Туристерді суық жерге қамады

Туристерді суық жерге қамады

Осыны растайтын фотосуреттер әлеу­меттік желілерде тарауда. Онда электр сымдары жыпырлап сыртқа шығып тұрған қабырғалар, жатуға жайсыз төсек-орындар, есік-терезесі аңғал-саңғал палаталар бейне­ленген. Стам­бұлдан келген отандық саяхат­шылардың қолында дайын ПТР-тест нәти­жесі жоқ болып шықты. Ереже бойынша олардың бәрі қоғамнан уақытша оқшау­ландырылуы керек. Мұндай тәсіл биылғы наурыздан бері қол­данылуда. Бірақ тәжірибе бәрібір жолға қойылмағанға ұқсайды. Елде жасатқан тест нәтижесін күту үшін стацио­нарға тоғытылған адамдар ол ғимараттың жай-күйіне шошынады.

«Арамызда бірнеше рет ұшаққа ауысып отырғандар бар. Ақтауға қонғанда бір сағаттан астам уақыт бойы ұшақтан шығармай қойды. Таң азанда, 06.50-де кішкентай балала­рымызбен бірге суық автобусқа отырғызып, провизорлық стационарға әкелді. Мұндағы жағдайды көріп, жаға ұстадық. Біріншіден, палаталар суық, ызғар еседі. Екіншіден, күлімсі иіс қолқаны жарады. Не шкаф, не жуынатын бөлме жоқ. Суып қалған тамақпен қоректендіруде. Мұн­дай жағдайда жылы жақтан келген адам суық тиіп, ауырып қалуы мүмкін. Бұлар біздің ауырып қалуымызды қалай ма?!» деп дол­данады жолаушылардың бірі. 
Түркиядан елге оралған ұшақта 94 жолау­шы болды. Бірақ оның 83-нің қолында ПТР-тест анықтамасы болғандықтан, бірден үйлеріне жіберіліпті. Тек үйіне лайықты жетудің қамын шетелде жүріп жасамаған, жауапкершілік танытпаған 11 адам стацио­нарға жөнелтілді.  

Ерік ЕРДЕНОВ