Пандемиямен күресте бұқараның сенімі маңызды
Пандемиямен күресте бұқараның сенімі маңызды
179
оқылды
Қазақстан Президенті өз сөзінде көп­теген елде эпидемиологиялық ахуал­дың нашарлағанын атап өтіп, осыған байла­нысты ахуал ушыққан жағдайда оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев түйткілді мәселелерді айта келе, тест сынамаларын алу көлемінің азай­ғанына назар аударды.
– Бүкіл әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан, елімізде оның құны жоғары болып отыр: 10 мың­нан 18 мың теңгеге дейін. Тұрғындардың басым бөлігі үшін бұл баға қымбат деп ойлаймын. Үкімет пен әкімдіктер тест сынамасын алудың қаржылай қолжетім­ділігі мәселесін шешуі керек. Сонымен қатар басқа елдермен, соның ішінде Ресеймен салыстырғанда бетперделердің бағасы әлі де шарықтап тұр. Оның да ба­ғасын төмендету қажет. Үкімет бет­перделердің бөлшек саудадағы шекті ба­ғасын 60 теңге көлемінде бекітуді жос­парлап отыр. Маған хабарлаған мәлімет бойынша, Ресейде бұл баға 20-30 теңге шамасында. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне мұндай баға­лардың сәйкестігіне талдау жасап, зертханалық қызметтер мен жеке қорғаныш құралда­рының бағаларына мониторинг жүргізуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент ел тұрғындарының жаз маусымында дәрі-дәрмек тапшылығын көргенін жиынға қатысушылардың есіне салды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасынан кейін ғана тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда: дәрі-дәр­мектердің екі айлық қоры жасақталып, қажетті препараттардың тізімі кеңейтілді, сондай-ақ оларды шетелден әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлері­не түсетінін атап өтті. Президенттің тап­сыр­масы бойынша екінші жартыжыл­дықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ үстемеақы және сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер бар.
– Жергілікті жерлерде үстемеақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дә­рігерлер жұмыс уақытының есебін тү­зетуді медицина қызметкерлерінің пай­дасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мә­лімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссия қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағ­дайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындық, соның ішінде этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда, Үкіметке қай­тыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүр­гізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызмет­керлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөз­сіз төленуі тиіс, – деді Президент.