Шетелде емделу – сирек мүмкіндік
Шетелде емделу – сирек мүмкіндік
227
оқылды
Қанша мұқтаж адамның әлемдік озық клиникаларда емделуіне мүм­кіндік берілмегені айтылмады, бас тартулар статистикасы жоқ. Еліміздің барлық өңірінде азаматтардың шетелде баласын емдету үшін волонтерлар көмегімен немесе өз бетінше қаржы жинап жатқанын ескерсек, шөміштен қағылғаны аз емес. Өз кезегінде қор Денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының шешімі бойынша 2020 жыл басынан бері тек 47 адамның шетелге емделуі мақұл­данғанын айтады. Тағы 5 пациент емделуге жолдама күтуде, себебі ауруханаға жатқызу күні кешірек белгі­ленген. 2020 жылдың 1 қазанындағы жағ­дайға сәйкес ӘМСҚ шетелдік кли­­никалармен 787 миллион теңге сомаға шарт жасасты. Басқаша айт­қанда, әр­бір сырқаттың жатжұрттық ауру­хана-емханадағы емделуі орташа есеп­пен 16,7 миллионға түсіп отыр. Мемле­кет сондай-ақ науқастың және оған еріп жүрушілерінің көлік шығы­­нын өтейді. Қаражат туыс емес донордан сүйек кемігін транспланттауды жүргізуге, ағзаларды транспланттауға, стерео­таксикалық радиотерапияға/радиохи­рургиялық емдеуге, протондық тера­пияға бағытталған. Осылайша, шетел­де емделетін негізгі аурулар трансплан­тация, онкогематология және жеке органдардың онкологиясы профиль­деріне жатады. «Қазақстандықтар 2012 жылдан бері бюджет есебінен шетелге ем­делуге барады. Бұл бағдарлама елі­мізде әлі дамымаған жоғары тех­нологиялық қызмет түрлерін алу мүмкіндігін ұсы­нады. Егер пациент жеке қаражаты есебінен шетелдік медициналық кли­­­никаларға емделуге барса, бұл бағдар­­­лама қолда­ныл­майды», – деді ӘМСҚ. Шетелде емдеудің орындылығы туралы мәселені қарау үшін дертті адам алдымен республикалық денсаулық сақтау ұйымына (ҒЗИ, медициналық орталық) жүгінуі қажет. Ол пациентті шетелге емделуге жіберу туралы қоры­тынды шығарады, құжаттар пакетін ӘМСҚ базасында жұмыс істейтін шетелде емдеуді ұйымдастыру жөнін­дегі комиссияның жұмыс органының қарауына ұсынады. Жұмыс органы туралы ақпаратты мына сілтеме бойын­ша табуға болады: https://fms.kz/ru/content/napravlenie-grazhdan-na-lechenie-za-rubezh. Соңғы шешімді алқалы орган – ДСМ Сараптама комиссиясы қабыл­дайды. Қазақстан Ресей, Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Германия, Испания секілді елдердің алдыңғы қатарлы бейінді клини­каларымен ынтымақтастық орнат­қан.  

Айхан ШӘРІП