Сағат алып, сабақ бермей жүр
Әмина Сатай (есімі өзгертілді – авт.) айтуынша, Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қаракөл орта мектебі директоры – денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Алайда өзі сағат алғанымен, сабақ бермей жүр. Әмина Сатайға бұл жағдай туралы ата-аналар хабарлаған. Олардың өтінішімен білім бөліміне қанша сұрау салғанымен, жауап бермеген.«Facebook-ке, Telegram-ға жаздым. Сұрау салдым. Жауап жоқ. Содан газетте жемқорлық тақырыбы көтерілген соң мәселені айтайын деп шештім. Қаракөл орта мектебінің уақытша директоры денешынықтыру сағаттарын алғанымен, сабақ бермеген. Тіпті, оқушыларға арнап ортақ чат ашпаған. Дәлел ретінде ата-аналардың аудиохабарламалары бар. Одан қалса, директор қызметін уақытша атқарушы үш рет біліктілік тестін тапсырған, биыл тағы өтпей қалыпты. Бірақ Қаракөл орта мектебіне директор сайлау туралы конкурстың сұхбаттасу кезеңіне өткен. Толыққанды директор болуға дайындалып жүр. Ал сол директорға ұстаздар күні алғысхат табыстағанда жағамды ұстадым. Аудан балабақшасында төрт рет тестен өтпеген уақытша меңгерушіні басшылыққа сайлайын деп отыр. Қарсылықты қабылдамай, ешкімді жақындатпай жатыр», – дейді ұстаз Әмина Сатай.Сондай-ақ ұстаз Т. Жанұзақов атындағы бастауыш мектепте мектепке дейінгі білім беру мамандығын бітірген адамның директор болып отырғанын тілге тиек етті. Ал өзі жұмыс істейтін Х.Досмұхамедов атындағы мектепте орыс тілі сабағынан информатика пәнінің мұғалімі үш жыл сабақ бергенін айтты. Орыс тілін еркін меңгерген ұстазға осы жауапкершілікті жүктеген екен. Қала берді, информатик орыс тілінен жаңартылған білім мазмұнына сай курсқа қатысқан. Содан Әмина Сатай бұл істі даулап жүріп, біржақты еткен. Оның айтуынша, көп өтпей аталған мұғалім өзін-өзі тану пәнінен бір айлық курс оқып, қазір сабақ беріп жүр. Белсенді ұстаз аудиттік тексерістің қайда қарап жүргеніне таңы бар. Ол осыдан кейін қоғамда ұстаздың беделі түсіп, оқушылар алдында мұғалімнің мәртебесі қалай көтерілмек деп отыр.
«Жұмысқа тұруға 1 млн сұрады»
Шымкент қаласы тұрғыны Зияда Райымқұл (есімі өзгертілді- авт.) өзінен жұмысқа кіру үшін 1 млн теңге сұрап отырғанын айтты. Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру маманының қолында екі дипломы бар. Шарасыз ұстаз ақша таба алмағаннан, жұмыссыз отырғанын атап өтті.Жұмысқа алу мен сағат бөлудің жайына келгенде Қызылорда Шиелі кентіндегі мектеп-лицейдің мұғалімі Эльмира Бақытқызы қазір қолма-қол ақша беру азайғанын айтады. «Факт көп, бірақ ұстатпайды. Kaspi Gold деген бәріне майдай жақты. 18 сағаттың «ставкасы» – 40-50 мың теңге. Ақшаны тиісті адамға аударады, мәселе шешіледі. Лауазымды жұмыстың да құны бар. Мысалы, директордың орынбасары лауазымына уақытша жұмыс істеу 150-200 мың теңге. Карантин кезі болып жанымыз қалып жүр. Тексеру келсе, ақша жинаймыз. Кезінде мектеп-лицей атын алғанда ұжым болып 2000 теңгеден ақша жинаған едік. Одан қалса, кабинеттегі жалюзи мен есіктің құлпына дейін өз қалтамыздан төлейміз. Олимпиададан, аудандық деңгейдегі сайыстардан орын алу жайын да ақша шешеді. Олимпиададан орын алғың келсе, ай бұрын ақша төлейсің», – дейді ұстаз.Ал С.Сейфуллин атындағы орта мектептің Ардагерлер кеңесінің төрайымы Кәмила Халыққызы Жамбыл облысы Талас ауданы білім бөлімі басшылығының жұмысына наразы. Оның дәлелі де бар. Бірнеше рет білім бөлімі басшылығымен соттасқан екен. Аудан, облыс, қала әкімдігіне білім бөлімі басшысы Күлшат Қожатаеваның атынан арыз жазса да, әкімдер қарастырамыз деумен шектелген. Жалпы, аталған білім бөлімі басшысының атына 8 ескерту, 22 хаттама мен 3 млн теңгеге жуық айыппұл салған деседі. Зейнеткер ұстаз мұның бәрін жең ұшынан жалғанған жемқорлық деп отыр.
«Негізі, айтсам, дәлел көп. Мысалы, тамыз конференциясында С.Сейфуллин атындағы орта мектеп директорына Күлшат Қожатаева заманауи құралдармен жабдықталған физика кабинетіне арналған сертификат табыстаған-ды. Құны 7 миллион теңгеден асады. Бірақ зерттеудің арқасында әлі күнге физика кабинетіне құрал-жабдық алынбағанын дәлелдедім. Дәлелдерді бірқатар мекемеге ұсындым. Аталған мектепке «әжетхана салу мақсатында 8 млн теңге бөлініп, орталық су құбырынан құбыр тарттық» деген. Құбыр тұрмақ, жер қазылмаған. Видео-дәлелім бар. Мектептегі мәжіліс залы (актовый залды) жөндеуге 14 млн теңге бөлінген. Сол күйінде тұр. Ал биліктегілер көре тұра көз жұмып отыр», – дейді Кәмила Халыққызы.
Ұстаздардың ұсынысы бар
Мұғалімдер білім саласындағы былықтың беті ашылып, жемқорлықтың жолы кесілгенін қалайды. Олар әрқашан жіптің бір ұшы басшыға келіп тірелетінін айтады. Мәселен, ұстаз Нұргүл Молдабекова мектепте жылына 4-5 рет прокуратуралық тексеріс жүргізуді жөн деп санайды. Оның айтуынша, сонда ішкі ереже, тарификация мен кәсіподақ ақшасына дейін тексеруден өтсе, жағдай бірізге түседі.«Үкіметке, Білім министріне жазып, директорлық лауазымның мерзімін бекіту керек. Директорлық мандатты 3 не 5 жыл атқарса жеткілікті. Егер басшы мектепті гүлдендіріп, нәтиже көрсетсе, басқа мектепке ауыстырған жөн. Саны бар, сапасы жоқ директорларды бірден орнынан алып тастау керек. Осындай жүйеден нәтиже шығады деп ойлаймын», – дейді есімін атағысы келмеген ұстаз.Иә, ұстаздар еркін жұмыс істеп, ойын нақты жеткізгісі келеді. Кейбірі бір істің бетін ашып, жариялай қалса, артынан қудалау болатынын алдын ала біледі. Сондықтан өңірлерде білетінін ішіне жасырып, бұғып қалатын ұстаздар бар. Еліміз интернет пен баспасөз бостандығы бойынша 60 орынға жайғасқаны белгілі. Ал ішкі цензура мен шолақбастықтардың әрекетін кім, қалай бағалайды? Айтпағымыз бұл емес. Бастысы, білім саласындағы жемқорлықтың су бетіне шығып, ұстаздардың «ықты» паналағаны керек. P.S.
Біз өзімізге хабарласқан ұстаздардың пікірін бердік. «Екінші тарап қайда?» дерсіз, бірақ мұндай өткір мәселе көтерілгенде келесі тараптың үнсіз қалатынын немесе мүлдем өзге сылтау айтатынын жақсы білеміз. Тәжірибемізде бар. Сондықтан құзырлы органдар ұстаздардың осы шағымдарына назар аударар деп үміттенеміз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ