Күрдтер Сириядағы лагерьлерден содырлардың қашып кеткенін хабарлады
Күрдтер Сириядағы лагерьлерден содырлардың қашып кеткенін хабарлады
96
оқылды

Сирияның солтүстік-шығысында орналасқан Күрд автономиялық әкімшілігі Айн-Исса лагерінен ДАИШ* (ҚР аумағында тыйым салынған лаңкестік ұйым) лаңкестік ұйымымен байланысы бар жүздеген адамның қашып кеткенін хабарлады. Лагерь Сирияның демократиялық оппозициялық күші бақылап отырған аумақта орналасқан деп хабарлайды Azattyq радиосы.

9 қазанда Түркия Сирияда күрдтерге қарсы әскери операция бастады. Ресми Анкара оларды лаңкес деп таниды. Күрд әкімшілігінің ақпарынша лагерьге Түркия жағында соғысып жатқан сириялықтар соққы жасаған. Салдарынан лагерьдегілер қашып кеткен. Күрдтер ДАИШ* содырларының қайда күш жинаулары мүмкін екенін алға тартты. Лагерьде 12 мың адам болуы мүмкін.

Түрлі деректер бойынша Түркияның Сирияда жүргізіп жатқан операциясы салдарынан 80-ге жуық бейбіт тұрғын көз жұмған. Бірнеше түрік әскериі мен күрдтер тарапынан 70-ке жуық адам қаза тауыпты. БҰҰ мәліметіне сәйкес 130 мың адам үйлерін амалсыз тәрк етуге мәжбүр болды.

Анкараның Сирияда жасап жатқан операциясын Вашингтон мен Еуроодақ сынға алған еді. Бұған дейін де сарапшылар Түркияның операциясы аймақта ДАИШ* содырларының жандануына түрткі болады деп дабыл қақты. Ал Анкара олай деп санамайды.