Отырысқа мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, ірі отандық кәсіпорындардың басшылары, эколог-сарапшылар, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға ерекше назар аударғанына тоқталды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа Экологиялық кодекстің 7 негізгі бағытын іске асыру атмосфералық ауаның жағдайын жақсартуға және қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Олардың ішінде – «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидаты, ол озық қолжетімді технологияларды енгізу негізінде кешенді рұқсаттарды, сондай-ақ экологиялық заңнаманы бұзу кезінде шараларды қатаңдатуды көздейді.
Озық қолжетімді технологияларды енгізу шартымен I санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу туралы норма қызу талқыланды. Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, технологиялық процестерді жаңғырту қоршаған ортаға эмиссияны төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорындар үшін ынталандыру шаралары ретінде кәсіпорындарды қолжетімді технологиялар енгізілген жағдайда экологиялық төлемнен босату, керісінше жағдайда эмиссия үшін төлемді біртіндеп арттыру ұсынылады.
Осындай норманың қажеттілігімен келісе отырып, Мәжіліс депутаттары объективті себептер бойынша 10 жыл ішінде қолжетімді технологияларды енгізуге бөлінетін кәсіпорындарға қатысты жекелеген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерге қол жеткізу мәселесін көтерді. Ал қолжетімді технологияларды енгізу бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда барлық жылдар үшін төленбеген экологиялық төлемдер түрінде арттыру коэффициенттері мен өсімақылары бар айыппұл санкциялары көзделеді.
Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ ұсынылып отырған нормаға қатысты мәселені көтерді, оған сәйкес біздің елде ЕурАзЭҚ техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдарын өндіруге және пайдалануға тыйым салынады. Осы жағдайға Мәжіліс депутаттары алаңдаушылық білдірді. Себебі бұдан ауыл тұрғындары зардап шегуі мүмкін. Өйткені олардың көпшілігі әлі күнге дейін ескі ауыл шаруашылығы техникасын пайдаланады.
Отырыс барысында депутаттар экологиялық сақтандыру мәселесін де көтерді. Бұл тек I санаттағы объектілер үшін міндетті болады деп көзделеді. Сонымен қатар елімізде шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлері санатына жататын II санаттағы 2 мыңнан астам объект және III санаттағы 3 мыңнан астам объект бар. Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, бұл нысандарды экологиялық сақтандырумен де қамту керек.
Атап айтқанда, «ТАЛАП» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев ауа сапасы туралы ақпаратқа қолжетімділік туралы мәліметтің маңызын атап өтті. Сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекстің жобасында жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдер түсімі есебінен 100% көлемінде табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыруға міндетті болады деп көзделеді.
Талқылау барысында Экологиялық кодекс жобасымен жұмыс туралы айтқан «Серпін» ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті Мұрат Әбенов жұртшылық көтерген көптеген мәселелердің осы кодекс жобасында бар екенін атап өтті. Ал Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева Экологиялық кодекс мемлекеттің халық үніне құлақ асатынына үлгі болуы тиіс екенін және кодекс жобасында көп нәрсе ескерілгенін атап өтті.