Тәж вирусын жұқтырған адамды тасымалдаған ұшақ Алматыға қонды
Тәж вирусын жұқтырған адамды тасымалдаған ұшақ Алматыға қонды
© Сурет ғаламтордан
373
оқылды
Бүгін "Стамбұл — Ухань — Стамбұл" бағытында ұшып бара жатқан TCCJ чартерлік рейсі Алматы қаласының әуежайына аялдады. Қолда бар ақпарат бойынша бұрын бұл бортта тәж вирусын жұқтырған жолаушы болған, деп хабарлады Almaty.tv. Алматы әкімдігі әуе кемесіне қосымша бензин құю кезінде барлық санитарлық-карантиндік бақылаудың күшейтілген нормасын сақтап, қажетті шараларды қабылдады. Еліміздегі ірі мегаполистің аумағында тәж вирусының таралуына жол бермеу мақсатында отын беру операциясы кезінде жолаушылар мен экипаж мүшелері эвакуацияланбады. Алматыға Қытайдың 5 қаласынан ұшақ қатынайды. Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен әуежайдың медициналық қызметінің жауапты тұлғалары эпидемияға қарсы санитарлық-профилактикалық шаралар кешенін іске асыруда. Бүгінде барлық рейс ерекше бақылауда. Елдегі әуежайлар мен вокзалдарда, әсіресе Қытайдан келетін өткізу пункттерінде барлық адамның (жолаушылар, тасымалдаушылар, экипаж мүшелері, бортсеріктер және басқалар) міндетті байланыссыз термометриясы жүргізіледі. Барлық өту орнында, соның ішінде теміржол, автомобиль жолдарында, Қытаймен шекаралас периметрдегі барлық санитарлық-карантиндік пунктте де термометрия жүргізілуде. Қолда бар мәлімет бойынша 13 мыңнан астам жолаушы тексерістен өтті. Инфекцияны жұқтыру жайты тіркелмеген. Айта кетейік, Қытайда жаңа тәж вирусын жұқтырғандар саны өсіп келеді. Жүздеген адам ауруға шалдыққан. Вирус Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында тарала бастады. Желтоқсан айының соңында белгісіз пневмония туралы ақпараттар жарияланды. Кейін билік аурудың қоздырғышы тәж вирусының жаңа түрі - 2019-nCoV екенін анықтады. Ол адамнан адамға жұғады. Вирус Ухань қаласынан Қытайдың басқа өңірлеріне, кейін өзге елдерге де жылдам тарап кетті.