«Әйгілі» Мақсат Үсенов 2013 жылдың соңында BMW X6 автокөлігімен алты адамды қағып кетіп, бір адам қайтыс болған еді. Жол апатына кінәлі Үсенов 45 тәулікке қамалып, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Үсеновтің бұған дейін де жол-көлік оқиғасымен аты шыққан еді. Ал Алматыда зорланған батысқазақстандық бизнесмен бойжеткен қылмыскерді айыптаудан бас тартыпты. Кінәлінің әйелінің аяғы ауыр, олар бұл сәбиді сегіз жыл күткен екен. Айыптыны ақтап алуына осы оқиға себепкер болып отыр. Ал өз «қайғысын» ішке бүккен ару қаладан да безіп кетті. Қылмыскер болса, өз кінәсін сезінбестен, қалада «тайраңдап» жүр. Біз осылайша, тағы бір қызды «құрбандыққа» шалдық. Ол қылмыскердің екінші рет қыз зорламасына кім кепіл? Жалпы, қыз зорлағанды кешіру мүмкін бе?
Бұл мәселені шешудің жолы қандай?
Нұржан ӘЛТАЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Әйелдерге қатысты жасалған зорлық-зомбылықты ауыр қылмыс санатына өткізу керек. Мұның артықшылықтары өте көп. Егер ауыр санатқа жататын болса, ең алдымен, ол екі жақтың келісімімен шешіле қоймас еді. Істің яғына дейін жетуіне әсер етеді. Одан кейін бас бостандығы жауапкершілігін көтеруіміз керек. Үшіншіден, зорлыққа тап болған әйел кісілерге сол кезде жағдайдың бәрі жасалуы қажет. Тергеу жүріп жатқан кезде кәсіби психолог бөлінуі тиіс. Одан кейін мемлекеттің қаржыландыруымен адвокат бөлінуі керек. Жалпы, мұндай жағдайға тап болған әйелдерге жан-жақты көмек көрсетілуі қажет.
Соңғы уақытта әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Бұл – біздің намысымызға тиетін тенденция. Сондықтан да оны орта ауыр санаттан ауыр санатқа өткізуіміз керек деп отырмыз. Аналарымыз бен қарындастарымыздың арын таптатып қойсақ, ол – елдігімізге сын.
Осындай қылмыс жасағаны үшін сотталғандардың кейбірі мерзімінен бұрын босап жатады. Олай болмауы керек. Біз дәл осы зорлық қылмысы үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты босату бабын заңнан алып тастау керек деген ұсыныс енгізбекпіз.
Дина ТАҢСӘРІ,
«НеМолчиKZ» зорлық-зомбылыққа қарсы
қоғамдық қозғалысының жетекшісі:
– Осындай қылмыс кесірінен жыл сайын Қазақстанда сан мыңдаған әйел зардап шегеді. Қаншама нәзікжандының өмірі тұманға айналып, оның соңы айықпас трагедияға ұласып жатыр. Бұл бізге керек пе? Жоқ. Жалпы, еліміз бойынша құқық қорғау жүйесі тым нашарлап кеткен. Көптеген тергеушілердің істі жүргізуге, зерттеуге біліктілігі жете бермейді. Сондықтан зорлау ісіне келгенде, олар жемқорлыққа жол береді. Өйткені заңда тараптардың татуласуы деген бап бар. Олар үшін жәбірленуші тараппен және күдіктімен келісіп, екіжақты татуластырып, істі жаба салған оңай. Шын мәнінде, бұл – қасірет. Жәбірленушіге ақша төлейді де, мәселені шеше салады. Не болмаса, тергеушілер тарапынан жәбірленушіге шектен тыс қысым көрсетіліп, оның тергеу процесінен өз еркімен бас тартатын жағдайға жеткізеді. Ішкі істер жүйесіне түбегейлі реформа жасалмайынша, бұл мәселенің шешімін табуы екіталай.
Зорланғаннан кейін әйелдің санасындағы жара ешқашан жазылмайды. Осыны оның жақындары түсінуі керек. Стресс организмдегі көптеген жасушаларды өлтіреді. Бізде зорлыққа ұшыраған қыздардың көбі 25 жасқа жетпей көз жұмады. Көбі жатыр рагына, сүт безі рагына ұшырайды. Біз жүргізген сауалнама бойынша 200 әйелдің 25 пайызы жыныстық зорлықтан соң онкологиялық ауруға шалдыққан. Еуропада жыныстық зорлық азаптау, қинау ісіне теңестірілген. Ал бізде қыздардың диагнозына жарақаттан кейінгі синдром деп жазып бере салады. Ал қылмыскер болса, 2-3 жыл отырады да, қайтадан босап шығады. Әйелдерге осыншама залалын, зиянын тигізіп отырған қылмыскерлерге беріліп жатқан жаза мүлде лайық емес. Жаза, заң әлде де қатайтылуы тиіс.
Марат ҮРКЕМБАЕВ,
Жамбыл облыстық Сарысу аудандық
сотының төрағасы:
– Шыны керек, қазір елімізде зорлау, қорлау оқиғаларының көптігі сонша, мұндай қылмыс үрейлі сипаттан айырылып бара жатқандай әсер қалдырады. Қылмыстық кодекс, яғни оның 120-бабы бойынша «Зорлау» орта дәрежелі қылмыстың санатына жатқызылады. Заңда көрсетілген ең төменгі жаза – үш жылға бас бостандығынан айыру. Сөзбе-сөз келтірсек, онда «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау – үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Осы бапта мұндай қылмысты адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, сондай-ақ жәбірленушіге немесе басқа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасалған, жәбірленушінің соз ауруын жұқтырып алуына әкеп соққан және бірнеше рет жасалған зорлау болса, кінәлі деп танылған адамның жазасы ауырлай түседі – ол бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.
Соңғы кездері әлеуметтік желілерде, ел арасында бұл қылмысты орта дәрежеден, қатаң дәрежеге ауыстыру сөз болып, қоғамдық талқылауға түсуде. Бұған маман ретінде қосыламын. Бұл – дамыған елдерде бар тәжірибе. Мысалы, Жапонияда зорлықшылар 30 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылса, Канадада зорлықшыларға ең кемі он жылға жаза кесіледі. Ал әр штатында заңдары ала-құла болып келетін Американың кейбір өңірінде «Зорлау» қылмысы бойынша айыпталғандар өмір бойы түрмеге қамалады. Әрине, жазаны қатаңдату ғана бізді тығырықтан шығармайды. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса да, ол бәрібір қылмыстың азаюына кепілдік болмауы мүмкін. Сондықтан осындай азғындыққа жататын мұндай қылмысты тек отбасындағы тәрбиенің осалдығымен де байланыстыру керек сияқты.
Әзірлеген
Ақбота ӘЛІМ