Қоқыстан мүсін жасайтын өнер иесі
Қоқыстан мүсін жасайтын өнер иесі
386
оқылды
Нина Никифорова кәдімгі үйдегі қоқыстан түрлі мүсін жа­сап, сурет салады. Қандай қоқыс десеңіз, айтайық. Тамақтан, дә­ріден қалған бос ыдыс, қақпақ, ыдыс, өңдеуге жарамайтын плас­тик – осының бәрін Нина жинап, кә­деге жаратады екен. Байқасаңыз, соңғы кездері экосауат туралы жиі айтылып жүр. Қоқысты сорттау, қалай болса солай лақтырмау, шама келсе табиғатқа зиянды пластикті қолданбау туралы лайфхактар көбейді. Ал Нинаның өнері лайфхак қана емес, шын мәнінде – талант. Әлдекім үшін еш қажетсіз қоқыс суретшінің қолына түссе болды, өнер туындысына айналып шыға келеді. Талант иесінің туған жері – Ре­сейдің Геленджик курортты қа­ласы. Қара теңіздің бойынан та­былған қоқыстарды жинап, жаңа туынды жасап, галереясынан орын береді. Мұндай ерекше өнермен 14 жасынан бері айналысып ке­леді. Бірнеше жылдай дәрігер боп қызмет атқарған Нина көлік апатына ұшырап, медицинадан қол үзген. Бірақ өнерден алшақтамады. Керісінше, қабілетін одан әрмен дамытты. Өзінің айтуынша, ка­ртиналары арқылы біреуге болсын ой тастап, табиғатты аялауға ша­қырғысы келеді. «Менің миссиям осы қоқысты әсемдікке айналдыру секілді боп көрінеді. Адамдарға жерді ластамау керегін жеткізгім келеді. Тіпті, өнер арқылы осындай игі іс жасауға болады. Көріп тұрғандарыңыздай, кешегі қоқыс бүгін көркем дүниеге айналды», – дейді суретші. Ол 2006 жылы Геленджикте заманауи өнер галереясын ашқан. Ол жердегі ин­терьердің бәрі – экспонат. Мы­салы, ғимараттың қоршауы 65 мың пластик бөтелкеден жасалған. Оны белсенділер Қара теңіздің жағасынан жинаған. Қораптар, пластик пакеттерден жасалған түрлі скульптуралар коллекциядан орын тепкен. Осылайша, жылдар бойы сақталатын пластиктер жерде шашылмай, төрде ілулі тұрады. Ғажап емес пе?  

Айша ЕРСҰЛТАН