Бүлдіршіннің сұлулығын таразыға тарту
Бүлдіршіннің сұлулығын таразыға тарту
263
оқылды
Жақында WhatsApp арқылы құрбымнан бір сайтқа кіріп, дауыс беруімді сұраған хат келді. Порталды ашып қарасам, Қазақ­станның ең сұлу қызы таңдалады екен. Жаңа туған сәбиден бастап, 17 жасар бойжеткенге дейін қатысатын сайыс онлайн өтіп жатыр. Артынша осы портал­дан дауыс сұрағандар легі көбейе бастады. Қаты­су жарнасынсыз тегін байқау әркімнің-ақ тала­сары белгілі. Бірақ ақылы негізде өткізілетін сайыс­тар аз емес. Соның ішінде балаларға ар­нал­­ған түрі жетерлік. Тіпті, ел ішінде топ жарып, әлемдік аренаға шық­қандар да жоқ емес. Айталық, Little Supermodel Of The World 2018 халықаралық бай­қауында үш жас катего­риясында (6, 9 және 11 жастағылар) қазақстандық қыздар 1-орын иеленген. Ересектер арасында өткізілетін сұлулық бай­қауларының қаншалықты қажеті бары, маңызы қандай екені туралы екіжақты пікір бары белгілі. Балалар қатысатын додаға кел­генде де көпшілік пікірі екіге бөлінді. Бірі «мұнда тұрған ештеңе жоқ. Талантын шыңд­айды» десе, енді бірі «Баланың бала­лығын ұрламау керек, бес батпан бояу, жеңіліс не жеңіс психикасына да, мінез-құлқына да әсер етеді», – дейді. Жыл сайын әлем бойынша балалар сұлу­лығын бағамдайтын үш мыңнан астам байқау ұйымдастырылады. Ата-аналардың баласын бұл бағытқа бұруы да бекер емес. Жан-жақты, талапты болып өссін деген ой жатса керек. Үш жасар Ханшайымның анасы Гүлзат Қопанова байқаудың барлық түрін қолдайтынын айтып отыр. «Қызым тіпті сұлулық байқауына қатысып жатқанын түсінбейді. Желіден көрдім де, қатыс­тырайын дедім. Меніңше, баланы кішкен­тайынан жарыстырып үйрету керек. Өзіміз де кезінде түрлі байқауларда бақ сынадық. Жеңдік те, жеңілдік те. Күйзеліске те түстік. Есесіне, жан-жақты болып өседі. Сәл есейген соң түрлі үйірмелерге қатысты­рамын. Өзінің ыңғайына қарай таңдаймыз. Байқаулардан келер зиян жоқ деп есеп­теймін», – дейді ата-ана. Расында, бала кезде олар байқаудың мәнін әсте түсіне қоймас. Бұл жерде маңыздысы – ата-анасының қатыстырудағы мақсаты яки қа­лауының қандай екені. Әлбетте, жасынан хорео­граф, стилистермен жұмыс істеп талғам қалып­тастырса, дұрыс сөйлеу, көпшіліктің алдында өз-өзін ұстауды үйренгенде тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен ата-ананың қалауы баланың арманы­мен ұштаса ма? Ұштаспаса, жағдай қиын. Психолог Сая Бақимова баланың таңдауы сол болса, дабыл қағудың жөні жоқ деп есептейді. «Бұл жерде бірінші сұлулық сайыстарына бала­сын апаратын ата-ананың қандай психо­логия­лық қажеті барын айту керек сияқты. Се­бе­­бі ол баланың таңдауы болмауы да мүмкін. Олай болған күннің өзінде бала бейсаналы түрде ата-анасының махаббаты мен қабылдауына лайық нәрсені жасайтынын ескеру керек. Кейде бала ата-ананың бейсанасында өзінің ажырамас бір бөлігі ретінде қабылданады. Мұндай кезде бала ата-ананың нарцистік, өзін ерекше сезінгісі келетін эмоциялық қажеттілігін өтейді. Егер бала­ның айна­ласындағы үл­кендер эмоциялық және психологиялық жағынан сауатты, ересек адамдар болса, ондай жарыс жай ғана жарыс, ол жердегі жүлде баланың үйдегі орнына әсер ет­пей­­тінін, өздерінің көңіл күйі ештеңеге қара­май тұрақты болатынын сездіре алса, бәрі дұрыс деп ойлаймын», – дейді маман. Осыдан 7 жыл бұрын Оралда ұйым­дас­тырылған балалардың сұлулық байқауы­ның соңы дауға ұласқан. «Қаламның келбе­ті» кон­курсының басы-қасында жүрген Дмитрий Еретенко балалар порнографиясын таратып, жеңгетайлықпен айналысқаны үшін сотталған болып шықты. Ресейде жаза­ланса да, факт бір – оның балалармен жұмыс істеуі қауіпті. Мұндай конкурстарға қарсы шығатындардың бір уәжі де осында болып отыр. «Бесіктен белі шықпай жатып сахнада әрі-бері сылаңдап өтуді санасына сіңіргеннен не пайда?» дейтіндер бар. 2011 жылы «Қазақ аруы» атанған Ләззат Қалдыбековаға хабарласып, балалардың сұлу­лық байқауына қатысты ойын білдік. Бәлкім, биыл мектеп табалдырығын аттаған баласын модель ету ойы бар шығар деп те ойлағанбыз. Де­ген­мен актрисаның пікірі бұған кереғар болып шықты. «Өзі үшін шешім қабылдап, не қалайтынын білмейтін баланың, соның ішінде кішкентай қыз баланың сұлулық байқауына қатысуын қолдай алмаймын. Ол жерде бетіне бірнеше қабат бояу жағылады, атмосферасы да адамды қысады. Жеңіліп қалса, күйзеледі. Жеңіп шықса, өркөкірек болып кетуі мүмкін. Қызым болса, байқауға қатыстырмас едім. Мысалы, ұлым «Тик Ток» желісінен түрлі нәрсені көріп алып, бір күні «Анашым, шашымды бояғым» келеді деп келіп тұр. Бірден ол желіні өшіріп тастадым. Көрдіңіз бе, бала еліктегіш.  Өздігімен фильтрлей алмай­ды. Баланы барынша білімге, салауат­ты өмір сал­тына шақырған дұрыс деп ойлаймын. Ұлым­ды модель ету ойымда жоқ. Әзірге бір байламға келетіндей жаста емес», – дейді актриса. Белгілі италиялық режиссер Лукино Вис­кон­тидің «Ең сұлу» деген фильмі бар. Ана махаб­баты жайлы өте әсерлі туынды. Сондағы кейіп­кер қызын әлемдегі ең керемет актриса болуға лайық деп санап, кастингке апарады. Әрине, әр ана үшін өзінің сәбиінен асатын ешкім жоқ. Фильмде де солай көрсетіледі. Сөйтіп, бір күні түсірілім тобында қызын мазақтап тұрғандарды көріп қалады да, ашу үстінде қызын алып кетеді. Ақыры кастингтен өтіп, фильмге түсуге шақырту алса да, бас тартады. Баласының мазақ болғанын қаламаған ананың жай-күйі жақсы көрініс табады. Міне, ата-ана амбициясы қандай?! Бала­ның таңдау еркі болуы тиіс. Өз қалауын ойлап, орындалмаған арманын жүктеу әсте дұрыс емес.  

Жадыра АҚҚАЙЫР