Ресей Қазақстанға қарсы іс жүзінде санкция енгізді. Отандық тауарлардың Украинаға және әлемдік нарыққа шығуы жолында солтүстік көрші түзген тосқауылдарды кей сарапшылар осылай бағалауда. Жергілікті бизнес ортаның ашу-ызасын тудырған осы түйткіл Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының XXI отырысында қаралды.
Ресми мәлімет бойынша Ресейдің Украинаға қазақстандық көмір тасымалы жолын жауып тастауы кесірінен елімізге келетін ай сайынғы шығын 11 миллион доллар немесе 4,2 миллиард теңгеге бағаланады.
Еліміз шағымданып жүгінгеннен кейін аталған мәселені қараған Еуразиялық экономикалық комиссия Украинаны тұқыртамын деп Қазақстанға тізесін батырған Мәскеудің бұл тірлігін «ортақ нарықта тоспа құру» деп бағалады. Бірақ тергеу жүргізуге бармады.
ЕЭК байламынша, Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын көмір транзитін квотамен шектеп тастаған Ресейдің әрекетін «ішкі нарықтың жұмыс жасауына кедергі келтіру» деп қарастырған жөн.
Сонау патша заманынан жаһандық геосаяси ойындарға машықтанып алған солтүстік көрші тәуелсіздігін қорғау үшін көпвекторлы саясатынан танбай отырған Қазақстанға қысым көрсетудің түрлі айла-тәсілдерін ойлап табуда. 2014 жылы ресми Астана Қырымды Ресейдің құрамдас бөлігі ретінде мойындаудан бас тартқанда, бұған Мәскеу көңілтолмастығын білдіріп, «Қап, бәлем, әуселеңді көрермін!» дегендей кектеніп қалған. Бұған мән бермеген Қазақстан Украинамен сауда-саттығын, жақсы қарым-қатынасын жалғастырды.
Ресей ағайыннан дұшпанына айналған Украинаға қарсы санкцияларын жақында ары қарай күшейтті. Оған сәйкес, бұл елге көптеген өнім түрлерін жеткізуге тыйым салынды. Ал рұқсат етілгендері «квотамен» шектелді. Атап айтқанда, 2019 жылғы 1 маусымнан бастап, көмір және мұнай өнімдерінің жекелеген түрінің экспорты тек Ресей Экономикалық даму министрлігінің арнайы рұқсатымен ғана жүзеге асырылады.
Бұл – Ресейдің өз заңы, оны сақтауға Қазақстан міндетті ме? Міндетті емес. Бірақ республикамыз үлкен мұхиттарға шығар жолы жоқ, алып қос құрлықтың ортасында қысылған ел болғандықтан, әлемдік «қара базарға» өткізетін өнімдерінің 70 пайыздан астамын Ресей аумағы арқылы тасымалдайды. Тиісінше, көршінің жерімен алып өту үшін қазақстандық өндірушілерге Ресей Экономдаму ведомствосына жүгінуге тура келеді. Ал ол квота бермейді, оны бөлсе де, құжатын уақытылы ұстатпай, созбалаң мен сергелдеңге салады.
3 маусымда Мәскеу мен Нұр-Сұлтан Ресей арқылы Украинаға өтетін тауарлар транзитін келісімнен өткізу тәртібі жөнінде уағдаластыққа келгені мәлім. Ол бойынша «Қазақстан темір жолы» өз әріптесі РЖД-ға қанша транзит өтетіні туралы өтініш жолдайды. Ресей теміржолдары оны ары қарай Ресей Экономдаму ведомствосына жібереді. Ол министрлік мүдделі органдардың келісімін алғаннан және үкімет бекіткеннен кейін тиісті квотаны өз кеденшілеріне ұсынады.
Алайда ресейлік бюрократия Қазақстанның сұраған көлемін бекітпеді. Шілде айында 87 мың тоннаға сұрау түскен, оның 85 мыңына ғана келіскен. Тамызда 254 мың тонна орнына 87 мың тоннамен шектеді. Қыркүйекке 120 мың тоннаға өтініш жолданғанына қарамастан, экспорттаушыларымызға тағы да сол көлем ғана тиіпті.
Қазақстанның тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығы атқарушы директорының орынбасары Максим Кононовтың айтуынша, осы қазан айы үшін Ресей Экономикалық министрлігі квотаны өткен айлар деңгейінде ғана қалдырды.
– Бұл ретте олар небәрі екі компанияның 80 мың тонна көмір концентратын және 6,6 мың тонна Д маркалы көмірді алып өту туралы өтінішіне ғана келісті. Басқа отандық компаниялардың өтінімдерін себебін еш түсіндірусіз кері қайтарып тастауда. Сөйтіп, көмір экспортымызды өрістетуге мүмкіндік бермей отыр, – дейді М.Кононов.
Бақыт Сұлтанов басқаратын Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2019 жылғы шілде-қазан айларына Ресейдің Экономикалық даму министрлігі бар-жоғы 320 мың тонна көміріміздің транзитіне келісімін берген. Ал қазақ тарапының сұрауы бұдан екі еседен артық, 716 мың тонна болыпты.
Енді қараңыз: қазақ еліндей құрлықта қамалған, алайда арыдағы Еуропаның іргесінде орналасқан Беларусь осы жылғы маусым-қыркүйек аралығында Украинаға 1 миллион тонна көмір жеткізген. Осылайша, экспортын 2018 жылғыдан екі еседен артыққа ұлғайтты. Ғажабы сол, Беларусьтің Мемлекеттік статистика қызметінің ресми сайтындағы дерекке жүгінсек, 2017 жылы бұл ел Украинаға 600 тонна ғана көмір өткізіпті, ал 2018 жылы оны 588,5 мың тоннаға дейін, яғни 798 есеге арттырған.
Айтпақшы, Белоруссияда бір грамм тас көмір өндірілмейді, тек қоңыр көмір ғана аз мөлшерде шығарылады. Осы орайда, беларустық ақпарат құралдары сепаратистік ЛНР мен ДНР аудандары өндірген көмір осы ел арқылы сатылуы мүмкін деген болжам айтуда. Көптеген ресейлік компаниялар осы көршісі арқылы реэспортпен айналысады.
Украинаға экспорттың шектелуі түйткілдің бір ұшы ғана. Кремльдің осы елге көмір жеткізілімдерін шектеуі кесірінен Ресейдің ішкі нарығы да тауардың бұл түрімен шектен тыс молыққан. Бұл ресейлік тұтынушылардың қазақстандық көмірді сатып алудан бас тарта бастауына соқтырды.
Мәселен, жалғыз «Гефест» компаниялар тобының өзі шектеу енгізілгенге дейін Ресей арқылы халықаралық нарыққа ай сайын 100 мың тонна көмір жөнелтетін. Қазір бұл көрсеткіші 10 есеге қысқарыпты. Оның үстіне, қазіргі уақытта біздің нарықта да, шетелде де қазақстандық көмір бағасы құлдырауда.
«Отандық көмір өндірушілер өнім өткізудің қосымша нарығын іздеуге мәжбүр. Әйткенмен, техникалық сипаттамалары және көліктік қолжетімділік тұрғысынан украиналық нарық басты әрі ең қолайлы нарық болып есептеледі», – дейді Сауда және интеграция министрлігі.
Бұл мәселе ушыға келе, ақыры астанамызда өткен екіжақты үкіметаралық комиссиясының XXI жиынындағы қызу пікірталасқа ұласты. Ел Үкіметінің проблеманы ашық айтуы, наразылығын дәйектей білуі және мемлекеттік мүддені табанды қорғауы арқасында жағдайдың беті бері қарайтынға ұқсайды.
Отырысқа қазақстандық тараптан жетекшілік еткен Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Ресей аумағы арқылы Украинаға және басқа елдерге көмір транзитін арттыру туралы мәселені төтесінен қойғанын хабарлады.
«Енді нақты көлемі туралы келісудеміз» деп қысқа қайырды ол.
Жабық есік жағдайында өткен келіссөздердің егжей-тегжейін журналистер Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтан білді. Оның мәліметінше, комиссия отырысы барысында ресейлік тарап өз территориясы арқылы қазақстандық көмірдің теміржол транзиті көлемін арттыруға келіскен.
– Дегенмен әзірге бұл ауызша уағдаластықтар түрінде болып отыр. Оған сәйкес, Ресей ай сайын 75 мың тонна көмірімізді өткізуге дайын екенін жеткізді. Ал біз бұл көрсеткіш кем дегенде 120 мың тонна болуы керегін ұсындық. Ақыр соңында олар көлік транзиті ауқымын арттыруға және осы жеткізілімдерге рұқсат беру құжаттарын алуды жеңілдетуге қатысты біздің дәйектемелерімізге келісті, – деді Қайрат Қалмұқаметұлы.
Бұл ымыраға қол жеткізу тек транзит саласы, яғни экономика тұрғысынан ғана емес, саяси тұрғыдан да маңызды. Өйткені кезінде «Еуразиялық одақ Ресейдей алып нарықты ашады» деп идеяны қуаттаған кейбір экономистердің өздері сол алыптың керісінше, жолды жауып, экспортымызды шектеп отырғанын көргесін интеграцияға қырын қарай бастады. «Орыс орнына ірі Қытай нарығына баса мән беру қажетін» алға тартушылар да көбейе түсуде.
Қазір Мәскеудің қиянатшыл тірлігіне жалғыз қазақ емес, ЕАЭО мүшесі – Қырғыз Республикасы да шағымдануда. Алатаудың арғы баурайындағы ағайындардың Украинамен сауда айналымы биылғы маусым айынан бері 50%-ға құлдыраған.
Әрине, Қазақстан Украинаға және Еуропаға өз өнімдерін Каспий теңіз жолымен Әзірбайжан және Грузия арқылы да тасымалдай алады. Алайда бұл жол Ресеймен салыстырғанда 2,5 есеге ұзын және қымбатырақ. Өйткені теміржолмен теңіз жағасына дейін жеткізіп, одан су көлігіне артып, арғы беттен қайтадан теміржол көлігіне жүктеп жүргенде уақыт та, қаржы да шығын болады.
Қалай болғанда да, транзит мәселесін шешу аса маңызды. Донбастағы шиеленіс салдарынан бүгінде Украина көмір импортына аса зәру. Жерінен бір түйір тас көмір шықпайтын Беларусьтің қыруар табысқа кенеліп отырғаны сондықтан. Мысалға, 2019 жылғы 6 айда ғана Украина шетелден 10,52 миллион тонна көмір сатып алыпты. Демек, Ресеймен арадағы түйткіл шешімін тапса, отандық өндіріс алдынан ірі нарық ашылмақ. ЕАЭО-ның міндеті де осы емес пе?!