Nur Otan Trends-те жақында ғана өткен праймериздің қорытындысы туралы пікірталас өтті. Ел тарихында тұңғыш рет өткен партияішілік праймериздің басым бағыттары сөз болып, партия хатшысы алдағы сатылар туралы толыққанды жауап берді.
Дәстүрлі түрде өтетін талқылауға Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Қазбек Байгелдинов, Жақтаушылар лигасының жетекшісі Ерлан Саиров пен партияішілік праймериз қатысушылары келді. Алдымен модератор Нұрмұхамед Байғара праймериздің қорытындысына тоқталып, алдағы этап қандай қағидалардан тұратыны жайында сұрақты талқыға салды. Аталған сауалға Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей жауап берді. «Праймериздің бірінші сатысы аяөталды. Жалпы рейтингтен бөлек, ережеге сәйкес, әйелдер арасындағы, оған қоса 35 жасқа дейінгі жастардың рейтингін жарияладық. Ережеге келсек, бірінші сатыда 82% аудан мен қала мәслихатты тізімі праймериз арқылы іріктелді. Рейтингі жоғары азаматтар тізімге енеді. 18%-ын жергілікті бюро айнықтайды. Яғни, ол квото арқылы берілетін мандатты анықтайды. Ескерер дүние, әр партиялық тізімге ережеге сайкес 35% әйелдер мен 20% жастар кіруі керек. Келесі саты – аудандық конференциялар. Конференция нәтижесінде партия тізімі бекітіліп, ауданнан облысқа, мәжіліске ұсынылатын рейтингі жоғары азаматтар дебатқа қатысады. Ол онлайн форматта өтеді. Жабық рейтинг жүргізіліп, жоғары дауыс жинаған азаматтар келесі сатыға өтеді. Ал мәжіліске келсек, жағдайды мысалмен түсіндірейін. Мәселен, Шығыс Қазақстанда 20 өңір бар. Мұнда рейтингі жоғары азаматтар облыстық конференцияға өтеді. Сонда ашық дебатқа қатысып, үздік шықса облыстың атынан партиялық мәжіліс тізіміне енеді. Конференция барысында делегаттар дауыс беретінін ескеру қажет. Делегаттар дегеніміз – өңірдегі абыройлы, белсенді азаматтар мен партия мүшелері. Делегаттар саны өңірдегі халық санына байланысты» дейді Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей. Партияшілік праймериз қатысушысы журналист, медиа-волонтер Әлия Әбсеметова 2367 дауыс алған. Ол сайлауға түскен ауданында 10 жыл тұрғанын баяндады. Әлеуметтік желі ықпалы мен оффлайн кездесулер жайын да айтты. Одан ары талқылау мұғалімдер мен дәрігерлердің праймеризге қатысуы жайында өрбіді. Бұған саясаттанушы Ерлан Саиров мысал келтіре отырып, жауап берді. «Конституцияда әр азамат сайлануға, сайлауға құқылы. Сондықтан мынау мектеп директоры екен, дәрігер екен деп сайлау құқын шектеуге болмайды. Аймақ пен облыстағы белсенділедің дені жеңіліп қалды. Мынадай тенденция бар. Мәселен, әлеуметтік желіде отырып, репост пен лүпіл жинап, жазылушылар санын көбейту мен саяси процесс – екеуі екі бөлек дүние. Партия мүшелері – мұғалімдер, дәрігерлер және ірі кәсіпорындардың қызметкерлері. Олар көбінесе әлеуметтік желіде отырмайды. Мәселе – осында. Ресми түрде әлеуметтік желіде 3 млн халық отырғанымен, желіні жүйелі түрде пайдалатындар саны 300 мыңнан аспайды. Бұл халқымыздың – 2-3%-ы. Сондықтан Лига белсенділері қатысушыларға жеңіске жеткісі келсе, әлеуметтік желіде емес, оффлайн белсенді болу керегін түсіндірдік. Нақты коллективке барып, жоспарымен бөлісуге кеңес бердік. Нәтижесінде, осы бағытты ұстанғандар жеңіске жетті. Нақты саяси процестің құрылымы бөлек» дейді Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров. Осы турасында «Қазпошта» АҚ филиалының директоры Аида Абибулаева жай қызметкер мен мекеме басшысының үлкен айырмашылығы барын айтты. «Қызметкер өзі үшін, мекеме басшысы барлық құрылым үшін жауапты. Сондықтан праймеризге жауапкершіліктен қашпайтын тұлғалар қатысып жатыр» деген пікірі көпке ұнады. Ал саясаттанушы Айдос Сарым партияішілік праймеризге жалпы баға беріп, басым тұстарын тілге тиек етті. «Біріншіден, кез келген нәрсенің мақсат мүдесі болады. Менің ойымша, праймериз партияішілік болғандықтан оның өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа азаматтар, жаңа бейнелер елге танылып, партияға қосылып жатыр. Жастардың саны көбейді. Насихат жүріп, партия тізімі жаңарды. Бастысы, ішкі дайындықты бағамдап берді. Айта кетерлігі, елемізде бір-біріне ұқсайтын облыс жоқ. Тіпті, аудан мәселелелері де бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан жалпылама қорытынды шығаруға болмайды. Праймериз деген құрылымның елге келуінің өзі – жеңіс. Енді мәдениетке сіңіп, қоғамдық бір бөлшегіне айналса, басқа партиялар қабылдап, өзіне керегін алып жатса, құба-құп» дейді саясаткер Айдос Сарым.Айбике Жанасыл