Күллі қазақ тойласа жарасатын дүбірлі мерейтой өтті. Ол – қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жасқа толуы. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында өткен әдебиет абызының мерейтойына жиналған халықта есеп болмады. Бұл Ұлы дала халқының ұлы перзентіне деген шексіз құрметі болса керек. Ғасырға жуық белесті артта қалдырған абыз Әбе сахнаға көтерілгенде дүйім жұрт аяғынан тік тұрып, қол соғып, қошемет көрсетті.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев мерейтой иесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау лебізін жеткізді. Қырымбек Елеуұлы өз сөзінде «Ұлы Мұхтар Әуезов қайтыс боларының алдында Мәскеуден арнайы хат жазып, онда өзі үміт артатын төрт жас қаламгердің атын атағанын тарихтан жақсы білесіздер. Соның бірі – Әбе-Әбдіжәміл Нұрпейісов бүгінде Алаш жұртының абызына, әдебиетіміздің алтын діңгегіне айналды. Әбе – ешкімге ұқсамайтын жазушы. Басқа қаламгерлер шығармашылығын әңгіме, повестен бастаса, ол бірден роман жазды. Ал «Қан мен тер» трилогиясы әп-сәтте әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылды» дей келіп, әйгілі жазушы Арал проблемасына бүкіл әлемнің назарын аударып, туған жерінің алдындағы парызын еселеп қайтарған қаламгер екенін айтты.
Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай баяндама жасап, мерейтой иесінің белгілі де, белгісіз қырларын ашуға тырысты. Қазақ прозасының ішінде «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлем оқырмандарына алғаш танылған Мұхтар Әуезов болса, одан кейін осы – Әбдіжәміл Нұрпейісов еді. Оның «Қан мен тер» трилогиясы, ондағы образдары бірден елдің назарын аударды. Осы трилогия үшін ең жоғарғы Кеңестер Одағының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ол әлемнің 35 тіліне аударылды. Әрине, осыншама халықтың тіліне аударылған шығармаға айтылған пікірлерді санап шығу мүмкін емес. Сол себепті баяндамашы Смағұл Елубай аудармашы, сыншы Герольд Бельгердің сөзін мысалға келтірді: «Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды» деп өз бағасын беріп кеткенін тілге тиек етті. Одан кейін де әдебиет алыбына арналған ыстық ықыласын білдірген лек толастаған жоқ.
Бір қызығы, Әбдіжәміл Нұрпейісов ел сияқты елу, алпыс, жетпіс, сексен жылдық мерейтойын атап өтпепті. Ал 95 жастың жөні бөлек. Осы уақытқа дейін жазушының көптомдық шығармалар жинағы да жарық көрмепті. Биыл жеті томдығы оқырманға жол тартты. Әлем мойындаған әдебиет алыбы осылайша көпшілікке әдемі қартаюдың үлгісін көрсетті.