Қазақстан фермерлері қауымдастығының мәліметіне сүйенсек, елімізде 212 мыңнан астам шаруа қожалықтары бар екен. Оның 50 мыңға жуығы мал өсіріп, бордақылаумен айналысады. Енді фермерлер ірі қара малын ауру мен басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады. Қысқаша айтсақ, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының бастамасымен енгізіліп жатқан сақтандырудың түрі төрт түлікті жұттан сақтау іспетті. Осы уақытқа дейін агроөнеркәсіп кешенінде иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Әуелі мүліктік сақтандырудың жайын айта кетсек. Сақтандырудың бұл түрі фермерлерге ұнай қойған жоқ, сондықтан да көпшілік бұл қызметке жүгінбеген. Себебі төрт түлік тек мүлік ретінде есептеледі. Мал жоғалып кетсе, көлік қақса ғана өтемақы төленген, оның өзі бір машақат. Ал ауру тарап, жұт бола қалған жағдайда мал иесі шығынға батады.
Қазіргі эпизоотиялық жағдайды ескеріп, шетелдік сақтандыру компаниялары еліміздің агроөнеркәсіп саласына арнап сақтандырудың жаңа шартын әзірлеген. Осы шарттар арқылы фермерлер малды өз шаруашылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы індеттен, басқа да қауіп-қатерден сақтандыра алады. Жалпы, қауіп-қатерлердің қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, біреудің қасақана зиян келтіруі мен қауіпті табиғи құбылыстар, жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себеппен жарақаттануы кіріп отыр. Демек, төрт түлікке қандай қауіп болса, жаңа сақтандыру бәрін өз мойнына алуға даяр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сенсек, ірі қара малға қатысты сақтандыру шарттарын әлемдік нарықтағы «А» (жоғары дәреже) рейтингі бар Халықаралық сақтандыру компаниялары ұсынып отыр. Шарт жасасу процесі фермер мен сақтандыру компаниясының арасында WWW. QOLDAU.KZ электронды платформасында жүргізілмек. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Асқар Қалиев болса, жаңа сақтандыру тек фермердің емес, несие берушінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ететінін айтады.
– Қазір елімізде етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мыңдаған шаруа қожалығы етті бағыттағы асылтұқымды ірі қара мал сатып алу үшін жеңілдетілген несиемен қаржыландырылуда. Бірақ мұндай жағдайда фермердің емес, несие берушінің де табан тірер қауіпсіздік тетігі болуы маңызды. Мал шаруашылығындағы сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Нақты айтқанда, сақтандыру шартын жасасқан соң сақтандыру сыйақы сомасының 50%-ын – фермер, 50%-ын мемлекет төлейді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді, – дейді.
Енді сақтандыру шарттарын баяндай кетсек. Сақтандыру тарифі сақтандырылатын малдың санына байланысты. Жалпы, тариф 1,54%-дан 4,62 %-ға дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, фермер өз аумағында 30-дан 99 басқа дейін сақтандырғысы келсе, ол жалпы сақтандыру сомасының 2,31%-ын төлейді. Егер 100 бастан астам малын сақтандыратын болса, тариф 1,54% болады. Егер фермер малын 5 км дейінгі сырттағы қауіп-қатерлерден сақтандыратын болса, онда 30-99 басқа сақтандыру құнының 4,62 %, 100 және 100-ден астам басқа жалпы сақтандыру сомасының 3,08 %-ын төлеуі тиіс. Платформаға тіркелу арқылы фермер сақтандыру компаниясымен бірге малды таңдайды (жүйе жануарларды сәйкестендіру базасымен біріктірілген), сақтандыру сыйақысының 50%-ын төлейді және электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен шартқа қол қояды. Сақтандыру компаниясы шартқа қол қойып, операторға субсидияны төлеу жөнінде өтінім жібереді. Содан кейін оператор қалған 50%-ын төлегеннен кейін сақтандыру шарты күшіне енеді.
– Жалпы, төрт түлікті қауіп-қатерден сақтандыру жайлы фермерлер қанша жылдан бері айтып келе жатыр. Бұл – әлем елдерінде бұрыннан бар тәжірибе. Бізге енді келді. Фермерлерге оңтайлы болайын деп тұр. Бірақ осы уақытқа дейін мал бағатын фермерлердің санын біршама азайтып алдық. 50 мыңға жетпейді. Оған қауіп-қатер мен індеттен сақтандырудың болмағаны да себеп. Есте болса, 2016 жылы Аустралиядан әрқайсысы 3 000 доллар тұратын асылтұқымды сиырларды елге әкелеміз деп жүріп, өлтіріп алдық. Фермерлер шығынға батты. Сол кезде сақтандырудың осы түрі қажет екені сөз болған. Мен толық құптаймын, бірақ нәтижесі қалай болатынын білмеймін. Әлі басталмаған іске сын жоқ. Маған электронды платформа арқылы келісімшарт жасасу әдісі ұнады. Себебі саладағы жемқорлықты алдын алуға септігі тиері анық, – дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуов.
Демек, бөркімізді аспанға атып қуантқан жайт шетел тәжірибесінде бұрыннан бар. Енді ірі қарасын сақтандырған фермерге оқыс оқиға кезінде төлем қалай берілетініне тоқталсақ. Мал иесі ірі қараның не себепті өлгеніне қарай ветеринар, сондай-ақ басқа да осыған қатысы бар әкімдік, полицияны хабардар етуі тиіс. Олар фактіні растайтын анықтама береді. Содан соң фермер құжатты платформаға жүктеп, сақтандыру төлеміне өтініш береді.
Бір өкініштісі, әлі күнге дейін Ауыл шаруашылығы министрлігінде жыл сайын түрлі ауру мен себептерден қанша малдың өлгені жайлы нақты деректер базасы жоқ. Соның әсерінен фермерлердің шығыны да есепсіз. Ал сақтандырудың жаңа түрі оң нәтиже көрсете ме, ол жағы әлі белгісіз. Бірақ бұл індеттің алдын алу, шығын орнын толтырудың амалы ғана.