Елдікке бастар ерлік сабақтары

Елдікке бастар ерлік сабақтары

Тәуелсіз елдің туын тік ұс­тар, ел қорғаны болар аза­мат тәрбиелеу қашанда жауапты іс саналған. Бұл міндет жал­пы­ға ортақ – өз елінің патрио­тын тәрбиелеу әрбір отбасы мен мемлекет­тің ортақ жұ­мы­сы. Балаға отансүйгіш қа­сиетті сіңірудің жолы көп. Сон­дай бір тамаша тәсіл – ер­лік сабақтары. Қазан айы­ның алғашқы жексенбі­сін­де аталып өтетін Ұстаздар күнін­де қорғаныс саласының өкіл­дері еліміздегі мектептерде Ерлік сабақтарын өткізіп, әдемі дәстүрдің негізін қалады.

Әскери қызметшілер мен ардагерлер мектептер мен кол­ледж­дерге барып, жоғары сынып оқушыларымен және студенттер­мен кездесу ұйымдастырды.   

«Ерлік сабақтары болашақ Отан қорғаушы мен кез келген адамға қажет моральдық-психо­ло­гиялық қасиеттерді үйретеді. Батылдық, табандылық пен тө­зім­ділік – осының барлығы әске­ри қызметшіге тәрізді барлық меди­цина қызметкеріне, дәрігер­ге, инженер мен мұғалімге де маңызды», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Гаухар Сырлыбаева.

Ардагерлер оқушыларға Отан тарихындағы ерліктер туралы әңгімеледі. Тыңдаушылар тарапы­нан қойылған Қазақстан Қарулы Күштері мен әскери білім туралы сұрақтарына тұшымды жауап берді.

«Мен ата-бабаларымыздың ерлік пен батырлық дәстүрлерінің мұрагері мен жалғастырушысы екенімді түсінемін. Осындай шара­лардың арқасында таным көкжиегіміз кеңіп, көп мағлұматқа қанықтық. Болашақта Отан қор­ғау­шы боламын деген ойға бекі­дім», – дейді №26 мектеп оқу­шы­сы Ерасыл Севетбеков.

Арыс қаласының орта білім беретін мектеп оқушылары да Ерлік сабағы аясында Қазақстан Қарулы Күштерінің бас штабы бастығының орынбасары гене­рал-майор Әділбек Алдабер­геновпен кездесті. Ауған соғысы ардагері, әскери қызметтегі әскери еңбегі мен жетістіктері үшін жоғары әскери наградалар­мен марапатталған генерал оқу­шы­ларға әскери мамандық, пат­рио­тизм, намыс пен ерлік туралы, елі үшін қаза тапқан батыр­лары­мыз бен әскери бөлімдерге есімі берліген әскерилер туралы әңгі­мелер айтты.

«Жер бетінде көптеген беделді, пайдалы және қажетті мамандық­тар бар. Соның ішінде Отан қор­ғау мамандығының орны бөлек. Бұл – барлық уақытта да қасиетті мамандық. Әскери қызметшілер бұл – ең алдымен, халықтың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуші­лер. Әскери мамандар жұмысы­ның мәні сол, олар күн сайын сіз бен біздің бейбіт өмір сүріп, жұмыс істеуіміз үшін өз өмірлерін қауіп-қатерге тігеді», – деді Әділбек Алдабергенов.

Ерлік сабақтары – бүгінгі жас буынның отаншыл болып өсуіне ықпал ететін жоба. Бұл сабақтан кейін көп бала Отан қорғаудың ұлы міндет екенін түйсініп, бола­шақ өмірін әскери саламен бай­ла­ныстырып, ел мен жердің ты­ныш­тығы үшін қызмет етуге арнайды. Сол үшін «Жас ұлан» сияқты респуб­ликалық әскери мектептерге қабылдануы әбден мүмкін ғой.

Жуырда ғана аталған мектепке қабылданған тәрбиеленушілер ұлан антын берді. Нұр-Сұлтан қала­сында армия генералы Саға­дат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мекте­біне қабылданған 237 тәрбие­лену­ші салтанатты түрде ант берді. «Мен әскери мектеп тәрбиелену­ші­­сінің ары мен абыройын ар­дақ­тау­ға, мүлтіксіз тәртіп пен әскери кішіпейілдік ережелерін сақтауға, бар ынтаммен Отанымыз – Қа­зақ­станды қорғауда өзімді дайын­дауға ант етемін» деген жалынды сөздерді естудің өзі бір ғанибет. Олар дәстүр бойынша Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Саға­д­ат Нұрмағамбетовтің ес­керт­кішіне гүл шоқтарын қойды. Әскери мектеп тәрбиелену­ші­лерінің маңызды оқиғасымен Қор­ғаныс министрінің орынба­са­ры генерал-майор Тимур Дән­дібаев құттықтады.

«Сіздер кәсіби әскери қызмет­ші­лер ғана заманауи Армияның негізін құрайтынын есте сақтау­ла­рыңыз қажет. Жас болғандары­ңыз­ға қарамастан, дұрыс жолды таңдадыңыздар», – деді ол. Ант беру салтанаты Шымкент қала­сын­дағы Сабыр Рақымов атын­дағы мектепте де өтті. Бұл күні аталған мектептің 200-ден аса ұланы ант берді. Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебінің 225 ұланы да сол күні ант берді. Білім алушылар стандартты мектеп сабақтарымен қатар әскери пән­дерді, оның ішінде жалпы­әс­кери тактиканы, байланыс негіздерін, саптық дайындықты, жалпыәс­кери жарғыларды меңгереді.   Ең бастысы, олар Отан алдындағы азаматтық борышы және әскери мін­детіне адал болуды үйреніп шығады.  

Болашақ әскерилерді даяр­лай­тын оқу орындарының бірі – Алматы қаласындағы Радио­элек­троника және байланыс әскери-инженерлік институты. Осыдан 18 жыл бұрын іргесі қалан­ған институт бүгіндері радиотехника мамандықтары бойынша офицер-инженерлерді дайындайтын Орта­­лық Азия аумағындағы   жал­ғыз жоғарғы білім ордасы. Әскери жоғары оқу орнының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков­тің айтуынша, оқу орны Қазақстан Қарулы Күштері үшін офицер кадрларын даярлауда мемлекеттік міндеттерді табысты орындап келеді. Мәсе­лен, әскери институт 18 жылдың ішінде Әуе қорғаныс күштері, қазақ армиясы үшін 1 730-ға жуық лейтенантты тәр­бие­­леп шығарды. 185 түлек оқуды үздік бітірсе, оның 27-сі «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталған. Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты зенитті зымыран, радиотехни­ка­лық әскерлер, авиацияны радио­тех­­никамен қамтамасыз ету бай­ла­ныс бөлімі үшін білікті офицер­лер­ді, сондай-ақ әскерлер мен қару-жарақты басқарудың авто­мат­тандырылған жүйелерінің инже­нерлерін дайындайды. Мұ­ның барлығы Қазақстан Қарулы Күштерінің қызметін және әскери мамандықты дәріптеудегі атқары­л­ып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана.

 

Айдана БЕГІМ