Қанша кәсіпкер «қара тізімге» ілінді?
Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, жас кәсіпкерлерге қолдау білдіруі керек жобаның Жамбыл облысындағы үйлестірушісі ретінде облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы болып бекітілген. Аталған басқарма бөлінген теңгенің тетігін таптырып, миллиондаған қаржыны мақсатты жұмсауы тиіс еді. Алайда құрылған комиссия мүшелері қаржыны үлестіріп бергенімен, бүгінде жастар жобаларын жүзеге асыра алмай, соңы соттасумен аяқталуда. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында тағайындалған гранттың қаржысын игеруге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мониторинг жасайды. Онда кәсіпкерлердің қаржыны мақсатты пайдалану және уақытылы есеп беру секілді алгоритмдерге баса мән беріледі. Дәл осы мониторинг нәтижесінде 35 кәсіпкердің уақытылы есеп бермегені анықталды. Конкурстық комиссия бұл кәсіпкерлердің есеп беру мерзімін кейінге қалдыру туралы шешім шығарды. Осылайша, олар өткен жылдың 25 желтоқсанына дейін аралық есеп тапсыруға міндеттелді. Кейіннен 16 кәсіпкердің бұл талапқа мойынсынбағаны белгілі болды. Конкурстық комиссияның соңғы отырысында уақытылы есеп тапсырмаған кәсіпкерлердің грант нәтижесінде иеленген қаржысын бюджетке кері қайтару туралы шешім шығарылды. Олардың екеуі былтырғы жылы қаржысын кері қайтарып қойған.«Басқарма тарапынан бұл мәселенің алдын алу үшін барлық қажетті шаралар жүргізілді. Біздің мамандар кәсіпкерлерге хабарласып, есепті уақытылы қайтару туралы ескерту жасап отырды. Біздің тарапымыздан барлығы заң шеңберінде жасалып отыр»,– дейді басқарманың кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бөлімінің қызметкерлері.Осы ретте жобасын сәтті қорғап, дараланған жастардың есеп беруден есе жіберуінің нақты себебін білмекке «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалына хабарластық. Алайда олар тек зерделеу жұмыстарына жауапты екенін айтып, басқа мәселені әкімдік пен басқармаға қарай сілтеді.
Комиссия мүшелерінің шешімі әділ ме?
Әрине, мемлекеттік қолдау ретінде берілген қаржыны мақсатты жұмсаған жөн. Әйтпесе, жастар оны Үкіметке кері қайтаруы тиіс екені түсінікті. Алайда грант алушылардың дені комиссия отырысында көптеген заңсыздықтарға жол беріліп, тамыр-туыстыққа салынып кеткенін айтады. Бұл мәселені Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесі облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына жүргізілген сыртқы талдау қорытындысында да айтқан болатын. Мәселен, «жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беру» бойынша талдау барысында 2019 жылы келіп түскен өтініштерді тіркеу журналдары болмай шыққан. Сондай-ақ конкурстың жекелеген қатысушыларына заңсыз артықшылық көрсету фактілері мен басқалардан негізсіз бас тарту жайттары болған. Атап айтсақ, «Тұңғышбай» ЖК бизнес-жобасын комиссия мүшелерінің көпшілігі қолдамағанына қарамастан мақұлданған. Дәл сондай Aitora ЖШС мен «Қадірман» ЖК бизнес-жобалары бойынша конкурстық комиссияның шешімдері қарсы болғанымен, соңында оң бағаланып кеткен. Одан басқа, комиссия мүшелерінің басым бөлігі оң дауыс бергенімен, грант беруден бас тартудың бірнеше фактілері анықталған. Мысалы, «Жансәуле Мыңтай» ЖК және Agrojem ЖК бизнес-жобалары комиссия мүшелерінің басым дауысын жинағанымен, оларға грант берілмеген. «Қанатбаев А.Б.» ЖК мен «Наушарбан» ЖК-да дәл осындай жағдайды бастан кешкен. Бұл аз десеңіз, мұнда да комиссия мүшелері бола тұрып, өзінің баласына немесе туысына грант жеңіп беру фактісі тіркелген.Жастардың өзі не дейді?
Міне, осындай жайтқа шағымданған бұқара комиссия мүшелеріне шүйліккен болатын. Ал олар «грант берсек, жобаларын жүзеге асыра алмай жатыр» деген дүниені алға тартып, жоғарыда айтқанымыздай бірқатар жастардың құжаттарын сотқа беруге әзірлеп қойған. Алайда болған жайтқа қатысты жастардың айтар өз уәжі бар.– Қаражат қолыма кеш тиді. Сондықтан жобама кірісуде әжептәуір уақыт өткізіп алдым. Нәтижесінде, көкөніс егуді тамыз айында бастадым. Енді өнімді тек қараша айында аламын. Менің жобамды жүзеге асыру үшін 2 миллион 500 мың теңге мақұлданды. Бұл қаржы жылыжай шаруашылығын жүргізуге жетпейді. Сондықтан қажетті материалдарды базардан алуға тура келді. Енді кейбірін арнайы тапсырыспен қарапайым дәнекерлеушілерге жасаттым. Олардың ешқайсысы маған тауар мен қызмет құны көрсетілетін түбіртек бермейді. Осыдан барып есеп беруде қиындық туындады. Ал оған тексеріс тобы қарамай, мені жобасын жүзеге асыра алмай жатқандардың қатарына енгізіп қойыпты. «Қаржы бердік, енді құжат өткіз» деп жанды ала беретін болса, біз бизнесімізді қалай жүргіземіз?, – дейді Мойынқұм ауданындағы жас кәсіпкер Гүлжан Жаманқұлова.Жастың базынасын орынсыз дей алмайсың. Себебі ауылдық жерде жылыжайға қажетті материалды түбіртегімен сатады дегенге кім сенеді? Сырттан тасу үшін ол қондырғы екі есе қымбат түсетіні тағы белгілі. Үнемдеймін деп жүріп есеп беруге үлгермей жатқан жастардың жағдайына басқармадағылар мен басқа арнадағылар түсінік танытуы керек сияқты. [caption id="attachment_81038" align="alignnone" width="807"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Тараздық Диас Әзімбеков те облысқа тың кәсіп түрін әкелуге тырысыпты. Алайда тұтынушылардың болмауынан бүгінде оның бизнесі тұралап қалған.
– Жобама қажетті франшизаны Ресейден сатып алып келдім. Қазақстан нарығына кейіннен келген франшиза ұғымы танымал брендтегі тауарларды, қызметтерді коммерциялық мақсатта таратуға рұқсат беруді білдіреді. Осындай әдіспен Ресейден кофе ыдысын жасаудың әдіс-тәсілін сатып алып келіп, бизнес бастадым. Алайда 1 дананың құны 500 теңге тұратын бұл ыдысты сатып алу Тараз қаласының тұрғындарының қалтасына әжептәуір салмақ салатын болып шықты. Кәсіптің бұл түрі Алматы, Шымкент сынды мегаполистерде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін. Ал бізде қызығушылық төмен. Өнімімді өткізу мақсатымен қаладағы бірқатар кофеханаларға ұсыныс жасап көргенмін. Алайда ешқандай нәтиже болмады. Олардың дені мен секілді франшизамен жұмыс істейтіндіктен ас мәзіріне ешқандай өзгеріс енгізе алмайды екен. Амалым таусылып, енді кәсібімді дайын бизнес ретінде сатқалы отырмын. Соның ақшасымен грант арқылы иеленген 2 миллион 500 мың теңгемді кері қайтаруым керек, – дейді Диас Қанатұлы.Кофе ыдысы өндірісін былай қойғанда, кәдімгі құрылыс шегесін шығару жобасымен грант жеңіп алған Махмудали Мантенов шикізат алуға қаржы таппай шырылдап жүр.
– Құрылыс шегесіне біздің өңірде сұраныс көп. Оны құрылыс базарындағы сатушылар Шымкенттен әкеліп саудалап жүр. Бұл жобаны жасап шығу үшін нарықты бірер апта зерттеп көргендіктен, оның тиімділігіне әбден көз жеткіздім. Алайда конкурстан кейін менің жобама қажетті 3 миллион теңгенің орнына 1 миллион 500 мың теңге ғана мақұлданды. Бұл қаржы шеге шығаратын аппаратқа жетпейтін болғандықтан, 800 мың теңге несие алуға мәжбүр болдым. Жоспар бойынша мен жұмысты наурыз айында бастауым керек болған. Дегенмен республика аумағына төтенше жағдай режимі енгізілген соң аппаратты іске қосатын маман келе алмай қалды, – дейді жас кәсіпкер.Оның сөзіне қарағанда, шеге шығару үшін шикізат ретінде сым темір алу қажет. Оны Таразға Шымкент қаласынан тасымалдау керек. Ондағы сым темірдің 1 тоннасы 250-300 мың теңгеге бағаланады.
– Маған 1 ай қалыпты жұмыс істеу үшін 10 тонна шикізат қажет. Шикізатқа қажетті қаржы көздерін сұрап, облыстық кәсіпкерлік палатасына да, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыстық филиалына да бардым. Олар көмек көрсете алмады. Бізге жоба басталар тұста өндірістік мақсатта алынған құрал-жабдықты кепілдікке қойып несие алуға болады деген. Дегенмен бұл несие шикізат сатып алуға берілмейтін болып шықты. 6 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиеден де қайыр болмай тұр. Айналып келгенде бірнеше айдан бері шеге шығаратын аппаратты сатып алуға алған несиемді төлеудің өзі қиынға соғып жатыр, – дейді Махмудали Көпжасарұлы.Түйін
Жалпы, бұл – жобасын жүзеге асыра алмай, енді мәселесі майшаммен қаралып жатқан кәсіпкерлердің бірқатары. Жобалары дұрыс болғанымен, оған қажетті шикізат пен құрылғының бағасы қымбат болуына байланысты жастар қарызға белшесінен батып жатыр. Ал шығынның орнын толықтай толтыратын сомаға жастар өтінім бергенімен, комиссия мүшелері оның тек бір бөлігін мақұлдаған.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы қазір 16 жастың жобасын сотқа жолдағандарын айтады. Алайда сот процесі қанша уақытты алатыны белгісіз.
Басқарма мен жастар осылайша соттасып жатқанда биылғы жылдың гранттарын үйлестіру жұмыстары да басталып кетті. Алайда биыл жас, әлде өзге тұлғалар деп бөлмей, қаржы барлық жобаларға теңдей қаралуда. Бірақ мұнда да комиссия мүшелері мен гранттарды үйлестіруге қатысты айтылып жатқан сын да, тағылып жатқан мін де көп. Ал бұлардың арасынан қаншасы «қара тізімге» ілініп, жобасы жүзеге аспағандардың қатарына ілінетіні бір Аллаға аян.
Cаятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы