Сот Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Бұл осы аптадағы елеулі жаңалыққа айналды. Себебі Б.Майлыбаев Қазақстан тарихында түрмеге отырғызылған ең биік лауазымды шенеуніктің бірі болып есептеледі.
Мерзімінен бұрын босатуды оның өзі сұраған. Алайда Нұр-Сұлтан қалалық соты мемлекеттік құпияны заңсыз таратқаны үшін сотталған Бағлан Майлыбаевты бостандыққа шығару әзірге ерте деген шешімге келгенге ұқсайды. Осы орайда, сарапшылар оның «мемлекеттік құпиялармен жұмыс істеген тұлға» болғанына назар аудартады, яғни босап шығуы үшін өзекті құпиялардың ары қарай жария болмайтынына кепілдік болғаны жөн.
Бір атап өтер жайт, елді елең еткізген сот шешімі бір жарым айдай бұрын шығарылған. Бірақ қазір ғана жарияланып отыр.
«Қылмыстық істер бойынша сот алқасының 2019 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылды», – деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.
Бағлан Майлыбаев 2011 жылғы қазаннан 2017 жылғы 12 қаңтарға дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Лауазымынан қуыла сала, 16 қаңтарда қолына кісен салынды. Б.Майлыбаев Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» атты 361-бабы 4-тармағында және «Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария етуге» қатысты 185-бабы 3-тармағында айтылған қылмыстарға айыпты деп танылды. Яғни, оның қарекеттері «iрi залал келтiрген немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соқтырған».
Сот отырыстарының барлығы жабық өтті. Онымен бірге Президент Әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Николай Галихин де мемлекеттік құпияларды жария етіп қойғаны үшін төрт жылға шартты түрде сотталды.
Б.Майлыбаев ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағанын толық мойындады, оның үстіне әртүрлі идеологиялық өнім жасауға мемлекеттік тапсырыс беру жүйесі арқылы мемлекеттің қаржыларын ұрлағанын растады. Тергеушілер бірнеше жеке кәсіпорындар мен қорларды тапқан.
Тиісінше, сот Бағлан Майлыбаевтың дүние-мүлкін тәркілей отырып, бес жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда қызмет жасауына өмір бойына тыйым салды.
Елордадағы Есіл аудандық №2 сотының үкіміне сәйкес, Б.Майлыбаев тек 2022 жылдың жазында ғана еркіндікке шығуы тиіс.
Майлыбаевтың мүлкі 171 миллион теңгеге бағаланды және тәркіленгеннен кейін мемлекеттік органдар арасында бөліске салынды. Мысалға, оның салтанатты екі пәтері – елорда әкімдігіне, Vertu маркалы қымбат ұялы телефоны және Нұр-Сұлтан қаласы Ш.Айманов көшесінде орналасқан, ауданы 1 554,9 шаршы метрлік кеңсесі Қаржы министрлігіне берілді.
Б.Майлыбаев 2019 жылдың ақпанында орташа қауіпсіздіктегі колониядан қоныс колониясына ауыстыруды сұрап, өтініш білдірген. Әйткенмен, сот ол өтінішін де қанағаттандырмай тастады.
Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар өткен аптада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың шартты түрде мерзімінен босап шыққаны туралы жаңалыққа назар аударды. Оның жазасы 4 жыл 8 айға дейін азайтылған болатын, ол мерзімнің үштен екі бөлігін өтеген. Қалған бір жылдай мерзімі айыппұлмен ауыстырылыпты.