Дәрігердің қателесуге құқы бар ма?
Дәрігердің қателесуге құқы бар ма?
423
оқылды
Дәрігер қателігі демекші, осы­дан біраз уақыт бұрын «Ал давай» тобының әншісі Шоқан Маратұлы Instagram парақ­шасында: «Халық денсау­лығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстен науқастың денсаулығына жеңіл және орташа зиян келтірген меди­циналық қателік үшін қыл­мыстық жазаны алып тастады. Бұл зиян келтірілген немесе науқастың өліміне әкеп соқтырған жағдай­ларда қылмыстық іс қозғау проце­дурасын қиындатады» деп жазды. «Фактчек kz.» сайты Шоқан Маратұлы­ның сөзін жоққа шыға­рып, жалған екенін айтады. Ко­дексті біз де бір шолып шықтық. Қарасақ, Денсаулық туралы жаңа кодекс Қылмыстық кодекстегі «Меди­циналық қылмыстық құ­қық­бұзу­шылықтар» деген 12 тараумен, атап айтқанда «Медици­на немесе фарма­цевтика қызметке­­рінің кәсіп­тік міндеттерін тиісінше орында­мауы» деген 317-бап еш­қайда кетпепті. Әрі Шоқан Марат­ұлы айтқандай, бұған дейінгі заңда да, жаңа кодексте де «Дәрігер қателігі» туралы арнайы бап болған жоқ. 317-бап бойынша өз кәсіби міндеттерін тиісінше орын­дамай, кез келген науқастың денсау­лы­ғына зиян келтірген меди­цина қызметкері әкімшілік жауапкер­шілік деңгейінде жауап беретін-ді.
 

ҚАТЕЛІК ЖІБЕРУДЕН ЕШКІМ САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық сенім кеңе­сінің үшінші отырысында дәрігерді қателік жасағаны үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесін қайта қарауды тапсырғаны белгілі. Дәрі­гердің жауапкершілігі әкім­шілік және азаматтық-құқық­тық сипатта болуы тиіс деген пікір біл­дірген еді. Бұған өткен жылы дә­рігер қатесінен көз жұмды деген «Күдебаев ісінің» қатысы болуы мүмкін. Егер науқас медициналық қателіктен қайтыс болған жағдайда не істеген абзал? Ақтағанымыз дұрыс па, әлде сот­таған жөн бе?
Президент қоғамдық кеңесте: «Себебі бүгінде тергеу кезінде дәрі­гердің өз міндетін қаншалықты немқұрайды орындағанын анықтау қиын. Соған қарамастан, біраз ма­ман қылмыстық жазаға тар­тылып отыр. Сондай-ақ клини­калық зерт­теулерді өткізу тәртібін бұзғаны үшін қыл­мыстық жазаны қолдану мәсе­лесін де қайта қарау қажет. Әйт­пе­се, бүгінде медицина маман­дары жаза­дан қорқып, ғы­лымға бармайды. Бірақ бұл өзге­рістер дәрігерлердің адам өмірі мен денсау­лығы үшін жауап­кершілігін азайт­пайды. Жауап­­­кершілік дамы­ған мемле­кеттегідей әкім­шілік және азамат­тық-құқықтық сипатта болуы керек» деген еді. Дәрігер қауым «әлемде дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауап­кершілік жоқ, себебі қателік жібе­руден ешкім сақтан­дырыл­маға­нын» айтады. Мәселен, Қазақ­стандағы репродуктивті медицина қауым­дас­тығының президенті, акушер-гине­колог Вячеслав Лок­шин: «Кез келген операцияны ең тәжі­рибелі дәрігерге сеніп тапсы­рады. Опе­рацияда науқас қайтыс болды деп тәжірибелі дәрі­герлерді жауапқа тарта берсек, адам­дарды кім емдейді? Жұмысына сал­ғырт қарайтын, пара алатын дәрі­герлер қылмыс­тық жауап­кер­шілікке тар­тылсын, ал ме­ди­­ци­­налық қателік үшін дәрігерді әкім­шілік жауап­кершілікке тарту керек, себебі дамы­ған елдерде солай», – дейді.
 

ДӘРІГЕРДІ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ЖАЗАЛАУ КЕРЕК?

Экс-сенатор Серік Бек­тұр­ғанов: «Меди­цина­лық қателік­терге» бай­ланысты туын­дайтын жағдай бар. Дәрігер қателігін қыл­мыстық жауап­кершілікке тарту – жауап­тылықты қажет етеді. ДСҰ-ның мәліметіне сүйенсек, әлемде әрбір оныншы науқас осындай жағдайға душар болады екен. Бұл медицинада дәрі­герлік қателік деп аталады. АҚШ-та жүрек-қан та­мырлары аурулары мен онко­логиядан кейінгі өлімнің үшін­ші себебі ретінде меди­циналық қа­теліктер аталады. Одан кейін ғана жол-көлік оқиғасы мен түрлі жа­ра­қаттар себеп болатынын жа­сыр­майды. Қазақстандағы жағ­дайдың қандай екенін анық біле бермейміз. Дәрігерлік қателік үшін жауап­кер­шіліктің болуы керек екені тү­сінікті, бірақ біз дәрігерге қандай жаза және оны қандай жағдайда жазалау керек екенін нақты шешуіміз керек. Дәрі­герлік қателікті атап-атап жаз­ған дұрыс. Бізде мұндай нақ­тылық әлі жоқ. Сақтандыру төлемі, өтемақы, қателіктер үшін айыппұл төлеу жүйе­сін қалыптастыру керек шы­ғар», – дейді. Бектұр­ғановтың айтуынша, мұны Денсау­лық сақтау министрлігі ресми түрде талқы­лауы қажет. Ол бұл «немқұрайдылық таныт­қан дәрі­герлерді жауап­кер­шіліктен босату керек деген сөз емес». «Шынайы көріністі, ста­тис­тиканы, қателіктің себебін анық­тай отырып, науқастар үшін қауіп-қатерді едәуір азайтуға болатынына сенімдімін. Мұндай жағдайды ашық талқылау мен талдаудан қорықпау қажет. Сонда ғана дәрігер өз жұмы­сын жақсы орындай алады, әрі болашақта бұл қателікті қайталамау үшін болған жағдайдың негізгі себе­бін анықтай алады», – дейді экс-сенатор.
 

ДӘРІГЕР КӨМЕК КӨРСЕТПЕСЕ – ЖАУАПТЫ

Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкері қыл­мыстық жауап­кершілікке тар­тылады деген дерек бар, алайда оның қан­шасы сотталып, қаншасы ақталды? Нақты мәлімет жоқ. Дегенмен әрбір мамандық иесі қате жіберуі мүмкін, бірақ ол жай қателескен шығар. Ол үшін жауап­қа тарта аламыз ба? Ал егер дәрігер стандарт бойынша кө­мек көрсете алмаса, қолынан келе тұра ем-дом жасамаса, өз міндетіне немқұрайды қараса, жауапқа тар­тылуы керек. Кейде науқастар дәрігерге бармай, өздері ем қабыл­дап, уақытты өт­кізіп алатын жайы болады. Ондай кезде дәрігерге кінә арта аламыз ба?
«Аман-саулық» қоғамдық қо­рының президенті Бақыт Түме­нова: «Науқастың қауіпсіздігін ойлау үшін алдымен дәрігердің қауіпсіздігін ойлаған жөн. Қателік деген тек дәрігерге қатысты емес. Кейде нау­қас ауруын жасырады, кейде толық айтпайды. Ем-домды өздері үйде жасайтындар бар. Сөйтіп, ауруды асқындырып жі­береді. Дәрігер де адам. Егер оның қолында қажетті дәрі бол­маса, науқасты құтқара алмай қалуы мүмкін. Сондай жағ­дайда кінәні кімнен іздейміз? Тағы да дәрі­герден. Бұл жерде дәрігердің өзі қауқарсыз болып отыр. Науқас пен дәрігердің қарым-қатынасын ана мен бала деп сипаттайтын болсақ, науқас та бала секілді. Дәрі­гер осыған психологиялық тұрғыда дайын болуы керек», – дейді. Пандемия дәрігердің бағасы қандай екенін анықтап берген се­кілді. Вирустан Қазақстанда 170 медицина қызметкері қайтыс бол­ды. «Медицина қызметкері мен науқас­тың қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Біздің қор науқас­тардың құқығын қорғайтын ұйым ретінде құрылды. Бірақ науқастардың шағымымен жұмыс істей жүріп, дәрігерлердің де қор­ғалмағанына көзіміз жетті. Сон­дықтан 170 меди­цина қыз­меткерін жоғалту – отба­сының ғана қайғы­сы емес, науқастар үшін де үлкен шығын. Бір ай ішінде медицина қызметкерін дайындай алмаймыз. Кәсіби дәрі­герді даярлау үшін ұзақ уақыт кетеді. Кем дегенде 6-9 жыл. Ал науқас осынша ұзақ уақытты күте ала ма?», – дейді Бақыт Тү­менова. Пандемияға дейін елде дәрі­герлерге қатысты айыптау көп болды. Тіпті, ток-шоуларда жан­жал шығарғандар да жетерлік. «Дәрі­герлерді «өлтіруші» деп айып­­та­ғандар да болды. Оларға шабуыл жасаған да кездер болған. Ал пан­демия мүлдем жаңа түсі­ніктің қа­лып­­тасуына алып келді. Адамдар дәрі­герлердің қалай жұмыс істейтінін көрді. Қорғаныс костюмінде, бет­пер­деге тұншы­ғып жүріп, нау­қас­тардың өмірін құтқаруға ын­тасымен кірісті. Тіпті, өз өмір­лерін құр­бан етті», – дейді Бақыт Тү­менова.  
P.S.  

Жауапкершілік медицина қыз­меткеріне ғана емес, әр адамның өзіне де жүктелуі керек. Екінші тол­қын басталады деген болжам бар. Вирус­тың алдында дәрігер де қау­қарсыз. Сондықтан ешкімге кінә артпас үшін әр адам өзі сақтанғаны жөн. Ең басты­сы, арақашықтық сақтау және бет­перде тағу. Өмі­ріңіздің қауіпсіздігі – өзіңізге бай­ланысты. Өзіңізді, жақын­да­рыңыз­ды сақтаңыз!

 

Гүлзина БЕКТАС