Назарбаев университетіне мәртебелі меймандар сау ете қалды. Олар инновациялық жаңалықтар мен стартап-жобаларға қанықпақшы. Дариға Назарбаева бастаған сенаторларға белді ЖОО-ның оқытушылары мен студенттері төл жетістіктері туралы айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Назарбаев университетінің президенті Шигео Катсудың айтуынша, шәкірттер өз идеялары мен жобаларын түрлі мекемелер мен мемлекеттік құрылымдарға ұсынып жатыр. Медицина, экология, ғылым, білім беру, қауіпсіздік салаларында ондаған ірі ғылыми жаңалықтар табысты пайдаланылуда екен.
Студенттер сенаторларға Балқаш көліндегі судың сапасы мен құрамы зертханада қалай зерттеліп жатқанын көрсетті. Жоғары оқу орнының студенттері сондай-ақ өз зерттеулері емдеу мекемелеріндегі ауыр науқастарға, оның ішінде онкологиялық сырқаттарға диагноз қоюда дәрігерлерге көмектесетінін айтты.
Сенат депутаттары университет аумағында орналасқан технопаркті де аралады. Ол университетте жұмыс істейтін жоғары технологиялық инновациялық компаниялар орналасуы үшін құрылған.
Сенаторлар сандық 3D-голограмма жасаушыларымен әңгімелесті. Технология кез келген ғимаратты сандық нұсқаға көшіруге және оны сыртқы жағынан ғана емес, ішкі жағынан да 3D-сипатында егжей-тегжейлі көрсетуге мүмкіндік береді. Депутаттарға сондай-ақ топырақты мұнайдан тазартумен, ағынды суға талдау жүргізумен және тағы басқа жұмыстармен айналысатын компания таныстырылды.
Жоғарғы палата депутаттары сол күні Astana Hub халықаралық технопаркінде де болды. Мұнда 130 IT компания жұмыс істейді және салық жеңілдіктерін пайдаланады. 690 стартап инкубациялық және акселерациялық бағдарламаға қатысыпты.
Сенаторларға қазіргі заманғы халықаралық оқыту әдістемесі қолданылатын бағдарлама жасаудың жаңа мектебі таныстырылды. Онда студенттер оқытушының қатысуынсыз, бір-бірін оқытады.
Депутаттарға сондай-ақ стартап-жобалар паш етілді. Олардың қатарында – психологтың онлайн-кеңесі, жеке медициналық орталық, пәтерлерді жөндеуге арналған онлайн-сервис, төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі балаларға арналған оқу материалдары бар.
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева кездесуді қорытындылай келе, жаңа технологияларды пайдалануды реттеуге, жас кәсіпкерлерді қолдауға, экономикада ғылыми-зерттеулерді кеңінен пайдалануды қамтамасыз етуге қатысты бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды.