Халықаралық тәртіпті сақтау үшін әлемдегі парламентшілердің ынтымақтастығын нығайту қажет. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық делегация Сербияда өткен Парламентаралық одақтың 141-ассамблеясына қатысты.
Дүниежүзінің әр атырабынан келген парламентшілерінің басын қосқан маңызды форумда халықаралық құқықты нығайту, соның ішінде Парламенттің рөлі мен тетіктері, аймақтық ынтымақтастық мәселелері әңгіме өзегіне айналды.
Мәжіліс спикері халықаралық әріптестік пен ынтымақтастыққа сына қағылып жатқан қазіргі кезде тек ұзақмерзімді мемлекетаралық келісімдер ғана емес, тіпті БҰҰ қарарлары да бұзылып жатқанын, сондықтан ПАО талқылауына шығарылған мәселелер маңызды әрі ауқымды екенін айтты.
– Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жалғастырып жатқан Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың стратегиялық бағыты арқасында Қазақстан халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын ары қарай да сақтайтынын және ұстанатынын атап өткім келеді, – деді Н.Нығматулин ұйым ассамблеясының отырысында.
Ол қазақ елі өңірлік және жаһандық қақтығыстарды тек халықаралық деңгейде мойындалған келіссөздер форматында шешу үшін диалог алаңдарын құрып, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге күш салып жатқанына тоқталды. Нұрлан Зайроллаұлының айтуынша, төрткүл дүниенің қос бөлігі – Еуропа мен Азия тоғысында орналасқан Қазақстан үшін аймақтық ынтымақтастықты дамыту ерекше маңызды.
– Парламенттер өздерінің мүмкіндіктері мен жұмыс тетіктері арқылы халықаралық құқық қағидаттарын сақтау және нығайту ісіне елеулі үлес қоса алатыны анық, – деген Мәжіліс төрағасы ол тетіктердің бірі – парламенттік дипломатия екенін нұсқады. Оның маңыздылығы биылғы қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өткен Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесінде расталды.
Нұрлан Нығматулин Елбасы Н.Назарбаевтың ынтымақтастықты халықаралық құқық негізінде дамытуға мүмкіндік беретін негізгі бастамаларына шетелдік парламентшілер назарын аударды.
– Өз кезегінде Парламентаралық одаққа қатысушы парламентшілер БҰҰ жарғысының орталық рөлін жандандыру бойынша жоғары деңгейдегі заңнамалық пікірсайыстар өткізе алады, – деді спикер.
Оның байламынша, құқықтық актілерді үйлестірудің де мәні зор. Бұл терроризммен және есірткіні интернет арқылы сатумен күресте ортақ күш-жігерді үйлестіруге, сондай-ақ әлемдік экономика мен әлеуметтік дамудың жаңа цифрлы дәуірге өтуі кезінде қажетті құқықтық базаны жасауға жол ашады. Мәжіліс басшысы өз әріптестерін БҰҰ-ның Ядролық қаруға тыйым салу туралы жаңа шартын қолдауға және ПАО-ға қатысушы елдерді оны ратификациялауға үндеді. Қазақстан осы келісімді 2019 жылдың шілдесінде ратификациялады.