін қалыптастыру керек шығар», – дейді. Бектұрғановтың айтуынша, мұны Денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде талқылауы қажет. Ол бұл «немқұрайдылық танытқан дәрігерлерді жауапкершіліктен босату керек деген сөз емес». «Шынайы көріністі, статистиканы, қателіктің себебін анықтай отырып, науқастар үшін қауіп-қатерді едәуір азайтуға болатынына сенімдімін. Мұндай жағдайды ашық талқылау мен талдаудан қорықпау қажет. Сонда ғана дәрігер өз жұмысын жақсы орындай алады, әрі болашақта бұл қателікті қайталамау үшін болған жағдайдың негізгі себебін анықтай алады», – дейді экс-сенатор.
ДӘРІГЕР КӨМЕК КӨРСЕТПЕСЕ – ЖАУАПТЫ
Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылады деген дерек бар, алайда оның қаншасы сотталып, қаншасы ақталды? Нақты мәлімет жоқ. Дегенмен әрбір мамандық иесі қате жіберуі мүмкін, бірақ ол жай қателескен шығар. Ол үшін жауапқа тарта аламыз ба? Ал егер дәрігер стандарт бойынша көмек көрсете алмаса, қолынан келе тұра ем-дом жасамаса, өз міндетіне немқұрайды қараса, жауапқа тартылуы керек. Кейде науқастар дәрігерге бармай, өздері ем қабылдап, уақытты өткізіп алатын жайы болады. Ондай кезде дәрігерге кінә арта аламыз ба?«Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова: «Науқастың қауіпсіздігін ойлау үшін алдымен дәрігердің қауіпсіздігін ойлаған жөн. Қателік деген тек дәрігерге қатысты емес. Кейде науқас ауруын жасырады, кейде толық айтпайды. Ем-домды өздері үйде жасайтындар бар. Сөйтіп, ауруды асқындырып жібереді. Дәрігер де адам. Егер оның қолында қажетті дәрі болмаса, науқасты құтқара алмай қалуы мүмкін. Сондай жағдайда кінәні кімнен іздейміз? Тағы да дәрігерден. Бұл жерде дәрігердің өзі қауқарсыз болып отыр. Науқас пен дәрігердің қарым-қатынасын ана мен бала деп сипаттайтын болсақ, науқас та бала секілді. Дәрігер осыған психологиялық тұрғыда дайын болуы керек», – дейді. Пандемия дәрігердің бағасы қандай екенін анықтап берген секілді. Вирустан Қазақстанда 170 медицина қызметкері қайтыс болды. «Медицина қызметкері мен науқастың қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің қор науқастардың құқығын қорғайтын ұйым ретінде құрылды. Бірақ науқастардың шағымымен жұмыс істей жүріп, дәрігерлердің де қорғалмағанына көзіміз жетті. Сондықтан 170 медицина қызметкерін жоғалту – отбасының ғана қайғысы емес, науқастар үшін де үлкен шығын. Бір ай ішінде медицина қызметкерін дайындай алмаймыз. Кәсіби дәрігерді даярлау үшін ұзақ уақыт кетеді. Кем дегенде 6-9 жыл. Ал науқас осынша ұзақ уақытты күте ала ма?», – дейді Бақыт Түменова. Пандемияға дейін елде дәрігерлерге қатысты айыптау көп болды. Тіпті, ток-шоуларда жанжал шығарғандар да жетерлік. «Дәрігерлерді «өлтіруші» деп айыптағандар да болды. Оларға шабуыл жасаған да кездер болған. Ал пандемия мүлдем жаңа түсініктің қалыптасуына алып келді. Адамдар дәрігерлердің қалай жұмыс істейтінін көрді. Қорғаныс костюмінде, бетпердеге тұншығып жүріп, науқастардың өмірін құтқаруға ынтасымен кірісті. Тіпті, өз өмірлерін құрбан етті», – дейді Бақыт Түменова.P.S.
Жауапкершілік медицина қызметкеріне ғана емес, әр адамның өзіне де жүктелуі керек. Екінші толқын басталады деген болжам бар. Вирустың алдында дәрігер де қауқарсыз. Сондықтан ешкімге кінә артпас үшін әр адам өзі сақтанғаны жөн. Ең бастысы, арақашықтық сақтау және бетперде тағу. Өміріңіздің қауіпсіздігі – өзіңізге байланысты. Өзіңізді, жақындарыңызды сақтаңыз!
Гүлзина БЕКТАС