ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарды тыңдау қорытындылары және инвестициялар тарту жөніндегі жұмыстардың ұйымдастырылуы туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, импортты алмастыру туралы – «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов, АХҚО-ның өңірлерде инвестициялар тарту мәселелері бойынша тәсілдері туралы АХҚО басқарушысы Қ. Келімбетов баяндады.
Экономика өсімінің қазіргі қарқынын қолдау мен арттырудың аса маңызды шарттарының бірі — инвестициялар тарту және Қазақстан экономикасының капитал сыйымдылығын арттыру. 2024 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ 30% дейін жеткізу көзделген. Бүгінде 2020-2024 жылдары 41 трлн-нан астам теңге инвестиция тартуға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар пулы құрылған. Инвестициялар өсімінің негізгі драйверлері базалық индустрияландыру, АӨК, көлік, туризм және сауда болады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, экономика дамуының озық қарқындарын қамтамасыз ету үшін, елімізге тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жұмысын сапалы түрде күшейту қажет,– деді А.Мамин.
Үкімет басшысы жұмыс істеп тұрған инвестициялық инфрақұрылымды жетілдіруді, ҚР-ның арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарында инвесторлар үшін артықшылықтарды біріздендіруді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуын жандандыруды, жоғары қосылған құны бар экспортқа бағытталған жобалардың үлесін арттыруды тапсырды. «Инвестициялық жобаларды әзірлеу және дайындау мәселесіне неғұрлым сапалы қарау қажет. Ол үшін консалтингтік компаниялардың және ЕҚҚДБ, ЕАДБ, ИДБ, АДБ тәрізді халықаралық қаржы институттарының және басқаларының әлеуетін елімізге көрсетілетін техникалық көмек аясында пайдалану қажет»,– деді А.Мамин.
Отырыста ұлттық экономиканың озық қарқын көрсетуін жалғастырып жатқаны аталып өтті. Биылғы 9 айдың нәтижелері бойынша өсу қарқыны 4,3% құрады. Халықаралық валюта қоры ҚР экономикасының өсу болжамын 2019 жылы 3,2%-дан 3,8%-ға дейін, 2020 жылы 3,2%-дан 3,9%-ға дейін арттырды. Азия даму банкі де ҚР экономикасының өсуі бойынша 2019 жылы күтілетін нәтижелерді 3,5%-дан 3,7%-ға дейін көтерді. Мoody’s рейтингтік агенттігі еліміздің несиелік бағалануын тұрақтыдан позитивтіге арттырды. Дүниежүзілік Экономикалық Форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстанның позициясы 59-дан 55-орынға жақсарды. Қазақстан бойынша Еуропа қайта құру және даму (ЕҚҚДБ) банкінің басшысы А. Прейманис және Қазақстандағы Азия даму банкі (АДБ) өкілдігінің директоры Дж.Капаннелли Қазақстанның экономикалық және инвестициялық саясатындағы оң қарқынды атап өтті. Премьер-Министр өңірлердегі инвестициялық белсенділікті дамыту мақсатында АХҚО құқығымен және оның юрисдикциясын қолданумен құрылымдалған жобаларды іске асыру бойынша мәселелерді пысықтауды тапсырды. «Өңірлерде инвестициялық жобалармен тікелей айналысатын әкімдердің орынбасарлары бар. АХҚО-ның қаржы нарығының қолда бар әлеуеті мен қолданыстағы құралдарын барынша пайдаланудың маңызы зор. Үйлестіру кеңесінің бүгінгі отырысы өңірлердің АХҚО-мен ынтымақтастығының сапалы дамуына бастау болады деп сенемін»,– деді А. Мамин.
Үкімет басшысы орталық мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға және әкімдіктерге инвестициялар тарту бойынша бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізіп, алға қойылған міндеттерді орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.