МӘМ қызметкерлерінің білігі төмен, мекемелердің күн тәртібі мен жұмыс нормалары сақталмайтыны туралы жиі нарызылық туады. Енді осы аталған кемшіліктерді жою, «құрметпен қамқорлық жасау» әдісін енгізу, балаларды тәуелсіз өмірге дайындау, медициналық, әлеуметтік, психологиялық және коррекциялық қызметтерді жетілдіру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру міндеті тұр.
Сабақты Италияның жетекші мамандарынан даярлықтан өткен мамандар мен Майра Сүлеева басшылық жасайтын мүгедектерді кешенді оңалтуға арналған «Кеңес» орталығының командасы жүргізеді. Оқытудың бірінші кезеңі онлайн-семинар ретінде қарастырылады. Екінші кезең жергілікті жерлерде 8 өңірлік МӘМ-де, атап айтқанда Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Қостанай, Атырау облыстарында және Шымкент қаласында өтетін практикалық сабақтарды қамтиды. Білім беру үшін аймақтарға арнайы мамандар барады, олар балаларға арналған кеңістікті ұйымдастыру, ерекшеліктері, психомоторлық, сенсорлық мінез-құлық, балалардың эмоционалды қабылдауы, жеке даму жоспарлары, дұрыс тамақтану мен қалпына келтіруге дейінгі мәселелерді қамтитын сабақтар өткізеді.
2019 жылы «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы Қазақстанның медициналық-әлеуметтік мекемелерін (МӘМ) қоса алғанда, барлық өңірдегі балаларға арналған 1 350 мекемеге мониторинг жүргізді. Бала күтімі, балаларды дамытудың жеке жоспарларын, күн тәртібін сақтау, емдеу мен оңалту, материалдық-техникалық жабдықтау деңгейінде бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталды, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы «Қамқорлық» КҚ басшысы, «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер істері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес төрайымы Динара Закиева.
Қор басшысы мониторинг барысында анықталған фактілер туралы ақпаратты қоса атады. «МӘМ камераларынан алынған бейнежазбаларды тексерген кезде балаларды басын көтермей, көлденең қалыпта тамақтандыратынын көрдік. Тіпті, өздігінен отыруға дағдыланған баланы жаялықтармен байлап қойған және оларды күн ұзаққа дейін осы қалыпта ұстайды. Сондай-ақ балаларды 2 күн ішінде ең көбі 1,5-2 сағатқа бөлмеден шығарған фактілер анықталды. Қыз баланы 2 күн бойы таңғы 6.40-тан кешкі 8-ге дейін арбадан тұрғызбаған. Арбалардың көлемі баланың жасына, салмағы мен бойына сәйкес болмағандықтан, балалар күні бойы ыңғайсыз күйде отыруға мәжбүр», – дейді Д.Закиева.
Оның айтуынша, «Кеңес анықтаған бұзушылықтар бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен өңір әкімдіктері жабдықтарды жаңартып жатыр. Алайда осы мекемелердің қызметкерлерін оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастыру өте маңызды. Білім беруде заманауи тәсілдер қажет. Тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми дәлелденген тәсілдерді ғана пайдалану керек. Бұл ерекше балалармен жүргізілетін жұмыс сапасын арттырады. МӘМ қызметкерлерін оқыту биылғы жылдың қазан және қараша айларында онлайн форматта өтеді. Осыдан кейін жеті ай ішінде біліктілікті арттыру мамандары еліміздің өңірлеріне барып, білім беруді жалғастырады.