Осыдан біршама уақыт бұрын «Шымкент қаласының билігі қаладағы ипподром аумағын BI Group құрылыс компаниясына сатпақшы екен» деген сыбыс шығып, билік дәлізінде қабылданған бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсіп, мемлекет меншігіндегі жерді сатуға қарсылық білдіргендердің қарасы күн санап артты.
Шымкенттіктердің шамына тиген бұл бастаманың шаңы басылмай жатып, тағы бір сауданың ұшы қылаң берді. Бұл жолы Шымкент қаласының халықаралық әуежайы сатылымға түсіп отыр.
Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміндегі әуежайды сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру үшін жарияланған тендер талаптары электронды сауда-саттық алаңына орналастырылған. Бастапқы құны 5,2 млрд теңге деп жарияланған нысанның кепілдік жарнасы 785,1 млн теңге болып бекітіліп отыр. Сауда 8 қазанда басталды.
Тендерге қатысушыларға бірқатар талап қойылған. Атап айтқанда, әуежайдың болашақ иесі сенімгерлік басқару кезеңінде нысанның негізгі профилін, яғни ұшақтарды қабылдап-жөнелту, ұшу алдындағы дайындық және тағы басқа міндеттерді атқаруы тиіс. Сенімгерлік басқару кезеңіне кем дегенде 6,0 млрд теңге инвестиция тартуға дайын болуы керек. 2021 жылдан бастап ең кемі 150 млн теңге болатын жылдық таза табыс көлемін ұлғайтуды, әуежай міндеттемелері бойынша қарыздарын жабу сияқты талаптарды мойнына алады.
Шымкентте жарияланған сауданың жаңғырығы елордаға да жетсе керек, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов «Қазақ телеграф агенттігінде» Шымкент әуежайына қатысты сауда-саттық әлдебіреулерге тиімді екенін, сондықтан оны қысқа уақыт ішінде, тез арада у-шусыз өткізіп жатыр деген пікір білдірді.
«Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Шымкент әуежайы» АҚ сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер жариялады. Сенімгерлік басқару мерзімі – 10 жыл, ал өтінімдер үш апта ішінде: 2020 жылдың 18 қыркүйегі мен 8 қазан аралығында қабылданады. Мұндай қысқа мерзім көптеген стратегиялық инвесторды конкурстан шығарады», – дейді А.Жамалов.
Ол сондай-ақ әуежай құны небәрі 5,2 миллиард теңгеге бағаланып отырғанына наразылығын білдіріп, төмен баға қойылған деп есептейді. Парламент Мәжілісінің депутаты тендерге қатысуға өтінім беру мерзімін ұзартуды ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде тендерге қатысуға ниет білдірген қатысушылар санының артуына себепші болып, Шымкент әуежайын сатудан мемлекет көретін пайда көлемі еселене түседі деген көзқарасын жеткізген.
Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласында «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ жолаушыларға арналған жаңа терминалдың құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 21,5 млрд теңге болатын бұл нысанның құрылысына аталмыш әуекомпания күні бүгінге дейін 4,8 млрд теңге жұмсаған. Алғашқы қазығы 2019 жылдың наурыз айында қаланған жаңа терминал биылғы қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты әуекомпания биылғы жылдың наурыз-сәуір айларында әуерейстердің тоқтатылуы себепті 6 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырағанына қарамастан, компания жоба құрылысының тоқтауына жол бермей келеді.
Жаңа терминал іске қосылған жағдайда мұнда бір мезетте 16 ұшаққа қызмет көрсетіліп, ұшу алдындағы тіркеуден сағатына екі мың адам өткізілетін болады. Сатылымға шығарылып отырған бүгінгі терминал сағатына небәрі 100 адамға ғана қызмет көрсетіп, жолаушылар ағынының жылдық көрсеткіші 800 мың адам болса, жаңа терминалда жолаушылар ағынының жылдық көрсеткіші 3,5 млн адамды құрамақ.
Vera.kz ақпарат порталына түсініктеме берген «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Виктория Старожилованың мәлімдеуінше, Шымкент қаласындағы ескі терминалды сатып алуға шарттарын компания айтарлықтай қосымша шығын деп санайды.Сондықтан оны алуға құлықты емес
«Шымкент әуежайын сатып алу конкурсына қатысу туралы жарияланған шарттар жиынтығы 700 млн теңгеден асатын қаржылық жарна төлеуді талап етеді. Бүгінгідей әуе қатынасы тұрақсыз болып тұрған шақта жаңа терминал құрылысын жүргізу, әуемаршруттар желісін дамыту, компания өнімін ұлғайту міндеттерімен қоса, мұндай қаржыны біржолғы тәртіппен төлеуді айтарлықтай қосымша шығын деп есептейміз. Дегенмен «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ барлық амалды қарастырады», – деді В.Старожилова.
Осы тұста айта кетер бір жайт, 1963 жылы салынған әуежай ғимараты күні бүгінге дейін бірнеше рет жөнделіп, жаңартылды. Әуежайдың ұшып-қону жолағынан бастап ғимараттың сыртқы келбетіне дейін өзгертіліп, заман талабына сай жаңғыртылып отырды. Демек, 5,2 теңгеге бағаланған нысанның құны әдеттегідей арзан тәрізді көрінетіні рас.
Сауданы бір кісідей білетін шымкенттіктер тарапынан қазірше әуежай сатылымына байланысты байламды пікірлер айтыла қойған жоқ. «Сауда әділ болмаса, нарық бұзылады» демекші, бұл жолғы сауда нарыққа дөп келген сыңайлы. Дей тұрғанмен сауданың көрігіне қызыққан дөкейлеріміз мемлекет мүлкін саудаға салар тұста «Құныққан саудагер сақалын күзеп сатады» дейтін халық тәмсіліне ой жүгіртіп, әбден таразылаған шешім қабылдайды деген ойдамыз.