– ХІХ-ғасырда қазақ шеберлерінің қолынан шыққан мыстан жасалған самаурын өте жақсы сақталған. Барлық бөлігі бар. Ішіндегі қақтарға қарап, самаурынның қолданыста болғанын байқауға болады. Бұл самаурын-құмғанды суретші Қастеевтің қазақтың тұрмысы туралы туындыларынан көруге болады, – дейді С. Қобжанова.Музейдің көп бөлігін сағаттар алып тұр. Жәдігерлерді түрлендіру де көп еңбекті талап етеді. Сәуле Қобжанова, әлемді шарлап, 100-ден аса ерекше сағатты жинаған. Ең бастысы, олардың бәрі жұмыс істеп тұр. ХІХ ғасырдағы француз шеберлері қара мәрмәр тас пен қоладан жасаған үстел сағатының салмағы – 25 келі. Сондай-ақ ол тарихи кітаптарға да ерекше мән береді екен. Қазақстан жерінде болған тарихи оқиғалардан сыр шертетін кітаптарды Еуропаның сирек кездесетін заттар сататын дүкендерінен алған. Жәдігер иесінің айтуынша, 8 томдық шығарма атақты саяхатшы Бреянның жинағы. Бұл кітаптар жайлы ғылыми құжаттама да бар. Саяхатшы біздің өлкеге 1829 жылы келіпті. Демек, бұл кітапта 200 жыл бұрынғы деректер бар. Тіпті карта да бар. Жәдігерлердің қатарында қазақтың қолдан тоқылған кілемдері де бар. Маңдай термен жасалған соң оның қадірі ерекше. Сәуленің арманы – музей ашу. Ал әзірге оның жиынтығын достары мен туыстары ғана тамашалауда.
Ж.ТІРКЕШБАЙҚЫЗЫ