Отбасын жауапсыз адамға тапсыру – қауіпті
Отбасын жауапсыз адамға тапсыру – қауіпті
187
оқылды
Елімізге танымал дінтанушы-ғалым, соңғы уақытта қазақ қоғамында болып жатқан саяси һәм экономикалық өзгерістерге пайымды көзқарас білдіріп, белсенділік танытып жүрген тұлға. Өткен жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлын жуықта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдап, елшіл азаматтың қоғам жайлы ұсыныс-пікірін тыңдаған болатын. Ұлт болашағы мен халқымыздың келешегі үшін толымды ойлар айтып, толғақты мәселелер қозғап жүрген азаматқа жолығып, жоғарыдағы мәртебелі кездесу барысында қозғалған мәселелер жайлы әңгімелесуді қолай көрдік. – Қайрат мырза, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Халық үніне құ­лақ асатын мемлекет құруды қолға ал­дық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мем­лекеттік органдар тек азаматтардың күн­делікті мәселесіне байланысты жауап қат­уы тиіс деген сөз емес. Бұл – ең алдымен би­лік пен қоғам арасындағы тұрақты диа­лог» деген болатын. Демек, сіздің жуықта Президентпен кездесуіңіз «билік пен қоғам арасындағы диалог» десек болатын шығар. Солай ма? – Әрине, өзіңіз айтып өткендей, Пре­зидент биылғы Жолдауында: «Қазіргі мін­дет – халқымыздың жаңа болмысын қа­лып­тастыру, тұтас ұлт сапасын арт­тыру» дегенін біліп отырсыз. Ендеше қа­зіргідай алмағайып уақытта еліміздің аман­дығы, жеріміздің бүтіндігі саналы қа­зақ баласының сарыуайымына жүк бо­лары анық. Сол себепті Мемлекет бас­шысымен кездесу барысында өзімді тол­ғандырып жүрген, әсіресе қоғам та­рапынан қайткен күнде шешімін табуы тиіс мәселелерді қозғадым. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан ұсыныс-пі­кірлерімді мұқият тыңдап, өзекті тұс­тарын белгілеп алып отырды.  – Құпия болмаса, Президент алдында қандай маңызды мәселелер қозғадыңыз? – Қай заманда, қай қоғамда бол­масын мемлекеттің басты қазынасы – ха­лық. Яғни, адам капиталы. Дана хал­қымыз «көп қорқытады, терең батырады» деп тегін айтқан жоқ. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуіріне еліміз үшін демографиялық жарылыс ауадай қажет. Өйткені халық санының өсуі – ел қауіп­сіздігі мен дамуының стратегиялық маңызды мақсатының біріне жатады.  Мен Президент назарын осы мәселеге аударуға тырыстым. Демографиялық саясатқа реформаның қажет екенін жет­кіздім. Негізі, бұл тақырып Мемлекет бас­шысының биылғы Жолдауында ай­тылған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы биік мінберден: «Біріккен Ұлттар Ұйым­ының еліміздегі халық санының өсі­міне қатысты болжамы Орталық Азия­дағы көршілес мемлекеттермен са­лыстырғанда көңіл көншітпейді» де­ген болатын. Бұл – рас айтылған дү­ние. Мысалы, ел тұрғындары 1991 жыл­мен салыстырғанда 12 пайызға ғана көбейіпті. Осы аралықта өзбек ағ­а­йындар 59 пайызға өсіп, 32 миллион 700 мың адамға жетсе, тәжіктер  68 па­йызға, қырғыз ағайындар 43 пайызға, әзер­байжан халқы 37 пайызға өскен екен. Міне, көрдіңіз бе, біздің экономикалық әлеу­етіміз бұлармен салыстырғанда көш ілгері бола тұра, демографиялық өсім қарқынды емес. Демек, бұл – Қа­зақстанда халықты әлеуметтік қорғау, сонымен бірге идеологиялық бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жемісін бермей отыр деген сөз.  – Сіз айтқан деректерге қарағанда, шынында халқымыздың табиғи өсімі көңіл көншітерлік емес екені байқалып тұр. Демек, демографиялық ахуалды жақсарту бойынша өз тарапыңыздан қандай ұсыныс айттыңыз? – Әуелі, Президентке қазіргі қазақ қоғамында болып жатқан мәселелер жайлы айттым. Бірінші айтқан ұсы­нысым: халық санының өсіміне кері әсер етіп отырған жағдайдың бірі, тіпті негізгісі – тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай есептесек, отбасы құрудан бұрын ажырасудың көп екенін айттым. Дәл осы сұраққа қатысты Мемлекет басшысы Жолдауында: «Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды» деп атап өткенін білесіз. Айталық, 1991 жылдан бері ел көлемінде 3,6 миллион жұп шаңырақ көтерсе, осылардың 1,1 миллионы ажырасып кеткен. Бұл – үлкен  катас­трофа. Мәселен, 2018 жылы үйленгендер саны 137 797 жетсе, осылардың 54 797-нің ақ некесі бұзылған, яғни ажырасу мөлше­рі – 40 пайыз. Менің ойымша, басты себеп –  жастардың материалдық және рухани тұрғыдан отбасын құруға дайын болмауы. Көлік жүргізуді білмейтін адамға оны қолдануға мүлдем рұқсат етілмейтіні бел­гілі жайт. Ал енді отбасы деген жа­уапкершілігі үлкен институтты ешбір дайындығы жоқ адамдарға тапсыра салу аса қауіпті. Сондықтан ЖОО-да немесе жоғары сынып оқушыларына оларды шынайы өмірге дайындайтын «Отбасы құру» пәнін енгізуді ұсындым. Бұл пән­ді оқыту барысында: отбасын құру, от­басында жиі кездесетін проблемаларды тиімді шешу жолдары, әке, ана, келін болудың әдебі, отбасылық қаржы есебі, тағы басқа «отау құрудың» барлық қыр-сыры үйретілуі тиіс. Дәл қазір мұндай өмірлік білімнің қажеттілігі айқын сезіліп отыр.  

Бұл пәнде төмендегідей мәселелер қамтылуы тиіс. Біріншіден, қазақ «ауру – астан», «ас – адамның арқауы» деген. Қазіргі таңда екінің бірі – семіздік, қант ауруы, жүйке-жүрек дертіне, ішкі құрылыс ауруына шалдыққан. Бұл алғашқы кезекте дұрыс тамақтану мә­дениетінің жоқтығынан. ДДҰ-ның мәліметіне сәйкес, аурудың 70 пайызы сауатсыз тамақтанудан екен. Жалт-жұлт еткен жарнамасы көп мына заманда халық қандай тағамның пайдалы, нендей астың зиянды екенін ажырата алмайды. Халқымыздың көпшілігі бейберекетсіз, мезгілсіз, өлшемсіз тамақтануда. Әсіресе, газдалған тәтті сусындар, фаст фуд секілді денсаулыққа зиянды тағамға әуестік басым. Сондықтан дұрыс тамақтану мәдениетін бұқараның санасына сіңіру керек.

  Келесі мәселе, әрбір жас отбасын баспаналы болдыру жайын қозғап,  сондай-ақ бұған қазіргі пәтер алу үшін төлейтін алғашқы жарна мөлшерінің жеңілдетілгені айтарлықтай жақсы әсер­ етіп отырғанын айттым. Қосымша ұсыныс ретінде үйлердің алғашқы жарнасы отбасындағы бала санына қарай жеңілдетілсе, тіпті 5-6 баласы бар отбасына жарнасыз, ал 7 баласы барларға баспана тегін берілсе деген ой айттым. Бұл әрекет іске асса, демографияның өсуіне айтарлықтай ықпалы болары қақ. Сонымен қатар әрбір туылған балаға берілетін жөргекпұл көлемін көтеруді ұсындым. Осылай жасағанда, демографиялық дүмпудің  жаңа кезеңі туары сөзсіз.  – Жалпы, мемлекет әлеуетін көтеретін көрсеткіштің бірі демография екені анық. Бірақ бұдан басқа да аса маңызды мәселелер бар екені шындық. Мысалы, бұқараның денсаулығы, оқу-білімнің сапасы дегендей... – Нені меңзеп отырғаныңызды аңғардым. Өте дұрыс айтасыз. Бұқараның денсаулығы, салауатты өмір салты, оқу-білімі қоғам үшін ауадай қажет. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деді емес пе. Осыған орайлас пікірді «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек» деп Президент Жолдауында да айтты. Бұл сөз халық үшін рухани бағыт-бағдар деп ойлаймын. Осы орайда, өз басым орта мектеп оқушыларына бойындағы қабілет- қарымын ашатын, пайдалы дағдыларға баулитын, жақсы азамат болып қалып­тасуына ықпал ететін «Тұлғалық даму» пәнін мектеп бағдарламасына енгізуді ұсындым. Өйткені біз көп жағдайда туындаған проблемалардың себебімен емес, салдарымен күресудеміз. Оқу­шыларымызға әлемнің тарихын, физика, математиканы үйреткенімізбен, оларды шынайы өмірге дайындай алмай отыр­мыз. Бұл пәнде төмендегідей мәселелер қамтылуы тиіс. Біріншіден, қазақ «ауру – астан», «ас – адамның арқауы» деген. Қазіргі таңда екінің бірі – семіздік, қант ауруы, жүйке-жүрек дертіне, ішкі құрылыс ауруына шалдыққан. Бұл алғашқы кезекте  дұрыс тамақтану мә­дениетінің жоқтығынан. ДДҰ-ның мәліметіне сәйкес, аурудың 70 пайызы сауатсыз тамақтанудан екен. Жалт-жұлт еткен жарнамасы көп мына заманда халық қандай тағамның пайдалы, нендей астың зиянды екенін ажырата алмайды. Халқымыздың көпшілігі бейберекетсіз, мезгілсіз, өлшемсіз тамақтануда. Әсіресе, газдалған тәтті сусындар, фаст фуд секілді денсаулыққа зиянды тағамға әуестік басым. Сондықтан дұрыс тамақтану мәдениетін бұқараның санасына сіңіру керек. Одан кейін адамдардың көпшілігі уақыттың құнын білмейді. Мысалы, шақырылған жерге, кездесуге кешігіп келу қалыпты жағдай. Әрі көгілдір экран немесе интернеттен арзан күлкі, қысыр әңгіме тыңдап уақыт жоғалтуда. Сондықтан тайм менеждмент, яғни уақытты бағалауды, оны дұрыс басқаруды бұқараға жастайынан үйретудің қажет­тілігі сезіледі. Сонымен қапталдас, жас буынның ақпараттық сауаты, яғни сын көзбен объективті бағалау қабілеті өте төмен. Ақпараттың дұрыс-бұрысын анықтамай сене салу, оны көпшілікке тарату, арандатушылыққа бой алдыру осыдан туындайды. Сондықтан ақпарат тасқыны көлкіп тұрған мына заманда балаларымызды ақпаратты сараптай алуға үйрету, кез келген дүниеге сын көзбен қарап, объективті баға беру қабілетін қалыптастыру аса маңызды. –  Қазір жастарды қойып, үлкендердің өзі әлеуметтік желіге тәуелді болып қалды. Бұл дүние алдағы уақытта ғаламдық мә­селеге айналатын сияқты. Мұндай қатерден Мемлекет басшысы хабардар болғаны дұрыс. – Әрине.  Дәл осы мәселе бойынша әлем ғалымдары дабыл қағып жатыр. Жуықта австралиялық дәрігер-ғалым нерв жүйесі һәм ісік ауруларының білгірі Вин Куран деген адам әлем бойынша темекінің салдарынан жылына 5 миллион адам ажал құшатын болса, болашақта интернеттің кесірінен өмірден өтетіндер саны бұдан да бірнеше есе көп болары хақ деді емес пе. Бүгінгі таңда интернет адамзаттың ажырамас қажетіне айна­лып отырғаны мәлім. Сондықтан жас­тарымызға интернетті, әлеуметтік же­ліні уақыттарын ысырап етпейтіндей ұтым­ды қолдануды, әлеуметтік желіде жазатын пікірлері мен көпшілікке ақ­параттар ұсыну мәдениетін, жалпы ин­тернетті тиімді пайдалану тәсілдерін, тіп­ті этикасын мектеп қабырғасынан үй­ретудің маңызы сезілуде. Оның бер жағында, балаларымызға басқамен тіл табысуды, дұрыс сөй­лесе білуді үйрету қажет. Көптеген проблемалар айналасындағы адамдармен тіл табысу тетіктерін, сауатты сөйлесу жолдарын білмегендіктен туындап жатады. Ұрпаққа осының қарапайым тәсілдері мен мәдениеті үйретілгені аса маңызды деп ойлаймын. otbasi Бұл өз кезегінде жастар арасында белең алып отырған суицидтің де алдын алуға оң әсер етер еді. Елімізде өз-өзіне  қол жұмсаушылар саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, елімізде 1991 жылдан бері 106 мың адам өз-өзіне қол салыпты. Тіпті, елімізде қасақана кісі өлтіруден гөрі, өзіне қол жұмсағандардың саны үш есе көп. Айталық, 2018 жылы қасақана адам өлтіру 100 мың адамға шаққанда 4,8 жағдай тіркелсе, өз-өзін өлтірудің пайызы 13,8-ге жеткен. Жалпы, өз-өзін өлтіру – қоғамдағы әлеуметтік-идеологиялық тұрақтылықтың көр­сеткіші болса, біздің қоғамды әлеуметтік жағдайы жақсы, рухани сау қоғам деп айта аламыз ба?! Меніңше, жоқ! Мұндай жағдайдың қалыптасуына не себеп, одан құтылудың жолы қан­дай? Осы сұрақ төңірегінде жасаған пайымдарымды Президентке жеткіздім.  – Осы пайымдарыңыз жайлы да айта отырсаңыз? – Қарапайым ғана қағида,  адам өмірде кездесетін қиындықтарға мойы­май, керісінше оны шешуге, қиындықты еңсеруге, көңіл күйін басқаруға дағ­дыландыратын мотивациялық дәріс қажет. Екіншіден, бұл мәселеде қаржылық сауат  жетіспейді. Елдің көбі банкке немесе бір-біріне қарыз. Қарызға батқан адам бақытты ғұмыр кешуі екіталай. Демек, суицидтің бір ұшығы осында жатыр. Осы қарызды адамдар қажеттіліктен емес, ысырапшылдықтан алуы қынжылтады. Сондықтан бұқараға қаржылық сауат, ақшаны үнемдеудің тәсілдерін меңгерту аталған проблеманы шешуге пайдасын тигізер еді. Мектеп бағдарламасына енгізілуі ұсынылған «Тұлғалық даму» пәнінде осының бәрі қамтылатын болады. Шыны керек, осы аталған «сауатты тамақтану», «тайм менеждмент», «қаржылық са­уаттылық», «өзіңе сенімділік», «эмо­циялық интеллект», «адамдармен тіл табысу тетіктерін», «проблемаларға мо­йымай, оның шешу тәсілдерін» бүгінгі таңда көп адам ақша төлеп арнайы курстардан оқып үйренуде. Ал біз осы­ны мектеп қабырғасында үйретудің қажеттілігіне назар аударып отырмыз.  – Қайрат мырза, халық сізді дін адамы ретінде таниды, әрі еліміздегі діни ахуалды жақсы білетін тұлғаның бірісіз. Осыны пайдаланып, елдегі діни тұрақтылыққа қатысты қандай пікір айттыңыз? – Ислам діні қазақ даласына келгеніне 12 ғасырдан асты. Нәтижесінде, қазақ халқының әдет-ғұрып дәстүрі, өзіндік өмір сүру салты, ұлттық құндылықтары ислам дінінің қағидаттарымен жымдасып қатар өмір сүріп келе жатыр. Біз кездері, нақты айтқанда Кеңес кезеңінде осынау сабақтастық үзіліп қалды. Бүгінде имам-молда дін қызметкерлері 14 ғасыр бұрынғы исламды ХХІ ғасырда насихаттауда. Алайда ортадағы 12 ғасырда қалыптасқан тарихи сабақтастықты жоғалтып отыр. Оның басты себебі – бұл бағытта ғылыми жүйелі зерттеу аз. Сондықтан осы мәселемен тыңғылықты айналысатын мамандар шоғырланған Ислам зерттеу институтын ашудың қажеттілігі сезіледі. Және бұл құрылымды мемлекет өзі қаржыландырғаны дұрыс. Міне, бұл – Мемлекет басшысына айтқан кезекті ұсынысым.  – Ислам зерттеу институтының ашы­луына біз  де тілектеспіз. Одан кейін сіз әдебиет пен мәдениетке жақын адамсыз. Бұл жайлы да сөз қозғадыңыз ба? – Қазіргі балалар әдебиеті жайлы өзімді толғандырып жүрген дүниелерді айттым. Өйткені қазіргі жас өскіннің рухани толысуы нашар. Біз балалар әдебиетінің мүмкіндіктерін тиімді қол­дана алмай отырмыз, тіпті енжарлық танытудамыз. Кітап дүкендерінде бала­ларға арналған қазақ тілінде төл әдебиеттер жоқтың қасы. Көбі шет тілінен аударылған дүниелер. Жас шыбықтай өсіп келе жатқан бала төл әдебиетке жарымаса, ол қалай рухани кемелдене алады? Бұл – өте өзекті мәселе. Сондықтан алдағы күндері балалар әдебиетінің сапасын арттырып, мемлекеттік тапсырыс құрамындағы балалар әдебиетіне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту, кітап оқуға жастарды ынталандыру, баспа ісі, қаламгерлермен жүйелі жұмыс істеу, балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу,  тағы басқа маңызды мәселелерді қозғадым. Одан кейін еліміздегі білім беру стандарты бойынша орта мектептерде еңбек пәні оқытылады. Осының тиімділігін арттыру жайлы сөз болды. Менің пайымдауымша, орта мектептерде заман талабына сай жаңа технологияны оқытатын «Робототехника» сыныбы болуы тиіс. Оны айтамыз, республика бойынша барлық мектептерінің 70 пайызында еңбек кабинетінің мате­р­иалдық базасы жоқтың қасы екен. Сон­дықтан болар еңбек пәнінің аты бар да, заты жоқ.  Аптасына бір сағат қана қарастырылған. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың еңбекке құлшынысының азаюына, өмірге бейімделуінің төмен­деуіне, қажетті мамандықты дұрыс таң­дай білмеуіне әкеп соғатын үлкен фактор. Ауылдық жерде мектеп бітірушілердің 30-40 пайызы ЖОО-ға түседі де, қалған 60-70 пайызы үлкен қалаларға келіп күзетші, арба итеруші, құрылысшы, таксист секілді қара жұмыстың құлағын ұстайды. Бұған қолы жетпегендер жеңіл ақша жолында қылмыс жасап, темір торға тоғытылуда. Бұл – үнемі қайталанып отырған үздіксіз процесс. Жоғарыдағы айтқанымыздай, еңбек кабинеттері стандарт бойынша лайықты жұмыс істеп тұрса, ұлдар: ағаш шебері, токарь, слесар, механик, сантехник, дәнекерлеуші, қыздар: дизайнерлік пен ісмерлікті, аспаздық пен қонақ күтушілік секілді мамандықтарды мектеп жасында игеріп, үлкен өмірге нық сеніммен қа­дам басар еді. Және бұл өз кезегінде жұ­мыссыздық пен қылмыстың, ажырасу мен берекесіздіктің азаюына әсерін тигізері анық. Осы мақсатта басқаларға үлгі бол­сын деген ниетпен «Ұлағатты ұр­пақ» қоғамдық қоры демеушілер ар­қылы Тарбағатай, Кеген, Райымбек ау­дандарының мектептеріне қыздарға арналған жеті, ұлдарға арналған екі еңбек кабинетін, 4 робототехника кабинетін, 1 лингафон сыныбын заман талабына сай жабдықтап берді. Егер мемлекет қолдап, көмек беріп жатса, барлық мектептерді стандартқа сай еңбек кабинеттерімен  жабдықтап берер едік. Сөз соңында айтарым, Президент Жолдауында: «Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Сондықтан «Балалар үйірмесі» қыз­метін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіз­дерімен танысар еді» дегеніндей ұрпақ тәрбиесіне, ұлтымыздың рухын өсіріп, өркендеуіне әрбір азамат өз үлесін қосса, хал-қадірінше рухани игілікке қол ұшын берсе, Әлихан Бөкейханов атамыз айтқандай, ел болудың қамын жасап, жыртық-тесігі бүтінделер еді. – Әңгімеңізге рақмет!  

Сұхбаттасқан Әлихан ИСМАН