Майлыбаевты босатудан бас тартты
Майлыбаевты  босатудан бас тартты
142
оқылды

Сот Президент Әкім­шілігі басшысының бұ­рынғы орынбасары Бағ­лан Майлыбаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Бұл осы аптадағы елеулі жа­ңалыққа айналды. Себебі Б.Майлыбаев Қазақстан тарихында түрмеге отыр­ғызылған ең биік лауазым­ды шенеуніктің бірі болып есептеледі.

Мерзімінен бұрын босатуды оның өзі сұраған. Алай­да Нұр-Сұлтан қалалық соты мем­ле­кеттік құпияны заңсыз та­рат­қаны үшін сотталған Бағлан Майлыбаевты бостандыққа шы­ғару әзірге ерте деген шешімге келгенге ұқсайды. Осы орайда, сарапшылар оның «мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеген тұлға» болғанына назар аударта­ды, яғни босап шығуы үшін өзек­ті құпиялардың ары қарай жария болмайтынына кепілдік болғаны жөн.  

Бір атап өтер жайт, елді елең еткізген сот шешімі бір жарым айдай бұрын шығарылған. Бірақ қазір ғана жарияланып отыр.

«Қылмыстық істер бойынша сот алқасының 2019 жылғы 4 қыр­күйектегі қаулысымен сот­талу­шының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартыл­ды», – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Бағлан Майлыбаев 2011 жыл­ғы қазаннан 2017 жылғы 12 қаң­тарға дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қыз­метін атқарды. Лауазымынан қуыла сала, 16 қаңтарда қолына кісен салынды. Б.Майлыбаев Қыл­мыстық кодекстің «Лауа­зым­­дық өкiлеттiктерді теріс пай­далану» атты 361-бабы 4-тар­мағында және «Мемлекеттiк құ­­пияларды заңсыз жинау, та­ра­ту, жария етуге» қатысты 185-бабы 3-тармағында айтылған қылмыстарға айыпты деп та­нылды. Яғни, оның қарекеттері «iрi залал келтiрген немесе өзге де ауыр зардаптардың туын­дауына әкеп соқтырған».

Сот отырыстарының бар­лы­ғ­ы жабық өтті. Онымен бірге Президент Әкімшілігінің бұрын­ғы қызметкері Николай Галихин де мемлекеттік құпияларды жария етіп қойғаны үшін төрт жылға шартты түрде сотталды.

Б.Майлыбаев ұйым­дасқан қылмыстық топ құра­мында қылмыс жасағанын толық мойындады, оның үстіне әртүрлі идеологиялық өнім жасауға мемлекеттік тапсырыс беру жү­йесі арқылы мемлекеттің қар­жы­ларын ұрлағанын растады. Тер­геушілер бірнеше жеке кәсіпо­рындар мен қорларды тапқан.

Тиісінше, сот Бағлан Майлы­баевтың дүние-мүлкін тәркілей отырып, бес жылға бас бостан­дығынан айырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда қызмет жасауына өмір бойына тыйым салды.

Елордадағы Есіл аудандық №2 сотының үкіміне сәйкес, Б.Майлыбаев тек 2022 жылдың жазында ғана еркіндікке шығуы тиіс.

Майлыбаевтың мүлкі 171 мил­лион теңгеге бағаланды және тәркіленгеннен кейін мемле­кет­тік органдар арасында бөліске салынды. Мысалға, оның салта­натты екі пәтері – елорда әкім­дігіне, Vertu маркалы қымбат ұялы телефоны және Нұр-Сұлтан қа­ла­сы Ш.Айманов көшесінде ор­наласқан, ауданы 1 554,9 шар­шы метрлік кеңсесі Қаржы ми­нистрлігіне берілді.

Б.Майлыбаев 2019 жылдың ақпанында орташа қауіп­сіз­діктегі колониядан қоныс ко­лониясына ауыстыруды сұрап, өтініш білдір­ген. Әйткенмен, сот ол өтінішін де қанағат­тан­дырмай тастады.

Әлеуметтік желілерді пайда­ланушылар өткен аптада бұрын­ғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен босап шыққаны туралы жаңалыққа назар ауда­р­ды. Оның жазасы 4 жыл 8 айға дейін азайтылған болатын, ол мерзімнің үштен екі бөлігін өте­ген. Қалған бір жылдай мерзімі айыппұлмен ауыстырылыпты.