Ұзын сөз, ұзақ сергелдең
Әлемде коронавирус пандемиясына қарсы жаһандық «майдан» ашылып, бүкіл ел шекарасын жапқанда, жаһанды шарлап жүрген қазақстандық шәкірттер амалсыз атамекенге оралды. Мұнда оларды жағымсыз «тосынсый» күтіп тұрды. Емханалар дерт буып, өзіне жүгінген оқушы жастарды «медсақтандырылмағандықтарыңыздан емдемейміз!» деп есіктен кері қайтарған. Тіпті, аурудан жаны қиналып, көзі қарауытып, құлағалы тұрғанына да қарамаған. Әрине, ақ халатты абзал жандарды айыптауға асықпаған жөн. Оларды осылай тасжүрек еткен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры секілді. Қор қағидаға қайшы кез келген іс-қимыл (тіпті, ол адамгершілікке сай болса да) үшін емхана-клиниканы жазалап, үлкен айыппұл салады. Содан ығыр болған емханалар «аш бәледен қаш бәле» деп ӘМСҚ базасында жоқ сырқаттарды қабылдаудан ат-тонын ала қашады. Георгий Пахомов Ресейдің жетекші университетінде оқып жатыр. КВИ індетінің өршуіне байланыс-ты солтүстік көрші Қазақстаннан және өзге елдерден студенттерді шекарадан өткізбей қойды.«Сондықтан қашықтан оқуға көштік. Бірде сырқаттанып, өз емханама медициналық көмек алуға жүгінсем, олар қабылдаудан бас тартты. Базада сақтандырылмаған деп тұр. Медсақтандыру қоры проблеманы ХҚКО арқылы шешіңіз деп кеңес берді. Бірақ орталықтағылар мұндай мәселе бойынша көмектесе алмайтынын жеткізді. 1406 Call-орталығына қоңырау шалдым, ондағылар сақтандыруым жоғын растады, бұл мәселемен білім министрлігі айналысып жатқанын мәлім етті. Жеңілдігі бар жастардың тізімін сол қалпына келтіруде. Өкінішке қарай, оның сайтында берілген 1450 телефоны жұмыс істемейтін болып шықты», – дейді Георгий.Шынында, аталған нөмірге қоңырау шалсаңыз, автожауапкерден: «Сіз шақыруыңызды жүзеге асыра алмайсыз!» деген жауап естисіз.
Әділдік тез келеді деп кім айтты саған?
Карина Қарақұлова тікелей Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің блогына жазыпты. Жауап та алған.«Құрметті Карина! Қазіргі кезде министрлік уәкілетті меморгандармен, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірлесіп, шетелде оқитын жастарға ӘМСҚ жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесін беру бағытында жұмыс жүргізуде. Соның аясында сіздің деректеріңіз Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілді және мәртебе тағайындау үшін БҒМ ақпараттық жүйесінен Еңбек министрлігінің ақпараттық жүйесіне берілді», – депті министр. «Соған қарамастан әлі күнге дейін ӘМСҚ менің мәртебемді мойындар емес. Қор қайтадан министрге хат жазуымды сұрайды, сонда министрлік менің шетелдік ЖОО студенті екенімді растайтын құжатты рәсімдеп жолдауы қажет. Тек содан кейін ғана олар мені сақтандыра алатын көрінеді. Екі ай болды, кеселім бойымды буып барады, маған медициналық тексеру қажет», – дейді Карина.Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық серіктестік департаменті бұл студент қыздың деректері Ұлттық білім беру дерекқорына енгізілгенін және «сақтандырылған» мәртебесін тағайындау үшін еңбек ведомствосына тапсырылғанын жеткізді. Бұл онсыз да белгілі. Белгісізі – неге онда мәртебе тағайындамаған?
«Атап өтер жайт, бұл процесс белгілі бір уақытқа созылуы мүмкін. Бүгінде министрлік уәкілетті меморгандармен бірге шетелде оқитын студенттерді сақтандыру жұмысын жүргізуде. Аталған жұмыс министрліктің бақылауында» деп жауап қатты департамент.Қазақ дарыны Әкежан Мейірханов АҚШ-тың ғылым ордасына түсті. Сонысы үшін «айыпты» болды. Себебі Қазақстанда ресми баспасөзде жыл сайын жарияланатын мемлекеттік білім грантына ие болған студенттердің тізіміндегілер қорда сақтандырылады. Ал ол тізімде тек отандық университет пен академияларға түскендер ғана енеді.
«Биылғы күзде Американың университетіне қабылдандым, аманшылық болса, 2024 жылдың мамырында бітіріп шығамын. Әйтсе де, Қазақстанда еш жерде студент ретінде есепте тұрмаған болып шықтым. Салдарынан мемлекет шәкірт жастарға ұсынатын медициналық әлеуметтік жеңілдікті пайдалана алмайды екенмін. Сондықтан БҒМ-ге жүгініп, студент саналатын азаматтар тізіміне қосуын сұрадым. Өтінішіме университетім берген ағылшын тіліндегі ресми анықтамахатты қоса тіркедім», – дейді Ә.Мейірханов.Ол да министрліктен «мәліметтерің Ұлттық білім беру дерекқорына енгізілді және Еңбек министрлігіне табысталды» деген жауап алыпты. Енді күтуі керек. Галина Кононенко өз перзентін түйткіл тұйығынан құтқару үшін шырылдап жүр. Оның ұлы ресейлік Сібір мемлекеттік геожүйелер және технологиялар университетіне, күндізгі оқуға түсіпті. Анасының арыздануы арқасында ұлына «уақытша сақтандырылған» мәртебесі берілген. Оның мерзімі 2 қазан күні аяқталды.
«Ресей университеті қазақстандық студенттеріне қашықтан білім алу мүмкіндігін ұсынды. Сондықтан үйде отыр. Пандемияның ұзайтын түрі бар. Ендеше тұрақты сақтандырылған мәртебесі қажет. Әйтпесе, емханалар медициналық қызмет көрсетуден бас тартады», – дейді ол.
Оқығаныңды дәлелде!
Қор шәкірт жастарға қызмет көрсетіп, ақша шығындамау үшін түлкібұлаңға салып, түрлі «қулықты» ойлап тапқан сияқты. Болашақ дәрігер, «Астана» медициналық университетінің студенті Іңкәр емхананың есігінен ғана сығалап жүр. Ол пандемия заманы туып, төтенше жағдай жарияланғанда ақшаға мұқтаж болып, 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш беріпті. Сол кезде Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов бұл көмекті бірыңғай жиынтық төлем төлегеннің бәрі алатынын мәлімдегені есімізде. Іңкәр содан үміттенген. Ізінше ереже өзгеріп, БЖТ төлегеннің бәріне бірдей берілмейтін болды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры студентке төлемеді. Осы кезде ӘМСҚ жүйесі БЖТ төлегеннің бәрін жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтушы деп танып, жеңілдігі бар санаттан автоматты түрде шығарып тастапты. Соның кесірінен қаншама отандық студент «сақтандырылған» мәртебесінен айырылып қалды. Бүгінде 42 500 теңге аламын деп санаттан шығып қалғандардың мәртебесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аян Исмайылов А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде 17 маусымға дейін оқыпты.«Күндізгі бөлімде, магистратурада білім алдым. Алайда биылғы ақпан мен маусым аралығында мен медициналық сақтандыру жүйесінен шығарып тасталыппын. Мәнісін сұрап, қорға жүгінсем, олар «сен ақпанға дейін ғана оқыпсың» дейді. Білім және ғылым министрлігінен сондай ақпарат алыпты. Соның кесірінен күні бүгінге дейін медициналық көмек ала алмай жүрмін», – дейді ол.Қынжылтатыны сол, қор қарыз болып қалған айлардың берешегін өтемесе, ол адамға бәрібір медқызмет көрсетпейді. Мысалы, азамат жыл басынан бері төлеп келе жатып, басына қиын іс түскен айда жарна аудара алмай қалуы, ізінше жарна төлеуін жалғастыруы мүмкін. Әйткенмен, әлгі жіберіп алған айы үшін қосымша ақша енгізбейінше, тіпті жарна аударуды жалғастырғанына қарамастан, қор оның мәртебесін «бұғаттап» тастайды. Қысқаша айтқанда, бұдан былай әрбір қазақстандық өмірінің соңғы күніне дейін бірде-бір айды жібермей, ӘМСҚ-ға ақы төлеп тұруға міндетті. БҒМ Білім беруді цифрлық дамыту басқармасының басшысы Гүл Жүсіпованың айтуынша, Аянның жағдайында олқылықты түзетуге болады. Бұл үшін ол 34 түрлі дерегі көрсетілген егжей-тегжейлі анықтама-кестені министрлікке жолдауы керек. Онда айталық, тұрғылықты мекенжайы, оқу орнының атауы, қашан ЖОО-ға түсіп, бітіргені, оқу бағдарламасының түрі, соны растайтын құжаттарының нөмірі, жеке куәлігінің деректері, байланыс телефондары мен е-поштасы, тіпті университеттің электронды поштасы мен оның сайтына сілтеме көрсетуі тиіс. Ол мәліметтердің дұрыстығын БҒМ тексерген соң ӘМСҚ-ға жолдайды. Одан әрі қор да тексеру жүргізіп, дұрыс деп тапса, базасын дұрыстайды. Тек содан кейін емхана қайтадан көмек ұсына бастайды. Айтпақшы, осының бәрі электронды түрде жүреді. Адамды әлден айырып, күш-жігерін жоятын, жүйкесін жұқартып, жынды қылатын «электронды бюрократия». Қазақстанда азаматтардың аз қамтылған үлкен бөлігі үшін жарнаны мемлекет төлейді. Мемлекет тарапынан сақтандырылатын және жеңілдік берілген санатқа колледж бен ЖОО-да оқушылар; да кіреді. Ал жалпы 15 санат бар. Бұлардың баршасы үшін ӘМСҚ тұрақты түрде бюджеттен ақша алады. Ал сол қаржыға қызмет көрсетуге келгенде сараңдық көрсететіні қынжылтады. Атап өтер жайт, қорда 552 миллиард теңгеден артық қаражат жиналған. Онсыз да аз, 19 миллиондай ғана тұрғынның денсаулығын қорғауға артығымен жетеді. Тіпті, әлемде осыдан әлдеқайда көп тұрғыны бар Токио (39 млн), Шанхай (29,5 млн), Нью-Йорк (22,5 млн) секілді мегаполистерде жалғыз департамент қана бұл міндетті абыроймен атқарып отыр емес пе?
Елдос СЕНБАЙ