Қордайлықтарда әлі де қорқыныш басым
Басқосуда ең алдымен сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов ақпараттық топтың негізгі жұмысына тоқталып өтті. – 7-23 қыркүйек аралығын қамтығын іссапарымыздың барысында 291 шара ұйымдастырылып, оған 7 929 адам тартылды. Түрлі этнос өкілдерімен кездесу кезінде 85 азаматтың 45 өтініші сол жерде шешілді. Қалғандары хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Аудандардың бөлінісіне келер болсақ, Байзақ ауданы Бурыл ауылында ұлттар арасында болған қақтығыстан кейін өзге ұлт өкілдерінің арасында елді мекеннен қоныс аударуға ниеттілердің бар екені байқалды. Жамбыл ауданында жұртшылықтың ғаламтор жылдамдығының аздығына шағымданып, мал жайылымының да жетіспейтінін сөз етті. Қордай ауданында жағдай қалыпты дегенімізбен, қақтығыстан кейін үрейленіп қалған халықта әлі болса қорқыныш басым. Балаларын әскерге жіберуге жүрексінеді. Меркіде жастар жұмыссыздығы мен дәрігер тапшылығы туындап отыр. Этникалық кемсітулер де кезігеді.Шуда өзге ұлт өкілдері арасында тіл мәселесі өзекті болып тұр. Міне, осы жайттың барлығын жіті зерделеп, бұқараға жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Енді «Бейбітшілік пен келісім» жобасына енбеген Талас пен Сарысу аудандарында ақпараттық топтың жұмысын жалғастыруды ұсынамын, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.Баяндама тыңдалғаннан кейін аймақ басшысы басқарма басшысына жасалып жатқан жұмыстың нәтижесі қаншалықты көрініп жатқанын сұрады. Дауыл Бейсенқұлов қазірдің өзінде жобаның жемісі байқалып, іссапарлар арқылы аудандар мен ауылдардағы негізгі мәселер айқындалғанын тілге тиек етіп, енді осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажетін айтты. Басқосуда бұдан бөлек, кәсіпкерлікті қолдау, дін мәселесі, құқық қорғау саласы, әлеуметтің әлеуетін арттыру бағытында жұмыс жүргізген топ жетекшілерінің де баяндамасы тыңдалды. Топ жетекшілерінің бірі – облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтың айтуынша, ауыл тұрғындарының арасында мемлекеттік бағдарламалардан мүлде хабарсыз адамдар кезіккен екен. Басқарма басшысы бұған қоғамдық-саяси жаңалықтарға қызығушылық танытпай отырған бұқараның өзін кінәлады. Соған қарамастан спикер қарапайым және түсінікті тілде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ауыл тұрғындарына түсіндіретін арнайы насихат топтарын құруды ұсынды.
– Біз қақтығыстардың қалай алдын алуға болатынын түсіндік, бейбіт жолмен шешілген кездер де болды. Алайда мұндай жағдайлар мүлдем туындамауы тиіс, ол үшін көп нәрсе атқарылуы керек. Ел басшылығы бұл мәселелерге жіті назар аударып отыр. Көбіне жергілікті деңгейдегі әкімдердің дәрменсіздігінен қабылданған шешімдер нәтижесіз болады. Бұдан былай аудан әкімдерінен атқарылған жұмыстар туралы нақты сандар мен фактілер, ауылдық округ әкімдерінің есептерін үнемі тыңдап отыруды талап етемін, – деді Бердібек Сапарбаев баяндамашылардың ұсыныстарына қолдау білдіріп.
Қасқабұлақтағы жағдай қайталанбауы керек
Өткен аптада Қазақстан күрдтері «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Князь Мирзоев та Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, Талас ауданы Қасқабұлақ ауылының тұрғындарымен кездесті.– Жамбыл облысында 80-нен астам ұлт өкілдері тұрады. Қордай өңіріндегі соңғы оқиғалар қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің бұзылуына себеп бола алмайды. Тұрғындар мемлекеттің қамқорлығын сезінуде. Барлық зардап шеккен үйлер мен басқа да нысандар қалпына келтірілуде. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында Қордай ауданын дамытуға қосымша 32 миллиард теңге бөлінді. Жаңа әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделуде. Жыл соңына дейін ауданның газдандыру деңгейін 95 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі қонаққа жалпы жағдайды таныстырып.Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қасқабұлақ ауылындағы тұрмыстық кикілжіңге кейбіреулердің ұлтаралық сипат беруге тырысқанын атап өтті. Бірақ жедел шаралардың арқасында бұзақыларды тәртіп сақшылары қолға түсірген. Билік өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайдың орын алатынын ешкім күтпеген. Себебі жергілікті әкімдік Қасқабұлақты ең үлгілі ауыл ретінде бағалайды. Соңғы бірнеше жылда мұнда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Ал дүкендерде спирттік өнімдер мүлде сатылмайды. Князь Мирзоев мұндағы жақсы дәстүрлерді сақтап қалу үшін балаларды патриоттық рухта тәрбиелеу қажетін айтты.
– Балалардың бойында кішкентай кезінен бастап өз еліне, дәстүрі мен әдет-ғұрпына, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру қажет. Қасқабұлақ ауылының мектебінде қазақ тілінде оқытатын сыныптар ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі ұлтаралық қатынастар тіліне айналуы керегін айрықша айтқан болатын. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді білуге және құрметтеуге міндетті, – деді К.Мирзоев.Бұл күні мұндай кездесу 4 мыңға жуық күрд диаспорасының өкілдері тұратын Жамбыл ауданының Гродеково ауылында да ұйымдастырылды. Түйін:
Міне, осылайша жамбылдықтар Қордай мен Қасқабұлақтағы жағдай қайталанбас үшін жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл, әрине ең бірінші ел тыныштығы мен тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалып отырғаны белгілі. Ал «Бейбітшілік пен келісім» жобасы енді Талас пен Сарысу аудандарын бетке алмақ. Топ мүшелері аталған елді мекендерде де халықпен кездесіп, көптің көкейінде жүрген түйткілдердің түйінін тарқатуға күш салады.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы