Алмас СЕРІКҰЛЫ,
DalaSazy шеберханасының иесі,
этнодизайнер,
қолөнер шебері:
– Зергерлік бұйымдар мен ұлттық саз аспаптарын жасаумен 9 жылдан бері айналысамыз. Төтенше жағдай басталғанда 1-2 айға ғана созылады екен деп ойладық. Оның алдында бұйым жасау үшін материалдарға тапсырыс беріп қойғанбыз. Тапсырысымыз жетпей қалды. Кәсіпкерлер ғана емес, халық та қатты қысылды. Бұйым мен аспаптарымызға тапсырыс тоқтады. Орташа есеппен табысымыз 4-5 есе азайды. Төтенше жағдай режимі бітіп, карантин болған күннің өзінде оңалып кете алмадық. Өзіміз де ауырдық. Бір нәрсе анық, биыл жоспарды орындай алмаймыз. Шеберханамыз Алматы қаласының шетінде орналасқан, егер қаланың ішінде болса тіптен зардап шегер едік деп ойлаймын. Қызметкерлеріміз де қала шетінде тұрады, әйтеуір жұмысқа келіп тұруына мүмкіндік болды. Кейбірі амалсыз шеберханаға қонып, жұмысын жалғастырды. Індет зардабының орнын 1-2 жылсыз толтыра алмаспыз. Әлі алдымыз бұлыңғыр.
Ирина БЕЛЯЕВА,
PRESTIGE жиһаз кәсіпорны
директоры:
– 1997 жылы іргесі қаланған мекеме пандемия алдында 250 адамды жұмыспен қамтып отырды. Төтенше жағдай кезінде қиындыққа тап болдық. Кіріс 100 пайыз тоқтады. Қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына жібердік. Ақылдаса келе сауданың онлайн түріне көштік. Сәуір айындағы жоспардың тек 25 пайызы іске асты. Жиһазды көзбен көрмей ала алмайсыз. Әр жиһазды жан-жағынан суретке түсіріп, тұтынушыға таңдау жасауға жол аштық, үйіне жеткізіп бердік. Қажетті материалдардың бағасы жығылғанға жұдырық болып 10-20 пайызға өсті. Материал шетелден тасымалданады, сондықтан доллар бағамының өскені кері әсер етті. Пандемия бізге әлеуметтік желімен жұмыс істеуді үйретті. Мамыр айының соңында ғана дүкенімізді ашуға рұқсат алдық. Қазір жағдай сәл де болса реттеліп келеді. Жұмыс қарқынын бұрынғы өлшеммен қарасақ, 50 пайыздан асырдық.
Бағлан МОЛДАБЕКОВА,
«Тойлар индустриясы»
той ұйымдастыру
орталығының жетекшісі
– Қазір білеміз, той өткізуге тыйым салынған. Жасыратыны жоқ, 20-30 адамдық тойлар өтіп жатыр. Бірақ одан сұраныс аз. Қызметімізді толық ұсына алмаймыз, шағын тойға кемі той орталығынан асаба, әнші мен бишісі бар, он шақты адам баруы тиіс. Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге көмек алдық. Қол астымда жұмыс істейтін студент қыздар жұмыссыз қалды, жеке тігіншімізді босаттық. Қазір халықтың қалтасы той өткізуді көтермейтін секілді. Жалға алып отырған ғимаратымызды ауыстырдық, қалтаға салмақ салды. Салықтан босатылдық. Бұрын Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласының арасында шапқылап жүріп, той ұйымдастырдық. Миллиондап табыс таптық, бірақ қазір ол табыс жоқ. 10 пайызын тапсақ та қуанатын болдық.
Мадияр ТӨЛЕУ