Соғыс көрген балалар бейбіт күнге бейімделе ме?
Соғыс көрген балалар бейбіт күнге бейімделе ме?
347
оқылды
Үш кезеңде жүргізілген «Жусан» опе­рациясы адасқандарды жусан исі аңқыған Отанына қайтарып, уланған сананы тазартуды мақсат етеді. Жа­қынын жоғалтқандарға жақсы жаңа­лық жеткізуді көздеді. 2019 жылдың 28-31 мамырында гу­манитарлық акцияның соңғы кезеңі өткен болатын. Қақтығыс аймағынан Қазақстанға 520 бала мен 142 әйел оралған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқан. «Жусан» операциясы бір­неше рет жүргізілгенін жақсы біле­сіздер. Жүздеген бала елге орал­ды. Олардың дені мектеп, тіпті мек­тепке дейінгі жастағы балалар. Қа­зір педагогтерді, психологтер мен басқа да мамандарды тарту арқылы ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Нә­тижесі де жаман емес» деген еді. Елге қайтарылған соң балалар оңал­тудан өтіп, арнайы бейімдеу орталығына орналастырылған. Бас қалада өткен баспасөз отырысы­ның бірінде Ұлттық қауіп­сіздік комитеті өкілдері Сирияда әлі 300 қазақстандық қалғанын айтқан. Оның жартысына жуығы балалар деседі. Жалпы, ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының мә­лім­еттеріне сүйенсек, ДАИШ және басқа да террористік ұйымдардың құрамындағы отбасылардың 29 000 баласы әке-шешесінің кесірінен жазықсыз жапа шегіп отыр. Олар­дың дені – 12 жастағылар. Бұл ба­лалардың 70 пайызы Ирактан болса, қалған 30 пайызы әлемнің алпыс елінен деген дерек бар. Атыс-шабыстан көз ашпайтын жерде жүру бала тұрмақ, ересекке оңай емес. Соғыс аймағында жас буынның санасын улайтын түрлі әдісті қолданып, жауыздыққа тәр­биелейтіні тағы бар. Өйткені ДАИШ ұйымының балаларды со­ғыс тәсіліне баулитыны бұрыннан белгілі. Қолға қару алып, адамды қалай өлтіру керегін үйрететін арнайы сабақтар өткізіледі. Ең қиыны, ата-анасының келісім берген-бермегенімен ешкімнің шаруасы жоқ. Кәмелетке толмаған бала­лардың құқығын қорғайтын әлеу­меттік пси­хологиялық «Шанс» ор­та­лығының же­текшісі Ольга Рыль – «Жусан» гуманитарлық ак­циясының басы-қа­сында жүрген­дердің бірі. «Шанс» орталығы Си­риядан оралған әйелдер мен ба­ла­лармен тығыз жұмыс істеп, оңал­туға ат салысып келеді. «2019 жыл­­дың қаңтарынан бері «Жусан­ның» аясында жұмыс іс­теп келеміз. Бірінші кезеңде 11 әйел, 30 бала оралды. Әлеуметтік, меди­циналық тексерістен өтіп, Ақ­тауда карантиннен соң кейбірі біздің орталыққа келді. Өйткені бәрі бірдей үйіне орала алмады. Кете­рінде мал-мүлкін түгел сатып кет­кен­дер, үйсіз-күйсіз қалғандары бол­ды. «Жусан-2» шеңберінде 150 әйел, 407 бала келді. Бұл жолы алдыңғысына қарағанда ед­әуір көп жұмыс күтіп тұрды. Әр ай­мақ­тағы психолог, әлеу­меттік қыз­мет­керлер Сириядан орал­ған әй­ел­дермен, балалармен ты­ғыз байланыста болып, орталық­та жұмыс істеді. Ішкі істер министр­лігінің арқа­сында құжаттар тез дайындалды. Тағы бір айта ке­тер­лігі, геномдық экспертиза жасау­ды сұрадық. Өйткені басқа жақта босанған әйелдерде құжат болмады. Ең ауыры, жетім бала­лардың туыстық байланысын анық­тау болды. Қамқоршы органдар мен білім басқармалары бұл балаларды енді кім жауапкер­шілігіне алатынын білуі керек болды. Міне, осы сынды көптеген мә­селені шештік», – дейді Ольга Владимировна. Педагогтер балалардың са­уа­тын ашып, құрдастарымен қа­тар­ластыру үшін жұмыс істеген. Яғни, тек білім деңгейін ғана емес, эмоционал жай-күйін де рет­теу мақсатында көп жұмыс ат­қарылады. Әр баламен жеке жұмыс істегеннің арқасында олардың әдет­тегі мектепке не балабақшаға баруға әзірлігі, қандай орта қажет екені – бәрі ескеріледі. Олай дей­тіні, жасы мектепке баруға же­тіп тұрғанымен, ақыл-есі оған жет­пеуі мүмкін. Ольга Рыльдің ай­туынша, балалар тіпті мектеп ту­ралы ұмытып қалған, кейбірі оқу ордасы туралы мүлдем бейхабар. «Біз балалармен жұмысты музейге апарып, Қазақстан тарихын оқы­тудан бастадық. Мемлекеттік би­лік, жергілікті атқарушы орган­дарды таныстырдық. Бұрын мек­теп көрмегендерге сыныпқа кіру, тақта мен парта, қоңырау даусы қызық болды. Жаңа өмірдің бас­тауы іспеттес көрінді. Олардың бұ­рын көрген өмірінен мүлдем бас­қаша. Көпшілігі – сол жақта өмір­ге келгендер немесе елде алғаш­қы сыныптарда оқып, кейін ұмы­тып қалғандар. Қиыны сол, бұл балалар өте радикалданған. Се­бебі көргені – соғыс, қирату, мәйіт, азап. Көз алдында ата-анасы мен бауырларының өлге­нін көргендер бар. Бұл әрине, пси­хикаға ауыр. Әрі болашақта бәрібір ойға оралады. Дегенмен жүйелі жұмыс керек». Қарағанды облысының кон­фес­­сияаралық қатынастарының проб­лема­ларын зерттеу және тал­дау орта­лығының басшысы Ду­лат Төлегенов «Жусаннан» кейін­гі жұмыстарға тоқталып, балалардың қазіргі жағдайы жайлы әң­гімелеп берді. «Балалар әр ай­мақтағы орталықтарға бөлінген соң олардың жеке басына арналған жұмыс жоспары құрылды. Енді бүгінде жан-жақты атқарылған жұ­мыстың арқасында қоғамға толық­тай бейімделіп келеді. Мә­селен, біздегі балалардың ішінде өзін ортадан шет­тететін, кем са­найтыны жоқ. Шыны керек, оңалту жұмыстарын ересектерге қарағанда балалармен атқарған әлде­қайда оңай екен. Әрине, бір жыл бұрын, елге енді келгенде өте қарқынды жұмыс істедік. Қазір сәл бәсеңдедік. Өйткені оған аса үлкен қажеттілік жоқ», – дейді Дулат Рашидұлы. Балалар әлеуметтік оңал­ту орта­лығына енді орналас­тырыл­ған­да психологтер мынадай тап­сырма беріпті: қазіргі көңіл күй, ой-армандарын бейнелеу. Содан әркім көргенін, ойын­дағысын салады. Сөйтсе, көп­шілігі жарылыс, қара түнек, күнсіз аспан, қашып бара жатқан, көзінде қорқынышы бар адамдар, күңгірт құбылыстарды салыпты. Демек, олардың көзін ашқаннан бергі көргені сол ғана болғаны. Ал енді арада бір жыл өткен соң әлгі тәжірибені қайта қайталағанда, балалардың ойнап жүр­генін, ашық аспанды, қуанышты сәт­терді бейнелегенін байқапты. Ар­найылап тапсырма бермесе де, салған суреттеріне қарап, ішкі жан дүниеде оң өзгеріс барын осыдан білсек болады. Десек те, ауыр күндердің ізі лезде өше қоймайды. Түбегейлі санадан жо­йылып кетпеуі де мүмкін. Сондықтан «адасқанның айыбы жоқ» демекші, қайта үйірін тапқандарды өзектен теп­пей, бауырға басу – міндетіміз.  

Жадыра АҚҚАЙЫР