Зауыт жайлы бірер сөз
«С.Киров атындағы зауыт» АҚ сонау 1928 жылы Ресейдің Иванов облысы Александров қаласында құрылған. 1941 жылдың қарашасында Солтүстік Қазақстан облысының орталығына көшірілді. Соғыстың қиын-қыстау күндеріне қарамастан зауыт Қазақстан жерінде алғашқы өнімдерін 1942 жылғы ақпанда шығара бастаған. Содан бері жұмыс істеп тұр. Зауыт – азаматтық және әскери салаға қатысы бар өнімдер шығаратын, заман талабына бейім, бәсекеге қабілеті бар кәсіпорын. Кеңес кезінде танымал болған «Романтик» және «Қазақстан» магнитофондары осы зауытта құрастырылатын. Ал әскерилер өздеріне қажетті жабдықтарды, байланыс құралдарын жасатуға тапсырыс беріп жататын. Қазір де зауыт азаматтық және әскери сала өнімдерін жасауда. «ҚазМұнайГаз» АҚ және «Қазақстан темір жолы» АҚ тәрізді ірі кәсіпорындардың талай тапсырысын орындады. Қорғаныс министрлігінің де әскери тапсырыстарын мүлтіксіз орындап келеді. БТР-лерді командалық-штабтық машина етіп қайта жарақтандыру, әскерге қажетті радиостансалар, радиоэлектронды қорғаныс жүйелерін жасау тәрізді жұмыстар зауыт үшін қалыпты дүние. Зауыттың Техникалық департаментінде екі бірдей конструкторлық, бір технологиялық, бір метрология және сынақ бюросы бар. Қазір зауыт компьютер мен планшет құрастырудан бастап, электр есептеуіш құралдар, темір жол, мұнай мен газ, әскери салаға, тұрмысқа қажет жабдықтар өндіреді. Өз инженерлері, конструкторлары бар кәсіпорында 500 ден астам адам еңбек етеді. Солтүстік Қазақстандағы белді зауыттардың бірі саналатын кәсіпорын серіктестерімен әріптестік барысында кемі 2 000 адамға жұмыс беріп отыр. Бірақ соңғы бірер жылда әскери шенеуніктердің «еркелігі» зауыт жұмысына кедергі келтіре бастаған.Әскерилер ақы төлеуге асығар емес
Негізі, «С.Киров атындағы зауыт» азаматтық мақсаттағы өнімдерді өндірсе де, күнін көре алады. Бірақ біз сөз етіп отырған мәселе әскери тапсырыстарға қатысты болып тұр. Зауыт жанында «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығы» РММ деген мекеменің №14 әскери өкілдігі жұмыс істейді. Осынау орталықта басшылық қызмет атқарған подполковник Мұрат Апбозовтың «еркелігінің» кесірінен зауыт 2017-2018 жылдары орындалған тапсырыстың біраз ақшасын, дәлірек айтқанда 174 млн теңгеден астам соманы Қорғаныс министрлігінен әлі ала алмай жүр. Одан бөлек, 2019 жылғы тапсырысты орындауда тағы «ұтылып» қалды. Оның үстіне, Солтүстік Қазақстан облысы Экономикалық тергеу департаменті араласып, зауыт басшылығының да, жұмысшылардың да берекесін ала бастаған. Себебі зауыт әскерилер үшін радиостанса жасағанда бюджет қаржысын артық жұмсап қойыпты-мыс. Бірақ редакцияға келген зауыт басшылары әр тиынның есебі бар екенін айтады.Еркінсіген подполковник
Егер әңгімені әріден бастасақ, 2017 жылдың 26 мамырында Қорғаныс министрлігі мен «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ БТР базасындағы 4 дана командалық-штабтық машинаны модернизациялау туралы келісім жасасқан. Тапсырысты 2018 жылдың 25 қарашасына дейін орындауға келіскен. «Қазақстан инжинириг» Ұлттық компаниясы» АҚ тапсырысты орындауды акционерлік қоғамға қарасты «С.Киров атындағы зауыт» АҚ-на жүктейді. Тапсырыс құны шамамен 1,7 млрд теңге болған. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындауға зауыт құлшына кіріседі. Зауыт жанындағы Қорғаныс министрлігінің №14 әскери өкілдігінің басшысы М.Апбозовқа командалық-штабтық машиналарға қатысты барлық құжат таныстырылған. Әскери өкіл зауыт басшылары мен инженерлері өткізген әрбір жиналысқа қатысып отырған. Тапсырысты орындау процесімен толық танысқан. Процесс барысында ешқандай ескерту, ұсыныс айтпаған. Оған зауыт цехтарын еркін аралауға және өндіріс процестерімен қалаған уақытында танысуға мүмкіндік берілген. Өйткені мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау кезінде әскери өкілдерге кедергі жасалмауы керек. Сөйтіп, подполковник зауыт тапсырысты аяқтағанға дейін процестермен әбден танысқан. Алайда 2018 жылдың 23 қарашасында М.Апбозов әлгі Р-145БМ машиналарын әскерилер қабылдап алар кезде онда бірқатар кемшіліктер бар екенін алға тартқан Акт әзірлепті. Подполковник радисттің отыратын жерін, құрылғылардағы белгі беретін шамдардың түсін ұнатпаған. Қосымша тағы да біраз ескертуін айтса керек. Сөйтіп, зауыт офицер айтқан ескертулерді түзетуге кіріскен. Алайда подполковник нақты нені өзгерту керек екенін көрсететін жоспар-сызба да ұсынбаған. Жыл бойы үнсіз жүріп, өнімді қабылдайтын кезде «қылық шығарған» офицердің кесірінен зауыт командалық-штабтық машиналарды 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тапсырып үлгермеген. Осылайша, мұндай машиналарды 15 жылдан бері жасап келе жатқан зауыт алғаш рет осылай «таяқ жейді». Қорғаныс министрлігі сот арқылы зауыттан «тапсырысты дер кезінде орындамадыңдар» деп 2 982 445 теңге өндіріп алған. Бірақ кейін подполковник айтқан «ескертулер» түзетілген соң да министрлік 4 БТР-дің ақшасын толық аудармапты. Әлі күнге министрлік зауыт алдында 174 млн 638 мың теңге қарыз. Осыншама соманың айналымнан шығып қалуы жыл сайыт зауытқа 22 млн 703 мың теңге зиян шектіріп жатыр. Өйткені «С.Киров атындағы зауыт» АҚ банктерден несие алуға мәжбүр болған. Ал несиенің жылдық өсімі – 13 пайыз.Зауытты қыспаққа алу күшейді
Екінші оқиға 2019 жылы болған. Қорғаныс министрлігінің зауыттағы өкілі 2019 жылдың 31 қазанында №2 құрастыру цехын жауып тастаған. Ал онда 2019 жылдың күзінде жасалған келісімдерге сәйкес радиостансалар құрастырылып жатқан еді. Сөйтіп, екі күн жабық тұрған цехтардың кесірінен 6 млн 746 мың теңге зиян шегіпті. Дегенмен зауыт Қорғаныс министрлігінің тапсырысын орындаған. 2019 жылыдң 4 қыркүйегінде жасалған №КЕ-ГОС/38(279-ГУС) және № КЕ-ГОС/41(280-ГУС) келісімшарттары бойынша зауыт радиостансаларды жасап, сынақтап өткізіп, әскерилерге тапсырған. Алайда подполковник М.Апбозов 2020 жылдың 17 наурызында зауыт 279-ГУС тапсырысын орындағанда 93 млн теңге, 280-ГУС тапсырысын орындаған кезде 25 млн теңге артық қаржы жұмсады деген шешім шығарған. Сөйтіп, зауыт енді 118 млн теңгені желге ұшырған болып есептеліп отыр. Бірақ зауыт басшылары өнімді жасау барысында кеткен қосалқы шығындарды әскерилер есептемей отыр дейді. Оның үстіне, әскери өкілдік басшысы мәселені СҚО Экономикалық тергеу департаментіне хабарлаған. Енді зауыттың жұмысын солар тексеріп жатыр. Бір атап өтер жайт, М.Апбозовтың өзі 2018 жылдың сәуір айында Қорғаныс министрлігінің бюджеттік өтінімдерін жасағанда радиостансаларды құрастыру барысында кететін қосымша шығынды көрсеткен. Ал өнімді қабылдап алған кезде қосымша шығындарды есептен шығарып тастаған. Соның кесірінен зауыт бюджет қаржысын орынсыз жұмсаған болып шығыпты. Оның үстіне, Экономикалық тергеу департаменті барлық банкке зауытты тексеріп жатқаны туралы хабарлама жолдап, банктер несие пайызын өсіре бастаған. Бірқатар банк зауытқа несие беруден бас тартқан. Қысқасы, қазір зауыт министрліктен ақшасын ала алмай жүргенімен қатар тергеушілердің де назарына ілігіп отыр. Ал бұл шиеленістен қатардағы инженерлер мен жұмысшылар ұтылатыны сөзсіз.Біздің де айтарымыз бар
Әрине, редакцияға келген зауыт өкілдерінің бізге ұсынған құжаттары, айтқан уәждері ойландыратыны өтірік емес. Дегенмен Қорғаныс министрлігінің де айтар уәжі болуы бек мүмкін. Алайда жыл басынан бері қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының дүркін-дүркін Қорғаныс министрлігіне базына айтуына қарап, әскерилер мен кәсіпорындар өзара келісе алмай жүр-ау деген ой келеді. Тіпті, сырт көзге Қорғаныс министрлігі «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ құрамына кіретін зауыттар мен кәсіпорындар өнімдерін көзге ілмей отырғандай көрінеді. «Парамаунт инженеринг» өндірген «Арландарға» қатысты дау бітпей жатып, түріктің Otokar кәсіпорны жасаған 8х8 үлгісіндегі бронды автомобилі бізде сыналатын болғаны айтылды. Әрине, үздік болса жақсы ғой, бірақ тура 8х8 үлгідегі доңғалақты бронды машинаны Қазақстан да жасап жатыр. «Барыс» деген әдемі аты бар оның. Егер «Барыс» сынақтан өтпесе Otokar өнімін жарнамалауға болады. Ал әзірге әскерилер түріктердің көлікті сынау үшін тегін беретінін айтып жатыр. Рас, қорғаныс үшін ең алдымен сапалы дүние керек. Өзіміз нашар, өзгелер сапалы жасаса, амал жоқ олардан аламыз. Алайда мәселенің екінші жағы тағы бар. Қорғаныс деген сала тек қару-жарақ және әскер санымен өлшенбейді. Елдің қорғаныс қабілетінің мықты болуы зауыттарының жұмыс істеп, азаматтарының бақуатты өмір сүргеніне, армия мен халықтың арасындағы байланыстың бекемдігіне, бұқараның әскер мен қолбасшысына деген сеніміне, жол-логистика, резерв, алтын-валюта қоры, аумағының көлемі тәрізді жүздеген факторға байланысты болады. Ал шамасынша қорғанысқа қажетті дүние жасап жатқан зауыттардың өнімін қабылдамай қойғанда сол зауыттағы жұмысшылардың табысы азаятынын, тіпті кәсіпорындар банкрот болуы мүмкін екенін әскерилер білмегені ме? Әлде министр Нұрлан Ермекбаев «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі әскери өкілдіктер орталығы» РММ қызметкерлерінің зауыттарды тығырыққа тірей бастағанынан хабарсыз ба? Біздің пайымдауымызша, әскерилер арасында импорттық техникаға тым құмар шенділер мол сияқты. Әйтпесе, қорғанысқа жұмыс істеп жатқан зауытты тығырыққа тіремеген болар еді. P.S.Айтпақшы, «атақты» подполковник қазір Петропавлдағы зауыттың жанындағы №14 өкілдікті басқармайды екен. Бірақ оның ықпалы әлі де сақталып отырғанын айтады зауыт өкілдері. «Нағыз подполковник» екен-ау деген ой түйдік біз.
Ардақ СҰЛТАН