Бұл шытырман оқиғалы туындыларда немесе байырғының жасырулы қазыналарын іздеушілер үшін әлдебір тылсым, романтикалық реңкке бөленген көрініс болуы мүмкін. Ал шынайы өмірде ол – экология, әсіресе, Каспийдей тұйықталған теңіз үшін залал мен қасірет. Бұған тосқауыл қою мақсатында, елімізде тұтас заң қабылданбақ.
2015 жылдың қарашасында Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Тиба» атты ирандық кеме қайраңға шығып қалды. Сонда Қазақстан Үкіметі ирандық сақтандыру компаниясына өтемақы беру туралы өтініш білдіреді. Алайда көршінің компаниясы қазақ тарапының заңды талабын орындаудан бас тартқан. Ирандық компанияға ықпал етер тетігі болмаған Қазақстан амалсыздан 2 жыл бойы ол кеменің теңізді мекендеушілерге зиян келтіруінің алдын алу шараларына бюджеттен қыруар шығын шығарды. Сақтандыру төлемін төлеу секілді қалыпты істі мемлекетаралық келіссөздер нәтижесінде шешуге тура келген.
Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Каспий түбінде «жерленген» кемелер мен конструкциялар саны 80-нен асып кетіпті. ЮНЕСКО дерегінше, әлемде бүгінде мұхиттар мен теңіздер астында кемелердің шамамен 3 миллион бөлігі жатыр. Алайда өзгелерден айырмашылығы сол, біздің Каспий суы ащы болғанымен, өзі тектес алып мұхиттарға қосылмайды, құрлық ортасында қысылған. Тиісінше, зиянды заттар ұлан-байтақ мұхиттарға әкетіліп, тазартылмайды.
– Каспий теңізі Жер ғаламшарындағы аса ірі ішкі су қоймасы саналады. Дерекке жүгінсек, Каспий теңізінде 80-нен астам батқан және иесіз тасталған кемелер мен металл конструкциялар бар. Алайда бұл мәлімет нақты емес. Осы теңіз түбінде қандай тарихи-мәдени ескерткіштер жатқаны да беймәлім. Каспийде археологиялық зерттеулер жүргізу ісі жеткілікті дәрежеде дамымаған. Салдарынан, суасты мәдени мұрасын зерттеулер және олар туралы мәліметтер өте аз, – дейді Суасты мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенцияның бағдарламалық маманы Чихиро Нишикаева.
Батқан кемелер мұнда жүзетін өзге кемелерге қауіп тудырады. Сарапшылар кемелердің біразы кеңес кезінде апатқа ұшырағанына назар аудартады. Мұнда тіпті өз заманында соғыс болған.
Соның ішіндегі ең ірісі тарихшыларға «Түпқараған шығанағындағы шайқас» деген атпен белгілі. 1919 жылғы 21 мамырда, Маңғышлақ түбегінің солтүстік-батыс жағалауында, Форт-Александровск (қазіргі Форт-Шевченко қаласы) маңында жүрген сол шайқаста бір тараптан – әскери флот қызметшісі А.Сабыров қолбасшылық еткен большевиктердің «Жұмысшы-крестьяндық қызыл флотының» Астрахан- Каспий флотилиясы және қарсы тараптан – коммодор Д.Норрис басқарған патшаның ақ гвардиясы мен британдық Корольдік флоттың Каспий флотилиясының кемелері сұрапыл ұрысқа килігіп, қанды қырғынға түсті. Каспий теңізіндегі ең ірі соғысқа он шақты крейсер, қаптаған торпедалық катер, танкер, эсминец, қарулы пароходтар, «Минога», «Макрель» секілді сүңгуір қайықтар, әртүрлі үлгідегі көлік кемелері, «Демосфен» мина бөгеуші кемесі, қалқымалы батареялар және басқасы тартылған, оның біразы өртке оранып, бұзылып, суға батыпты.
Одан бертінде, 1957 жылы «Ашхабад» атты кеңестік алып корабль Каспий теңізінде қайраңға ұрынып, апатқа ұшырап, батып кетті. Ресми мәлімет бойынша, 270 адам қаза тапты деп танылды. Кейбір мәліметтер онда шамамен екі мыңға жуық адам болғанын нұсқайды. Қалғандары «із-түзсіз кеткендер» қатарына жатқызылыпты.
Ол аз болса, теңіздің Қазақстанға тиесілі бөлігінде тіпті «кемелер моласының» барлығы туралы дерек ақпарат құралдарында жазылып, көрсетіліп жүр. Онда жатқан су көліктерінің басым көпшілігінің нақты қожайыны жоқ. Өйткені Кеңес Одағы кезінде есептен шығарылған және сол тұста әртүрлі қару-жарақты сынауға пайдаланылған көрінеді. Каспийдегі қырық жылдай уақыт бойы қалыптасқан кемелер «зираты» ауданы жанынан бүгінде азаматтық та, әскери де кемелер жүзбейді, айналып өтеді.
Шекарашылар «200-аудан» деп атайтын жерде, су астында тау-тау болып үйілген қалқымалы понтондар, баржалар, катерлер және өзгелері тот басып, шіруде. Ол жақта КСРО Қарулы күштері ондаған жыл бойы зымыранды кемелерін сынап, жаттығулар өткізген деседі. Ал есептен шығарылған кемелер нысана рөлін атқарған. Қиратылған кемелер сол бойы қалды. Бірі қалқиып су бетіне шығып жатыр, алайда ең қауіптісі – теңіз түбінде жатқаны.
ҰҚК Шекара қызметінің «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасы темір кедергілерге жолығып, қатерге душар болмас үшін өздерінің кемелері мен катерлеріне ол ауданға кіруге шектеу қойылғанын журналистерге растады. Бұл шара шекарашылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу үшін жасалыпты.
Кеңестік кемелер калдығы 1 шаршы шақырымда шашылып жатыр. Алайда ол аудан 200 шаршы шақырымға дейін жауып тасталған. Бұдан алты жылдай бұрын сол аумақта қайғылы оқиға бола жаздады. Браконьерлерді қуғындаған шекарашылар катерінің астыңғы жағын тосыннан теңіз түбіндегі кемелердің қаңқасы тіліп өткен. Экипаж әзер дегенде аман қалып, құтқарылды. Жалпы, браконьерлер бұл аумақты «жерұйыққа» айналдырып алған деседі. Бір жағынан, қашып құтылуға оңай. Екінші жағынан, ол жақта бекіре балықтарының уылдырық шашу ауданы орналасқан, сондықтан отандық және шетелдік заңсыз балық аулаушылар сонда қаптатып тор тастайды.
Қазақстан бюджет қаржысына, сонымен қатар инвесторлар есебінен кеңестік «зиянды» мирастан құтылуға қам қылуда. Бірнеше кеме судан шығарылып, утилизацияланған. Бұл іс ары қарай жалғаспақ.
Үлкен проблемалардың бір парасы қожайыны бар кемелерге қатысты. Ол түйткілдің түйіні күні бүгінге дейін тарқатылмай келеді. Енді мемлекет халықаралық тетіктерге жүгінбек. Осы мақсатта «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы әзірленді.
Иесіз тасталған су астындағы кемелер саны әлемде барған сайын көбейіп келеді. Ал жағалаудағы елдер үшін оларды шығарып, кәдеге жарату құны қымбаттауда. Бұл Қазақстанды қоса алғанда, жағалаудағы барлық мемлекеттер үшін салмағы зілбатпан ауыртпалық. Қауіп-қатердің артып бара жатқанын түсінген көптеген елдер халықаралық теңіз ұйымының (ХТҰ) конвенциясына қосылуда. Олардың саны 46-ға жетті, арасында Германия, Мальта, Панама, Сингапур, Ұлыбритания сияқты теңіз державалары, ал Каспий бассейні елдерінен тек Иран бар.
Осы салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның аумақтық суларында теңізге батқан кемелердің екеуі – әлгінде айтылған ирандық «Тиба» кемесі және ресейлік «Аракс» танкері теңіз дәліздеріне жақын жерде апатқа душар болды. «Аракс» 2016 жылғы қарашада Каспий теңізінің қазақстандық бөлігіндегі «Песчаный» мүйісі ауданында қайырлап қалды. Содан бері бұл танкер қолдан-қолға өтіп, бірнеше рет сатылған. Ақыры 2018 жылғы сәуірде Denal Metal Group компаниясы оны көтеруге кірісті. Бірнеше бөлшекке бөліп, әуе жастықшаларының көмегімен құрлыққа шығарды.
«Тибадан» аузы күйген Қазақстан Үкіметі енді тек «үрлеп ішеді». «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделгендей, кемелер иелерінен оның халықаралық қорғау және өтемақы клубтары тобында (Рrotection and indemnity club, P&I club) сақтандырылуын талап етпек.
Егер заңды Парламент қабылдаса, Каспийдің қазақстандық айдынына кіретін барлық кемелерге шекарашылар көтеріліп, онда суға батқан кемелерді жою туралы сақтандыру куәлігінің немесе шет мемлекеттің өзге де қаржылық кепілдемесінің болуын тексере алады. Мәселен, аталған конвенцияға мүше көрші Иранның заңнамасына сәйкес, бұл елдің аумақтық суларына енетін кез келген кемеде P&I club клубтарының тобы беретін blue card атты сақтандыру полисі болуы тиіс.
Алайда сарапшылардың түсіндіруінше, бұл тетік толық күшіне енуі үшін еліміз ХТҰ-ның тиісті конвенциясын да ратификациялауы керек. Билік бұдан «кет әрі» емес. Құжатқа қосылу туралы 2017 жылы шешім қабылданған. Бірақ шенеуніктер арасында белең алған жаман әдет кесірінен оны Парламентке енгізу ісі созбалаңға салынып кеткен. Ал тиісті заң жобасы екі-ақ баптан тұрады.
Қазақ елі бұл істе АҚШ-тан үлгі алғаны жөн. Америкада тұңғиыққа жол тартқан кеме қожайынына қойылар талап конвенциядағыдан да қатал. Қожайыны өз бетінше, өз қаржысына кемені дереу судан алып шығуға міндетті. Егер одан бас тартса, құзырлы органдар іс-қимылға кірісіп, кеме иесін қылмыстық және әкімшілік жазаға тартқызады.
Біз бодан шақта бір теңізімізден айырылып қалдық. Бостан шақта болбырлық пен босаңдық танытып, Каспийді құртып алмайық.