Үлескерлік құрылыс – сенім мен сергелдең
Үлескерлік құрылыс – сенім мен сергелдең
239
оқылды
 

Дүмпу мен дағдару

Елімізде құрылыс дүмпуі 2000 жылдардың ортасына тұс келді. 2004 жылы – 2,6 млн, 2005 жылы – 5 млн, ал 2006 жылы 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй са­лынған екен. Осылайша, Қа­зақстан 1991 жылғы көр­сет­кішті қуып жеткен еді. Бі­рақ аяқталма­ған нысандар, алаяқ құрылыс салу­шылар мен ал­данған үлес­кер­лер – экономиканың ғана емес, әлеу­меттік саясаттың да қор­да­ланып қалған түйнегіне ай­нал­ды. Дүм­пудің дағдаруы да осы ке­зең­ге сәйкес келді. 2008 жылғы мә­лімет бойынша, 450 проб­ле­ма­лық нысан мен 60 мың­нан астам зардап шеккен азаматтардың мә­се­лесін шешу үшін мемлекеттің араласуына тура келген екен. Ұлт­тық қордан 460 млрд теңге қаржы бөлінген. Осыдан соң 2010 жылы заң­ды қатаңдатып, құрылыс ком­пания­лары лицензия алуға мін­деттеліп, үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынған болатын. Әйтсе де, түрлі схеманы тәсіл ет­кен алаяқтар заңды айналып өтіп, мұндағы қатынастар жаңаша си­патта өрби бастады. Бұрынғы үлес­керлер – инвесторға, олар­мен әрекет бірлескен қызметке ай­налып шыға келді. Оның зар­да­бын енді бүгін тартып отырмыз. Қазіргі таңда ІІМ-нің тергеу өндірісінде жатқан 8 қыл­мыстық іс осы «инвестор­лардың бірлескен қыз­метінің» жемісі. Оның ең ескісі 2015 жылы қоз­ғал­ған. Әрине, мем­лекет тарапы­нан мұндағы проб­ле­маны реттеу үшін қыруар жұмыс жа­салды. 2016 жылы қабылданған соңғы заңда құрылыс компания­ларына деген талап күшейе түсті. Бұл арақатынасқа бірыңғай опе­ратор ретінде мемлекеттің өзі араласты, құрылыс компания­ла­рынан үйдің қаңқасын тұрғызып алмай үлес­керлерден қаржы тар­туға ты­йым салынды, қаржы айна­лы­мы екінші деңгейлі банктер ар­қылы жүруі тиіс болды, үлес­кер­лік келі­сім­шартын жергілікті ат­қарушы органда есепке қою және құры­лыстың әр кезеңіне жергілікті әкімдікке есеп беру міндеттелді. Осының арқасында бұл саладағы қарым-қатынас заң аясында рет­теліп келеді. Сонда да болса, құры­лыс салушылар соңғы өз­геріс­тер­дің осал тұстарын тіміс­кілеп із­деуін қояр емес. Мәселен, Нұр-Сұл­тан қа­ласында құрылыс жүр­гізіп жат­қан 28 компания әкім­діктен үлес­керлердің ақша­сын тартуға рұқсат алмаса да, өз ны­сандарын жарна­малауға көш­кен. Бұл «Тұрғын үй құрылысына үлес­керлік қатысу» заңы­ның 23-бабына қайшы. Бұл бұған дейінгі жылдар­дың тәжіри­бесі көрсеткендей, мем­лекет қанша тырысса да, ең бірінші кезекте сақ­тық өз қолы­мыз­да екеніне мең­зейді.  

Сенделген 8 жыл

Еліміздегі үлескерлік құрылысқа қатысты проб­лемалардың ішінде ең үлкені деп «Азбука жилья» компаниясының 9 бірдей нысанын айтуға болады. 2004 жылы құрылған компания құрылыс нарығында әжеп­тәуір жұмыс жүргізіп келе жатады да, 2015 жылы оның құрылтайшысы Ерқанат Тайжанов сол уа­қыттарда салынып жатқан «Жеті-Жол», «Гарант», «Ком­сомольский», «Садовые кварталы», «Экспо Сити», Expo Town, «Айсанам De Luxe», «Комфорт De Luxe», «Династия» сынды тұрғын үй кешендерінің 3 мыңнан астам үлескерінің жиналып тұрған 14 миллиард теңгеден астам ақшасын алып, Аустрияға қашып кетеді. Оның 10 сыбайласы 2016 жылы түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал сол уақыттағы тілмен айтқанда, «инвесторлар» алда не болары белгісіз, тағдыр тауқыметімен бетпе-бет қала береді. Тұрғын үй кешендерінің одан арғы тағдырын анықтау үлескерлердің өздеріне жүктеліп, әр нысан бойынша Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері құрылады. Олар 2016 жылы «Орда-Инжиниринг» ЖШС-нің қол астына өтуге тілек білдіргенімен, мұнда да одан сайын талан-таражға түскен соң 2017 жылы компаниямен соттасып тынады. Бұл онсыз да алданып арандап қалған үлескерлерге «жығылған үстіне жұдырық» болып тиеді. Ұзақ жылдар бойы қаңырап тұрған бұл нысандардың тек биыл ғана кейбірінің құрылысы қайта жанданды. Онда да тағы да мемлекеттің  араласуына тура келді. Бұл жұмыстарды «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізуде. Әйтсе де, «Комсомольский» кешенінің тағдыры әлі де түбегейлі шешілмей тұр. Мәселе, 615 үлескердің екі кооператив құрып, екі лагерьге жарылғанында. Нысанның құрылысы бүгінде тек 60 пайыз ғана бітіп тұр. Бір тарап ендігі тізгінді мемлекетке беріп, құрылысты солар аяқтасын десе, екінші тарап өз бетінше әрекет етіп, донор іздеуге шақырады. Жер телімінің құқық белгілеуші мемлекеттік акті де осы екінші тарапта. Ал қала әкімдігі екі тарап келіссе, құрылысты бір жыл ішінде аяқтап беруге кепілдік беріп отыр. Осылайша, 2012 жылы басталған құрылыс нысанының жыры осымен сегізінші жыл әлі де жалғасып жатыр. Бұл жайдың ендігі нүктесін сот қоюы мүмкін.  

Құрылысы қылмысқа құрам болған нысандар 

Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігінің өндірісінде үлескерлік құрылысқа қатысты 8 қылмыстық іс тергелуде. Мұндағы нысанның барлығы да Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Бас-аяғы 4 929 үлескер зардап шеккен. Олардың басым бөлігі «ASI» ЖШС-нің «Жағалау-3», «Жағалау-4» және «Шығыс» тұрғын үй кешеніне тиесілі – 3 687 адам. Одан басқа, «Жасыл-Астана НС» ТК - 387 адам, «За рекой» ТК – 171 адам, «Семейный» ТК – 75 адам, Royal EXPO apartments ТК – 314 адам, «Сулейман» ТК – 14 адам, «Ордабасы» ТК – 21 адам және Expo New Life ТК 260 адам бар. Жалпы, 2016-2020 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінде осы салада 24 қылмыстық іс тіркелген екен. Оның 16-сы сотқа өтіп, құрылыс компанияларының 19 басшысы түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Жалпы саны 6 427 үлескер зардап шеккен болса, 31 млрд 200 млн теңге шығын келген. «Үлескерлік әдіспен тұрғызылып жатқан құрылыс нысандарына бөлінген қаражатты жымқыруға қа­тысты қылмыстық істерді жүргізу кезінде Ішкі істер ми­нистрлігі көп ретте екі мәселеде қиындық көрді. Бірі – салынып болмаған нысанның жобалау, рұқсат беру немесе бухгалтерлік құжаттарының түгел еместігі немесе мүлдем жоқтығы болса, екіншісі – құрылысы тұрып қалғаннан кейін нысанның тағайындалу мақ­сатының өзгеріп кетуі. Құжаттарды түгендеген күнде де штатымызда құрылысы аяқталмаған нысандарға өлшем жүргізіп, техникалық зерттеулер жасайтын мамандарымыз жоқ, ал сырттан маман жалдауға жергілікті департамент бюджетінде ақша қарастырылмаған. Қылмыстық істердің қаралуының ұзаққа созылып кетуінің бір себебі – осы. Оған күдіктілердің бірқатарының қашып кеткенін қосыңыз. Бүгінгі таңда 5 қылмыскерге халықаралық іздеу жарияланған. Олар – Ерқанат Тайжанов, Серікбай Ғабдуллин, Күлзия Ғабдулина, Ербол Алшынбаев, Мадина Сарсенова», – дейді ІІМ Тергеу департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция под­полковнигі Арман Сайлаубаев. Үлескерлік құрылыстағы қылмыстық істердің келесі бір санаты алаяқтыққа қатысты. Қазір мұндай 27 қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр. Мұнда 305 адам зардап шегіп, жалпы шығын сомасы 3 227 270 603 теңгеге бағаланған. Ең көп сома ExpoNewLife тұрғын үй кешеніне қатысты. «Шанг Хи Групп» ЖШС-нің құрылтайшылары МаМинь Юань, Д.Шалов, А.Нигметовтер 260 үлескерді тақырға отырғызып, 2,79 млрд теңгесін алып кеткен. Алаяқтық деректердің ең жаңасы биыл тамыз айында Маңғыстау облысы Ақтау қаласында анықталды. «Триумф Групп» ЖШС директоры С.Ж.Капетовтың үстінен 21 үлескер шағым түсірген. Ол жаңа 17-шағынауданнан «Махаббат» ТК саламын деп, 252 349 800 теңге жинап алған екен. Алайда ол кешеннің іргетасы да қаланбаған. Бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.  

Мемлекет – «сақалды құрылыстардың» ұстарасы

Әрине, мемлекет қоғам өмірінің қай саласында да реттеуші әрі кепілдік беруші рөлге ие. Сондықтан да оның үлескерлер мәселесін әу бастан-ақ өз бетінше жібермесі анық еді. Өйткені Конституциямызда біздің әлеуметтік мемлекет екеніміз жазылған. Тек соңғы екі жылдықта ғана мұндағы жұмыстар бір жүйеге түсе бастағанын аңғаруға болады. Онда да мемлекеттің араласуымен десек қателеспейміз. Мәселен, құрылыс саласының эталоны саналатын Нұр-Сұлтан қаласында үлескерлікке қатысты 52 нысан бар болса, олардың толықтай аяқталып, пайдалануға тапсырылғандары аз. Биыл 20 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға беріледі деп күтілуде, яки 8 мыңға жуық үлескердің проблемасы шешіледі деген сөз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Мәселен, шілде айының басында 8 жылдық тарихы бар «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ал 2004 жылдан бері тұрған «Территория комфорта-1» нысаны сүріліп, онда үлес­керлерге арналған жаңа қауіпсіз үй салынбақ.  

Нұрлан ҚОСАЙ