Кісі өлтірген адам сот залынан босатылды
Кісі өлтірген адам сот залынан босатылды
290
оқылды

Қарағандыда облыстық сот фермерді атқан адамға қа­тысты үкімнің күшін жой­ды. Прокурорлар Макаров та­пан­шасымен кісі атып өл­тірген азаматқа жеңіл жаза тағайын­дауды сұраған. Сөй­тіп, кісі өлтірген 44 жастағы кү­дікті сот залынан босап шықты.

Қарағанды облысы Шет ауда­нында былтыр 12 маусымда Са­парғали Мақашов есімді фермерді ауылдасы Макаров тапанша­сы­мен атып, мерт қы­лады. Қарулы қақ­тығысқа екі ауылдастың ара­сын­дағы жанжал себеп болған. Далада кездесіп қалған ауылдасын фермер пай­далы қазбаларды заңсыз өн­дірумен айналысасың деп айып­тайды. Заңға қайшы әре­кетін тоқтатуды талап етеді. Ауыл­дастың әңгімесі шымбайына бат­қан азамат оны тапаншамен атып, оқиға орнынан тайып отыр­ған.
 «Жанжал кезінде әкемді атып өлтірген тапанша 90-жылдары Ресейде полиция қызметкерінен ұрланған болып шықты. Соттал­ған Өскенбеков әкемді жаралаған соң дәрігер шақырмаған, оқиға орны­нан қашып кетті. Ол Мака­ров та­паншасын ғана емес, со­нымен бірге әкем өзімен бірге алып жүр­ген, тіркелген аңшылық мылтығын да ала кеткен. Поли­ция тапаншаны тәркілеген кезде саусақ іздері жойы­лып, кесілген, жарамсыз күйін­де табылды. Өзін-өзі қор­ғаған адам олай жаса­майды», – дейді мерт болған Мақашовтың ұлы Жанат. «Өскенбековтің көлігінде төрт жан, менің әкеммен бірге кө­лікте қазақша түсінбейтін Светлана Харлан мен Александр Ильниц­кийлер отырған. Олар екеуінің не жайында сөйлескенін түсінбеген. Жанжал үстінде Өс­кенбеков жолаушылар жағынан есікті ашып, әкеме оқ атқан», – дейді Жанат Мақашов.
Оқ жамбасқа тиіп, артерияны зақымдап, фермер сол жерде көз жұмады. Тергеуші ҚК-нің 99-бабы бойынша «кісі өлтіру» деген баппен іс қозғап, сотқа береді. Екі куәгердің куәлігіне қарамастан, прокурор Қуаныш Жексенбаев істі ҚК-нің 102-бабы бойынша кісі өлімін «өзін-өзі қорғауды асыра пайдалану» деп бағалайды. Әкесінің кісі қолында қаса­қана өлгенін дәлелдеу үшін Жанат куәгерлерді полиграф детекторы­нан өткізуді сұрайды. Бірақ судья полиграф тұжырым­дары айғақ емес екенін алға тар­тады. Шет аудандық сотының судьясы Амантай Әбдікамалов сотталушы Ж.Өскембековті қауіп­сіздігі төмен колонияда 2 жыл жазасын өтеуге шешім шыға­рады. Бірақ тергеу изолято­рындағы 1 күн қылмыстық іс жүргізу кодек­сінде көрсетіл­ген­дей, колониядағы 2 күнге теңес­тірілгендіктен, сот оны үкім шық­­қан күні қамаудан босатады.
Сот үкімімен келіспеген отба­сы аппелияция­ға берді. Нәти­жесінде, Қарағанды облыстық со­тының алқасы «қасақана өл­тірген жоқ, өзін-өзі қорғауды асыра пай­да­ланды» деген сот үкімінің кү­шін жойды. «Айыпталушы Жасұлан Өскенбековтің әрекетін Қылмыстық кодекстің «адам өлтіру» 99-бабынан «өзін-өзі қорғау шегінен шығу» 102-бабына ауыстырудың заңдылығы мен негізділігі күмән тудырады, өйткені айып­тау актісінде прокурор айып­талушы­ның «адам өлтіру» бабына жататын әрекеттерін си­паттаған. Қылмыстық іс жүргізу кодексін елеу­лі түрде бұзу үкімнің күшін жоюға негіз бо­лып табылады. Іс бойынша мұндай негіздер бар», – деп мәлімдеді алқа төрағасы Рашид Нұрмағамбетов.
Адвокат Дельфуза Келімбетованың айтуын­ша, прокуратура енді барлық заңсыз­дықты жоюы тиіс.
«Біз облыстық соттың шешіміне разымыз. Өлтірілген Сапарғали Мақашов айыпталушы үшін қауіп төндірмеді. Ол қант диабетімен ауыратын. Тіпті, өздігінен қозғала алмай, таяққа сүйеніп жүрді, көру қабілеті нашар болды. Оның көмекшісі Светлана Харлан оған аяқкиімін киюге көмектесетін. Ол сол күні де қасында болып, оқиғаны көзімен көрді. Дегенмен Шет аудандық соты дәлелдемелерді мұқият зерде­лемеді, істің нақты мән-жайы мен Ж.Өскенбек­овтің іс-әрекетіне объективті құқықтық баға берген жоқ», – дейді Дельфуза Келімбетова.
Апелляциялық алқа Шет аудандық соты үкімінің күшін жойды. Қылмыстық іс жіберілген қателіктерді жою үшін про­курорларға қай­тарылды. Айыпталушыға іс про­куратура өндірісінде болған кезде Қарағанды облысынан кетуге тыйым салынды.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы